Салтанатты шара мемлекеттік рәміздер туралы бейнеролик көрсетумен басталды. Қазақстанның ғасырлар бойы аңсап күткен Тәуелсіздігін алғандығын паш ететін киелі қазынасы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері салтанатты түрде сахнаға шығарылды. Мемлекеттік гимн орындалған соң, Елтаңбаның авторы Мемлекеттік рәміздердің 25 жылдығына байланысты Алматы облысының жұртшылығын құттықтап, жастарға арнаған игі тілектерін білдірді.
Мемлекеттік рәміздер туралы жастардың орындауында жүрекжарды өлеңдер оқылды, патриоттық әндер орындалды. Осы шарадан бастап Мемлекеттік рәміздердің 25 жылдығына арналған онкүндік облыстағы аудан, қалаларды қамтып, 55 патриоттық салтанатты ірі шаралар өткізілетінін атап өткен дұрыс. Сондай-ақ, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен Мемлекеттік рәміздердің 25 жылдығына арналған «Туған жерге туыңды тік» атты жастар марафоны да өтуде.
Мемлекеттік елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібекұлы джиу-джитсудан жастар арасында Қазақстан чемпионы, ережесіз жекпе-жектен Азия чемпионы, WAFC тұжырымы бойынша панкратионнан Еуразия чемпионы Бейбіт Назаровқа Мемлекеттік туды табыс етті. 25 мың шақырымға созылатын марафон аудан, қалаларды қамтып, мемлекеттік рәміздер күнінде аяқталады.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан»
Алматы облысы