Қымызмұрындық – қыстан аман-есен шыққан, жазға салым бие байлап, алғашқы қымыз ішетін күн. Көпке бұйырсын деген тілекпен ауыл қымызмұрындыққа шақырады. Жергілікті Ассамблеяның ұйымдастыруымен өткен мерекеде айнала киіз үйлер тігіліп, шашу шашылып,жиналған жастар жағы алтыбақанда тербелді. «ЭКСПО-2017» көрмесіне орай халықаралық деңгейде ұйымдастырылған шараға «Қымызмұрындық» фольклорлық-этнографиялық сән-салтанатты мерекеге Ресей, Қырғызстаннан Алматы, Қарағанды, Ақмола облыстарынан қонақтар келіп, қазақ қымызынан дәм татты. Омбылық қазақ ұлттық автономиясының өкілдері де омбы қазақтарының қымызын ала келіпті. Аудан ауылдардан келген өнерпаздар әннен шашу шашты. Қолөнер шеберлері өздері жасаған ою-өрнекке толы түрлі ұлттық бұйымдарының көрмесін өткізді.
Мерекеге келген Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Әприза Құсайынованың айтуынша, Қымызмұрындық алғаш рет 1992 жылы Ақмолада өткізіліпті.
«Соңғы кездері елімізде өтіп жатқан тойларда қымыз ішеді. Бүгінгі той мерекесіне кәсіпкерлер Жаңаарқаның қымызын ала келіпті. Бұл мереке Наурыз мейрамы сияқты мәртебеге ие болсын», дейді.
Қымызмұрындықта Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Леонид Прокопенко павлодарлықтарды айтулы мерекемен құттықтап, өзі де қымыздан дәм татты.
«Қымыздың дертке дәрі екенін, нағыз шипалы сусын екенін көрсетуге тиіспіз», дейді Леонид Прокопенко.
Мерекеде жиналған жұртшылық бие сауумен және қымыздың жасалу жолдарымен танысты. Облыстағы атақты «Сағып» шаруа қожалығы Қымызмұрындыққа 1 тоннадан астам қымыз бен құрт әкеліпті.
Фарида Бықай, «Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген: Мақсат Айтбаев