• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Мамыр, 2017

Ынта болса, ырыс молаяды

203 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының қоғам тарапынан қызу қолдау тауып, еліміздің ертеңі мен келешегіне берік сеніммен бекем серпіліс туғызып отырғаны халықты барған сайын қанаттандыра түседі. Өмірдің өзінен туындап отырған бұл тарихи құжаттың құндылығы мен мән-маңызы айрықша ерекшеленеді.

Елбасымыз­дың осы мақала­сындағы ХХI ғасырдағы ұлттық сана туралы, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақ­тау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның ре­волюциялық емес, эво­люциялық да­муы, сананың ашықтығы, таяу жыл­дардағы мін­деттер төңірегінде ті­лі­не арқау еткен толымды ойлары мен ұтқыр ұсыныстары адамның жігерін жанып, ынтасы мен ықыласын арттырады. Осыған орай мен Елбасымыздың «Таяу жылдардағы міндеттер» барысында айтқан «Туған жер» бағдарламасы туралы ұсынысын қуана құптаймын. Ес біліп, етек жиған кезімізден ата-бабамыздан бері айтылып келе жатқан «Туған жерге туыңды тік!» деген қастерлі де қасиетті сөз біздің санамызға ата-анамыздың, ұстаздарымыз бен үлкендердің айтуы бойынша берік орнығып қалды. Мұны біз алдыңғы буын ағаларымыз бен апаларымыздың санамызға құйған өсиеті мен өнегесі деп білеміз.  Туған жер десе, етжүрегі ел­жіремей, алпыс екі тамыры иімей тұратын адам баласы жоқ шығар. Кіндік қаны тамған жердің тұғыры кімнің болса да жүрегінің төрінде тұрады. Тым шалғайда жүрсе де санасына сағыныштан сәуле құйып, маздақ отының шырағы болып туған жері жарқырайды. Мұның өзі атамекеніміз Қазақстанымызға деген патриоттық сезімімізді оятып, оған деген оттан ыстық сүйіспеншілігімізді арттыра түседі. Бұдан әрі бұл ұғым мен түсінік туған елмен ұштасып жатады. Мұны Елбасымыз өз мақаласында «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауы­рында ең­бектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Мәселен, «Ауылым-әнім» атты әнді айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл мағынасы өте терең сөздер», деп қалай қисынын дәл тауып айтқан десеңізші. Әрине, туған жер мен ауылдың арасын ешкім де бөле-жара алшақ­тата алмайды. Бұл бір-бірімен жұптасып жатқан егіз ұғым. Ауыл мәселесі мемлекет назарынан ешқашан тысқары қалған емес. Бұған дейін біраз жылдарға «Ауыл жылы» деген атау беріліп, қапысыз қамқорлыққа алынған еді. Сол сияқты «Дипломмен − ауылға!» жобасының ауылға берері мен тигізген пайдасы аз болған жоқ. Халық аталмыш іс-шараларды ыстық ықыласпен қабылдады. Иә, ауыл – ұлтымыздың алтын қазығы әрі қанатын кеңінен жаюға мүмкіндіктің көзін аш­қан түп-тамыры еке­німен ешкім де дауласа алмайды. Сонымен бірге, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі де ауылдың еншісінде екені екінің біріне белгілі. Егін мен мал шаруашылығының үлес салмағын ауыл көтеріп келеді.  Мен басшылық жасайтын Қазақ егіншілігі және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты үлкен ұжым болып саналады. Институт ға­лым­дары егіншілік, өсімдік, бау-бақшалық өнімдердің отандық сорттарын шы­ғарумен 83 жылдан бері айналысып келеді. Сол өндіріске енгізілген сұрыптарды өсірумен және оны одан әрі дамытумен айналысудан ауылдық жерлер қол үзіп көрген емес. Сондықтан да ауыл береке мен молшылықтың қайнар көзі. Енді осы «Туған жер» бағдарламасына сәйкес, ауылдың мерейін өсіру мен мәртебесін көтеруде атқарылар жұмыстар аз емес. Сондықтан, ауылдағы аграрлы саланы инновациялық-технологиялық талаптарға сай өркен­детуге айрықша назар аударылса. «Кооперативтер туралы» заңға орай қосалқы шағын шаруашылықтарды бір жерге шоғырландырса, халыққа сондай тиімді болар еді. Сонда ғана ауылдың тұтастығы артып, ортақ іске жұдырықтай жұмыла түсетін болады. Сондай-ақ, жастардың шаруашылық салаларына маман­дануға және осы бағытта жұмыс істеуге құлшыныстары арта бастайды. Мұның жастардың ауылда тұрақтап қалуына тигізер ықпалы ерекше болмақ. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Елбасымыздың «Туған жер» бағдарламасында берген нұсқаулары мен тапсырмалары сөз бен істің бірлігіне сай орындалып отырса, ауылдың ажары кіріп, қаймағын қалқып алар кезең де алыс емес. Ынта болса, ырыс та қашпайды...

Серік КЕНЕНБАЕВ, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, академик