• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Медицина 23 Мамыр, 2017

Білімдінің дәурені жеткен кезең

318 рет
көрсетілді

Өзекті де өміршең өн­егеміздің өлмес қағи­да­сын өзек еткен Елба­сы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын оқы­ғанда, кезеңнің кезегін күткен келелі мәселесінің күрмеуін шешетін күрделі дүние екенін түсіндік. Болашақ бағ­дарын парасатпен байыптап, кезегімен келіс­тіре отырып, атты болдыртпай, ар­баны сындырмай, ілгерілей жыл­жудың тиімді тәсілін түйсінтетін тұшым­ды тұспалды да, туғанына жақпаса да тура айтылған ақиқатты да аңғардық. 

Өзіңді-өзің жаттай сыйлағанда жатты жаннан түңілдіру емес, тегіңнің тереңдігін ұғын­дыру, тұңғиығына үңілдіру екенін ерек­­ше тәптіштеп, термелеп, таразылап, тілге тиек, ойға оттық боларлықтай жол сіл­теген.  Толғағы пісіп, толғауы тоқсан толқытқан елдік тілдің тетігін түзейтін әліпбиді өзгер­туд­егі түйткілдің түйіні шешіліп, нар-тәуе­келдің тұсауы кесілгені келешектің көк­жиегін кеңейте түскендей ойымызды серпілтті. Латын әліпбиіне көшу әлемдік үнмен үндесіп, елдік тіл­де тілдесудің яғни, бүтін­деле түсудің басты кепілі бол­мақ. Азаматын білікті ету, бүкіл қоғамның кө­шін көлікті етудің негізі екен­дігінің айшықтала айтыл­ғаны арқаландыра түсті. Ең бастысы, «Ке­мең­герге де кеңес керек» деген хандардан жеткен қа­­ғи­­даның көнер­меге­нін ұғындық. Шығыс дана­лары­ның «Дүниедегі бар нәр­сені білетін – халық. Халық­тың білгенін біле­тін жан әлі анасынан ту­ған жоқ», деген өзекті өсиеті бағдардың өн бо­йында өрбіп отырғандай. Мақалада ақыл айтудан гөрі ақылдасудың, ақылдаса отырып ақылға ақыл қосудың жүйелі же­лісі, даналықтың алтын арқауы үзіл­мегендігін байқатады.  Қос дәуірдің тоғысқан тоғыз та­рауында өз жолыңды айқындау алагеуім аласапыран заманда адасу­дан сақтайтыны сарапталған. Жа­һанданудың жал-жал толқынына жұтылып кетпейтіндей жігерді жанып, намысты қамшылай түскен. Әрбір адам өзін өзі тауып, заманның талабына сай бейімделе бастауы керек дей келе, өзгеру деген өзгеге еліктеу емес, өзін-өзі тану, өзіне-өзі сену, яғни өзіне-өзі келу екендігін ерекше еске салады. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» – ұлы Абай ардақтаған өнегенің жалғасындай өзгені өгейсітпей, өзіңді сыйлата білудің де қыры мен сыры сындарлы оймен бекітілген. Өткеніміздің өрелі өнегесін өркениеттің өріне талпындыратын да өзімшілдік емес, өзімізге ғана тән табиғатымыз, діңі берік діліміз, дәстүрімізге сай дініміз қағидасы дөп басып айтылған.      «Жеті ғаламның сырын біл, жеті жұрттың тілін біл, өз тіліңді қастерлеп, өзгелерге ұғындыр» деген жетелі жұрт­тың деңгейіне қалай жетудің де тәлімді тәсілі егжей-тегжейлі дәйе­гімен дәлелденген.  Өнеріміздің өрісін өсіріп, өнегенің бас­тауындай қастерлеп, рухани асыл мұ­ра­­мыздың деңгейін мойындату  құнды­лық­тарымыздың құнын пайымдата отырып дәріптей білуге де өзіндік мән берілген. Дәстүрдің тозаңынан сілкініп, озы­ғын ойға тоқып, көрпеңе қарай көсілудің, мен­мен­суден, дарақы­ла­нудан, ұрда-жық әпер­бақан мінезден сақ­тайтын халқымыздың «Тар­та же­сең тай қалар, қорқа жесең қой қа­лар» деген есті ескертуі ережеге айнала түскен­дей.  Білімдінің дәурені жеткен, білек­тінің кезі өткен кезеңнің бәсекесіне бә­сіңді жібермеу, үйренгеніңді еліңе үйрете білу біліктіліктің шыңы болмақ.  Дүниені дүр сілкінткен дүлей дауылдың екпіні, тегеуріндінің текпіні санамызды сансыратса да рухымызды күйрете алмады. Қиянаттан қиялай өтіп қияметтен аман қалған қайсар жұрт сүрлеуге сүрініп, шал­ғынға шалынып, соқпаққа соғылып, даму­дың дара жолына ұмтылған ұтымды уақытта тарихтың сабағын саралай, барын бағалай, асылын даралай білудің дара тәсілін та­будың да мәні асты сызыла көрсетілген. «Жел тілегеннің дауылға ұры­на­тыны» ұрда-жық «ұраншыл­дардың» даңғаза дау-дамайынан басталатыны да елеусіз қалмаған. «Кісі елінде күркірегенше, өз еліңде дүркіре» дейтін мақалдың да мә­нін аша түсетін «туған жерге туың­ды тік» бағдарламасы уақыт талабына сұранып тұрған таңдаулы жол деп ұғындық. Дара тұлғаларды тұғырына қон­дыру арқылы жас ұрпаққа үлгі беру де қаперде ұсталған.  Болашақ бүгіннен басталады десек, тұ­тас­тықтың кепілі, көш бастаған көсемнің, сөз бас­таған шешеннің, тамыры терең салтымыздың, рухы биік халқымыздың қадірін қастерлей білу өз­гер­мес өсиетке айналмақ. Демек, аталы сөздің ай­тылмағы – арысқа серт, қабылдануы – халыққа серт. 

Ғалия ҚАЙДАУЫЛҚЫЗЫ АЙУПКЕЛІНІ, «Алтын Арқау» мәдени- этно­графия­лық әйел­дер қоғамдық бірлес­тігінің төрайымы

АЛМАТЫ