Беделі зор, берері мол «Назарбаев Университеті» 2010 жылдың 28 маусымында тікелей Елбасының қатысуымен ашылған болатын. Оған себеп, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2006 жылғы «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» атты Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауы. Атап айтқанда, Елбасы Н.Назарбаев «біздің елордада бірегей академиялық ортаны қалыптастыру үшін халықаралық деңгейдегі беделді университет құру қажет» деген ұсыныс жасады. Университеттегі оқу процесі халықаралық білім беру стандарттары негізінде құрылған, бұл Қазақстан Республикасы білім және ғылым жүйесінің қарқынды дамуына және әлемдік деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді. Бұл – қызметі дербестік және академиялық еркіндік қағидаттарына негізделген Қазақстандағы ең алғашқы университет. Аталмыш білім ордасына дербестік мәртебесі «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 19 қаңтардағы Заңына сәйкес берілгенін атап өткен жөн. Оқу ошағының алға қойған міндеті – Қазақстанның халықаралық деңгейдегі тұңғыш зерттеу университеті болу, себебі оның қызметі елдің негізгі басымдықтарының іске асырылуына, оның ішінде зерттеу әлеуетінің жедел қарқынмен өсуіне, елдің индустриалық-инновациялық дамуына, өзгеріп отыратын және жаһандық ықпалдастырылған экономика талаптарына сай келетін білім беруге көшуді қамтамасыз етілуіне байланысты болып отыр. 2010 жылдың қыркүйегінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің білім беру саласындағы айрықша жобаның бірі һәм бірегейі саналатын жаңа университеттің құрылғандығын жариялап: «Жаңа университетті ашу – мемлекетіміздің дамуы мен көптеген қазақстандықтар үшін ғаламдық жүйе құруда айрықша ықпал ететін маңызды ұлттық жоба. Астананың жаңа университеті ең үздік әлемдік білім беру моделі мен ғылыми практикаға пара-пар, қазақстандық өзіндік ерекшелікті үйлестіре байланыстыратын ұлттық брэнд ретінде құрылуы тиіс деп есептеймін», деген еді. Аталмыш университет бүгінде осы мақсат, осы меженің үдесінен шыққандай. Мемлекеттік грантпен оқып, тамақ, жатақхана, интернет, спорт залы сынды түрлі қажеттіліктердің барлығымен тегін қамтамасыз етілген оқу орны студенттерге сапалы білім алудың барлық мүмкіндіктерін қарастырған бірегей университет деуге болады. Бүгінгі уақыттың бізге қойған бір талабы ағылшын тілін еркін меңгеру болатын болса, он жылға толмайтын уақыт ішінде «Назарбаев Университеті» ол қамалды да өзіне бағындырды. Еліміздің ең ерекше оқу орны – «Назарбаев Университеті» Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша құрылғанын құлақтандырдық. Оның маңызды миссиясының бірі – Қазақстанда білім мен ғылыми-зерттеу қызметінің дамуына мүмкіндік беру, сонымен қатар, Астананың Еуразия орталығында зерттеу және білім беру орталығын қалыптастыру. Университет өзіндік білім стандарттары бойынша жұмыс істейді. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған атақты профессорлар дәріс береді. Естеріңізде болса, 2015 жылы университеттің алғашқы түлектерінің қолына диплом беріп тұрып, Мемлекет басшысы: «Менің айтайын дегенім, ең алдымен Отанға еңбек етіңдер. Отанның бергенін он есе қайтаруларың керек», деген еді. Бұл ұлтқа деген ұлы махаббат пен жастарға деген жанашырлықтың негізінде туған аталы сөз бен баталы байлам болса керек. Шекара асып, шетелде оқу қазіргі қазақ баласы үшін таңсық дүние емес. Дегенмен, елден алған еншіңді екі еселеп қайтару әуелі Алланың, содан соң арыңның алдындағы маңызды міндет болып қала береді. Мақтанышымызға айналған маңдайалды оқу ордасының алғашқы түлегі болу деген сезім тіпті ерекше. Біз оны бітіруші түлектердің сөзінен аңғардық. «Бүгін біз үшін өте маңызды күн. Себебі, біз «Назарбаев Университетінің» алғашқы түлегі деген атқа ие болдық. Бұл бір жағынан қуаныш болса, енді бір жағынан ел мен Елбасының артқан үмітін ақтау керек деген жауапкершілікті жүктейді. Осы жолда орасан зор тер төгу алға қойған айрықша