...Сонау тоқсаныншы жылдардың басындағы аумалы-төкпелі кезде кәсіпкерлікке бет бұрған санаулы қазақ қыздарының бірі – өскемендік Әния Жамбылқызы Мусина еді. Еңбек жолын “Мәди” фирмасында бас есепшіден бастаған Әния Жамбылқызы әбден ысылып, тиыннан теңге құрауға ізденіс танытқан соң жұбайы Қайрат Маратұлы Мусинге өз ойын білдіреді. Ол кезде Қайрат та кәсіпкерлікке бет бұрып, өз бетінше әрекет етіп жатқан. Банктен ірі көлемде несие алып “Заңғар” үйін сатып алды. Әния сол сауда үйіне директор болды. Амал бар ма, бұл жалған өмір соншама қысқа болар деп кім ойлаған, сауда үйінің қызметін үйлестіріп, елуден астам адамға жұмыс тауып берген сүйкімді де қарапайым келіншек өмірлік жолдасы Қайрат пен үш баласын артқа тастап мәңгілік сапарға аттанып кетті.
“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” демекші, осыдан төрт жыл бұрын Қайрат Маратұлы, достары, туыстары Әнияның бейнесін есте сақтау үшін кәсіпкерлердің спартакиадасын өткізуді қолға алды. Қайрат Мусин кезінде бокспен шұғылданып, спорт шеберлігіне кандидат нормасын орындаған, сан мәрте облыстық, республикалық жарыстарда жүлдегер атанған азамат. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын Қайрат Маратұлының мақсаты – зайыбы Әнияны еске ала отырып жастарды спортқа көптеп тарту, оның бұқаралығын арттыру.
Тағы бір айта кететін жаңалық, жақында ғана Қайрат Мусиннің ұжымы “Парыз” сыйлығының лауреаты атанды.
Құрылысшылардың Мәдениет үйіндегі Әния Жамбылқызын еске алуға арналған кәсіпкерлердің спартакиадасы салтанатты жағдайда ашылды. Оған облыстың алты командасы қатысты. Орталық базар, “Қанжар” ЖШС, “Сулейменов” жеке кәсіпорны, “Дайджест” жарнама, “Марат М” және үш ұйымның командасы (“Ұлан-күзет”, “Заңғар” сауда үйі, “Полисертико” фирмасы) спорттың төрт түрі бойынша үш күн бойы кубокты сарапқа салды.
Теннистен бірінші орынды Құралай Майлышева басқаратын “Дина” орталық базары серіктестігінің командасы жеңіп алды. Екінші орында “Марат М” командасы. Ал үшінші орынға Жомарт Жаңабаевтың “Дайджест” командасы ие болды.
“Көңілді старт” ойындары көпшілікті бір серпілтіп тастады. Мұнда жүлделі орындарға “Марат М” және “Дайджест” жарнама, “Сүлейменов ЖК” ұжымдары ие болды. Команда капитандары Құралай Майлышеваның, В. Нешунаевтың, Әсет Қайырбаевтың, Миржан Құсайыновтың, А. Әміреновтің, Қаныбек Жарулиннің спартакиадаға тыңғылықты әзірліктері аталып өтті. Бұған қосымша ДВД, ДКС-1, ДКС-2, “КМ компания” ойыншылары волейболдан жарыс өткізіп, (барлығы 9 команда) ДВД,ҮМЗ, ДКС жүлдегері атанды.
Сонымен еске алу турнирі аяқталды. Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің бірінші проректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Жеңіс Күлсейітов, тарихшы, жазушы Сағди Қапасов, Қайрат Мусин командалық есепте топ жарған “Марат М” “Дина” сауда үйіне және “Полисертико” серіктестігіне компьютер, тоңазытқыш, факсті сыйға тарту етті. Келер жылы да бұл турнир жалғаспақ.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, Өскемен.