Осыған орай жастарды мемлекеттік рәміздерді құрметтеу арқылы патриоттыққа тәрбиелеу, рәміздердің ұлттық мақтанышымыз екенін ұғындыру мақсатында «Фемили» парк алаңында Алматы сервистік қызмет көрсету колледжі көлемді акция ұйымдастырды. 300-ден аса студент атсалысқан шара аясында Әуезов ауданында орналасқан жеті колледждің жастары өз өнерлері арқылы мемлекеттік рәміздерге бас иіп, құрмет білдірді. Бас ұйымдастырушы Алматы сервистік қызмет көрсету колледжінің директоры Ерұлан Қарағұлов шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеп, жастарға Мемлекеттік рәміздердің егемендіктің берік негіздерінің бірі екендігін, халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер екендігін айтты. Бұдан кейін студенттер дайындаған флеш-мобтар мен қойылымдарға кезек берілді. Ал акцияның өтуіне қолдау көрсеткен Алматы қаласының Әуезов аудандық әкімдігі өкілдері ұйымдастырушылар мен өнерпаздарға рахмет айтып, оларды, алғыс хаттар және бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Алмас НҮСІП, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