міндетім», деді университеттің тұңғыш түлектерінің бірі Бекзат Кеңесова. Аталмыш оқу орны тек ғана бакалавр дәрежесін берумен шектеліп қалған жоқ, 2013-2014 оқу жылында «Назарбаев Университеті» магистратура мен докторантура бағдарламаларына алғаш рет студенттерді қабылдай бастады. Соның нәтижесінде өткен жылдың өзінде магистратура бағдарламасы бойынша 200-ге жуық түлек оқуын тәмамдады. Сол түлектердің көпшілігі ғылым және технологиялар, инженерия, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар, жоғары бизнес, жоғары мемлекеттік саясат мектептерінен білім алды. Назарбаев Университеті студенттердің жайлы жағдайда тұруы мен сабаққа дайындалуы үшін барлық қолайлы жағдайларды жасап отыр. Бөлмелер 4 адамға арналған және барлық қажетті заттармен жабдықталған. Әрбір студентке кереует, шкаф-гардероб, тумбочка, ілгіштер, жалюзи, төсек-орын, ортопедиялық матрас, көрпе, жастық, төсек жапқыш, бет орамал, үлкен орамал қоса беріледі. Әрбір бөлмеде душ бар. Жатақхананың бірінші және екінші қабаттарында студенттердің белсенді демалуына арналған орындар бар, мұнда студенттер бейне және теле бағдарламаларды көре алады, музыкамен, бимен айналысып, үстел теннисін ойнай алады. Бұдан басқа, жатақханада студенттерге медпункт, дәріхана, минимаркет, кір жуатын бөлме, химиялық тазалау, төлем терминалдары қызмет көрсетеді. «Назарбаев Университетінде» студенттерді еңбекке дайындау мен кәсіби дамытуға, сондай-ақ оқу кезеңі ішінде студенттік практиканы ұйымдастыру, НУ-да жұмыс берушілердің презентациясы мен Кәсіби даму бағдарламасын, экскурсиялар, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін және т.б. өткізу арқылы түлектерді жұмысқа орналастыруға бағытталған Студенттерді кәсіптік бағдарлау және дамыту орталығы құрылған. СКБДО қызметкерлері Астана қаласының аумағында және одан тыс жерлерде мұнай-газ секторы, денсаулық сақтау, ғылыми-зерттеу орталықтары, химия өнеркәсібі, министрліктер, үкіметтік емес ұйымдар, зауыттар мен басқа да қызметті қоса алғанда, қазақстандық, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен бірге түрлі салаларда тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді. «Назарбаев Университетінің» студенттері – бұл еліміздің индустриалдық-инновациялық дамуына үлес қоса алатын ұлттық ғылыми және техникалық элитаның жаңа буыны. Осы себептен жұмыс берушілер аталмыш оқу ошағының студенттерінің өсіп дамуын бақылап отырады. Өткен кезеңдегі практиканы талдау компаниялардың НУ студенттерін болашақ кәсіпқойлар ретінде қабылдағанын және оларға әлеуетті қызметкерлер ретінде қарағанын көрсеткен. НУ студенттері Қазақстандағы компанияларда, сондай-ақ шетелдегі компанияларда практикадан өту мүмкіндігін алады. Мысалы, өткен жазда АҚШ, Франция, Испания, Германия, Польша, Үндістан және Оңтүстік Корея елдерінде практика бағдарламалары сәтті өткен. Студенттер кәсіби практиканы өздері таңдап алған кәсіп бойынша практикалық дағдыларды меңгеру, ұйымның ұжымына кіру, мамандармен қарым-қатынас жасау және әлеуетті жұмыс берушілермен кәсіби байланысты орнату сияқты мүмкіндіктерін қарастырды. Жақында Елбасы «Назарбаев Университеті» дербес білім беру мекемесінің президенті Шигео Катсумен кездескен болатын. Кездесуде Мемлекет басшысына білім беру мекемесінің жұмыс нәтижелері туралы есеп беріліп, университеттің құрылғанынан бергі жетістіктері және оны бұдан әрі дамыту жоспарлары жөнінде баяндалды. Елбасына «Назарбаев Университеті» дербес білім беру мекемесі 7 жылдағы өз жұмысы барысында жетекші халықаралық жоғары оқу орындарының үздік тәжірибесін қабылдағаны, сондай-ақ оқу орнында болашағынан үміт күттіретін ең дарынды студенттерді іріктеуге септігін тигізетін меритократия қағидаты енгізілгені мәлімделді. Алдыңғы екі жылда 1000-нан аса түлекті қанаттандырған «Назарбаев Университеті» дербес білім беру мекемесінің биыл үшінші түлектері оқуды тәмамдайды.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
"Егемен Қазақстан"