• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
08 Желтоқсан, 2016

Жәмиланың жиһазы-ай!

254 рет
көрсетілді

Елімізде алғашқы кәсіпкерлік қозғалыстың қалай қалыптасқаны көз алдымыздан өтті десек, артық айтқандық болмас. Шынын айтқанда, ол қытайдың ала сөмкесін арқалаудан басталған болатын. Сол кезде Қытай мен Түркиядан, Ресейден тауарларды көбінесе әйелдер тасымалдайтын. Қазір енді осы көрініс сап тыйылды. Неге? Себебі, өз елімізде де жақсы тауарлар шығарыла бастады. Бір Астананың өзінде қаншама шағын кәсіпкерлік субъектілері өмірге келіп, халық үшін қажетті заттарды өндіруде. Мәселен, «Ситцевый рай» ЖК төсек жабдықтарын, «ULPA» ЖК матрастар, «Шортанды шұжықтары» ЖШС шұжық өнімдерін, «Шужин» ЖК жарма өнімдерін шығарса, «Vesta» тігін салоны» ЖШС, «KZline» ЖШС, «Байқадам сервис» секілді фирмалар түрлі сәнді киімдер тігіп, тұтынушылар алғысына бөленіп жүр. Бір кездері мекемелер мен халыққа дезинфекциялық қызмет көрсететін «Қазақстан меддез» ЖШС бұл күндері осы қызметпен қатар медицина саласында көптеген гигиеналық заттар шығаратын болды. Қазіргі күні бұлардың барлығы «Халық маркасы» байқауына қатысып, өз өнімдерінің өтімділігін тұтынушылар арасында сынға салуда. Тұтынушы халықтан кім көп дауыс алады, сол жүзден жүйрік атанып, өз бизнестерін одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік алады. Яғни танымалдығын арттыра түседі. Демек, шағын және орта кәсіпкерлер арасында енді сапа үшін, брендтік атақ үшін күрес басталып отыр. Осының барлығы еліміздегі кәсіпкерлік қозғалыстың кеңінен қанат жайғандығының дәлелі. Әрине, бәрін бірдей жазу мүмкін емес. Сондықтан біз осы мақаламызда Аршалы ауданының Астана іргесінде тұрған Жібек жолы кентінде жұмыс істейтін «Жәмила» ЖШС-інің ғана жұмысына тоқталып өтейік. Бұл серіктестіктің құрылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Оның түрлі жиһаздар шығаратын фабрикасы осыдан екі-үш жылдай уақыт бұрын ғана «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының көмегімен аталған ауылдан бой көтерген болатын. Бұл фабрика бір айдың ішінде 15 мың түрлі жиһаз шығаруға қабілетті. Бүгінгі күні «Жәмиланың» өнімдері Астана нарығын кеңінен жаулай бастады. Себебі, шығарған өнімдерінің бағалары арзан. Мәселен мектеп оқушысының үстелі мен орындығынан тұратын жиынтық өнімнің бағасы 8 мың теңгенің арғы жақ-бергі жағында. Мұндай сапалы да арзан өнімді қазір қай жерден таба аласыз? Сондықтан қазір фабрика өнімдерімен таныс біраз жұрт «Жәмиланың жиһаздары-ай» деп тамсанатын болып  жүр. Әсіресе, оның офистерге арналған түрлі жиһаздары, киім ілгіштері сәнділігімен көз тартады. Серіктестік басшысы Ертай Қалияқперовтың айтуына қарағанда, бұл өндіріс орны да алғашқы қызметін сауда саласынан бастаған секілді. Осылайша бірқатар жылдар бойы халыққа қызмет көрсете келе өзі орналасқан өңірдегі рынок жайын жақсы меңгерген. Сонан кейін өз өнімдерімізді шығарсақ деген ой пайда болған. Осы идеяны алға жылжыту үшін сенімді әріптес іздегенде таңдау Алматының «Zeta» өндірістік компаниясына түсіпті. Себебі, «Жәмила» серіктестігі біраз жылдар бойы осы компанияның өнімдерін саудалап, оның өтімділігін аңғарған. Сөйтіп отандық рыноктың ең алдыңғы қатарлы компанияларының бірі «Zeta»-мен әріптестік қатынасқа сүйенген «Жәмила» өзінің өндіріс саласындағы алғашқы қадамдарын сеніммен аршындай бастады. Тек өткен жылдың өзінде ғана 33 миллион теңгенің 157 жаңа дүниесін шығарылуы оның алғашқы қадамдарының өзі сәттілікпен басталғандығын білдіреді. Өйткені, «Жәмила» қазіргі күні өз тауарларымен қатар аталған алып компанияның өнімдерін де саудалап, екіжақты тиімді қатынасқа жақсы демеу болып жүр. Серіктестікте қазіргі күні 130-ға тарта адам еңбек етеді. Астананың іргесінде орналасқан ауылдан осыншама жұмыс орнының ашылуының өзі халық үшін жақсы қолдау екені анық. Алдағы уақытта серіктестік өзінде еңбек ететіндердің санын 200-ге дейін жеткізбек. Жаңа өнімдер шығаруды игермек. Серіктестік қазіргі күні еліміздегі брендтік тауарларды анықтау жөніндегі «Халық маркасы» байқауына қатысуда. Бұл байқаудың жеңімпаздарын онлайн дауыс беру арқылы тұтынушы халықтың өзі анықтайтын болады. Егер «Жәмила» шығаратын бұйымдар түріне тоқтала кетсек, олардың қатарында офистік корпустық жиһаздар, үстелдер мен орындықтар, әртүрлі ыңғайлы да сәнді креслолар, отқа жанбайтын шкафтар, киім ілгіштер, құнды құжаттар мен ақша қаражатын сақтауға арналған сейфтер бар. Серіктестік арнаулы тапсырыс бойынша медициналық кабинеттерге арналған түрлі құрал-жабдықтарды да шығара алады. Жалпы алдағы уақытта өздерінде шығарылатын жиһаздар түрін 180-ге дейін жеткізуді көздеп отыр. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».