Парламент Мәжілісінде «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң жобасы депутаттар тарапынан қолдауға ие болған еді. Енді аталған заңдық құжатқа сәйкес қазақстандықтар жеке куәліктерін ресімдер кезде және шетелдіктер виза аларда дактилоскопиялық тіркеуден өтулері тиіс. Осыған орай, кеше Орталық коммуникациялар қызметінде дөңгелек үстел отырысы өтті.
Заң жобасы жеке басты сәйкестендіруді жаңа сапалы деңгейге көтеріп, азаматтар құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуі тиіс. Бұл үшін дактилоскопиялық ақпарат ретінде, адамның қол саусақтары мен алақандарының папиллярлық өрнектері құрылымының ерекшеліктері туралы биометриялық деректер арнайы серверлерде сақталады деп күтілуде. Ескерте кететін бір жайт, геномдық тіркеуден бас тартқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға 5 айлық есептік көрсеткіш деңгейінде айыппұл салу көзделген. Тіпті, ел аумағынан шығарылуы да мүмкін. Ал осындай әрекеттерге барған еліміз азаматтары үшін 2 айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл белгіленген.
Заң жобасын жүзеге асыру үшін 2018 бен 2023 жылдар аралығында 36,8 миллиард теңге (100 миллион доллар) жұмсалады деп күтілуде. ІІМ Көші-қон полициясы департаментінің бастығы Серік Сайыновтың сөзіне қарағанда, соттардың, құқық қорғау органдарының, атқарушылық іс жүргізу, анықтау және тергеу органдарының сұрау салулары бойынша жеке басты анықтау; Шекара қызметінің – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өтетін адамдарды сәйкестендіруі және шетелдіктердің ел аумағына келуін есепке алуы мен бақылауы заңмен реттелген. Геномдық ақпаратты жинақтауды ішкі істер органдары Әділет министрлігінің сот және сот-медициналық сараптамасы органдарының ДНК-зертханаларының қатысуымен жүзеге асыратыны белгілі болып отыр.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Статистикалық бюросы мамандарының бағалауынша, 2009 жылы әлемнің 118 мемлекеті биометриялық тіркеуді енгізе бастаған. Мәселен, АҚШ 2004 жылдан бастап азаматтарының төлқұжатына биометриялық мәліметтері бар чип орнатса, сырттан келген азаматтар суретке түсіріліп, саусақ іздері алынады. Мұндай тәжірибе ГФР-де де бар. 2009 жылы Еуропалық одақ тарапынан қабылданған Визалық кодекске сәйкес, Шенген аймағына кірген шетелдіктер міндетті биометриялық тіркеуден өтулері тиіс. Осы жылдан бастап Түркия да азаматтарының саусақ іздерін тіркеуді кезеңімен жүзеге асыра бастады. Үндістан мен Қытай да өздерінде осындай тіркеуді енгізгені белгілі. Ал Ресей Федерациясы 1998 жылы «Мемлекеттік дактилоскопиялық тіркеу туралы» және 2008 жылы «Мемлекеттік геномдық тіркеу туралы» заңдар қабылдады. Мұндай заңдық құжаттар Әзербайжан, Беларусь, Тәжікстан, Молдова және Өзбекстанда қолданыста екендігін айта кеткен жөн.
Қазіргі күні ІІМ Жедел-криминалистік департаменті бастығының міндетін атқарушы Әлішер Мұхамедовтің айтуынша, жеке басты тез және нақты анықтаудың биометриялық мәліметтері сақталатын дактилоскопиялық автоматтандырылған ақпараттық жүйе құрылып отыр. Мұндай жүйелерді жасап шығаратын компаниялар АҚШ, Франция, Жапония, тіпті Беларусьте де бар екен. Ал Қазақстан 20 жылдан бері ресейлік АДИС «Папилон» жүйесін қолдануда. Аталған жүйе дактилоскопиялық ақпаратты кодталған күйінде сақтай алады. Және өзге де халықаралық биометриялық ақпараттарды сақтау жүйелерімен (ФТБ, Интерпол) өзара байланысу стандарттарына сәйкес келеді. Сондықтан да қазақстандық серверлер әлемдік қорғаныштық деңгейлері бойынша барлық талаптарға сай жарақтандырылмақ.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»