Осы күні адам өмірін ғаламторсыз елестету мүмкін емес. Жасы да, кәрісі де интернетке «матаулы». Мұның зияны да, пайдасы да бар. Зиянын айтып, зар илеп қайтеміз. Пайдасына тоқталайық. Қазір атыңды шығарып, жұртқа танылудың төте жолы – әлеуметтік желіде белсенді болу. Тек сол жолды дұрыс пайдалана білу қажет. Яғни, жеке бастың емес, қоғамның мүддесіне бағыттасақ болғаны. Мәселен, жарыс десе, делебесі қозып, барған бәсекесінен қоржынын жүлдеге қампайтып қайтатын спортшы қауымның жетістігін неге насихаттамаймыз? Қазіргінің чемпионы – бұрынғының батыры. Ендеше, көпшілік қаһарманын білуі керек қой. Өкінішке қарай, біздің облыста осы жағы кемшін. Жеке федерациялар мен қауымдастықтардың жұмысын сөз етпей-ақ қоялық. Өңір спортының екі тізгін, бір шылбырын ұстап отырған облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасын мысалға алсақ жеткілікті. Сонымен, бұл басқарма интернетті қаншалықты дұрыс пайдалануда? Әлеуметтік желіде белсенді ме? Басқарманың ресми сайтына (http://oblsport-pavlodar.gov.kz/ru/) кірдік. Жаңалықтар бөлімі соңғы рет 5 наурызда жаңартылған. Осы аралықта біздің спортшылар не жарысқа қатыспаған, не барған жерінен сымпиып бос қайтқан. Мекеменің ресми сайтына кірген адам осындай ой түйеді. Жарайды, бұл ресми сайт делік. Ақпаратты таңдап салады. Негізгілеріне назар аударады. Бірақ, өңір спортшыларының жетістігін жалпақ жұртқа жариялап, жар салудың басқа да жолдары бар емес пе..? Жерлестеріміздің жетістігін алғаш болып еститін осы басқарманың мамандары. Ендеше, сол бір сүйінші хабарды көпшілікпен бөлісіп отыру үшін неліктен әлеуметтік желілерден мемлекеттік мекеменің ресми парақшасын ашып қоймасқа? Сөз жоқ, желіге «жабысқандардың» дені сол парақшаға ешбір жарнамасыз-ақ жазылар еді. Себебі, спорт – бәріне ортақ. Бұл саланы түсіну және оңай. Сондай-ақ, қысқа-қысқа спорт хабарларын жұртшылық тез қабылдайды. Өкінішке қарай, облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының әлеуметтік желілерден бірде-бір парақшасын көрмедік. Мәселен, Ақтөбе және Оңтүстік Қазақстан облыстары басқармаларының «Фейсбук» желісінде өз парақшалары бар. Спортшыларының жетістігін сол жерге жариялап отырады. Басқармаға да, жарыстан олжалы оралған оғланға да жарнама, насихат емес пе?! Негізі бар ғой, бір өңірге бір спорт сайты керек. Бұл – бүгінгі күннің талабы. Газет-журнал шығарумен салыстырғанда, сайтты жүргізу әлдеқайда оңай әрі шығынсыз. Оның үстіне оқырманы да көп. Осыны ескерді ме екен, Маңғыстау (http://aktausport.kz/) және Шығыс Қазақстан облыстары (http://vksport.kz/) өздерінің жеке спорт сайттарын ашты. Жап-жақсы жұмыс істеп тұр. Бізге де осындай бір сайт қажет. Осыны облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасы қолға алса, сайт жұмысын дөңгелетіп әкететін мамандар табылады. Бірақ, қайдам. Бұл басқарма – біздің өңірде баспасөз хатшысын ұстамайтын мемлекеттік мекеменің бірі. Басқарманың интернет желісіндегі жұмысының ақсап жатқаны да сондықтан болар... Өзге салалар секілді емес, спорт жариялылықты сүйеді. Чемпиондарды насихаттаумен өңірдің имиджі қалыптасады. Осыны түсінсек екен.
Фархат ӘМІРЕНОВ, журналист
ПАВЛОДАР