Тәуелсіздік таңында біздің елдің келешегіне күмәнмен қарағандар болды. «Қазақстанда өмір сүре берейін бе, әлде шет елге көшіп кетейін бе?» деген ойда болған адамдар да аз болған жоқ. Елдің болашағына сене алмаған сарыуайымшылдар бүгінгі таңда нақты жауабын алды.
Ал елдің ертеңі жарқын болатынына сеніп, тынбай еңбек еткен жандар бүгінде өз мемлекетінің қол жеткізген табыстарымен мақтана алады, міне, бұл – үлкен табыс.
Кім осы Қазақстанда 25 жыл өмір сүрген болса, барлық процестердің қатысушысы болса, сол адам «Осындай кезеңді бастан кештік, үлкен жетістіктерге жеттік», деп зор мақтанышпен айтуына болады. Шынымен де, бұл – жас тәуелсіз мемлекеттің қалыптасқан және халықтың өсіп-өркендеген кезеңі! 25 жыл түбегейлі өзгерістердің, саяси-экономикалық жаңарулардың уақыты болды. Халықтың рухани әлемі де өзгерді, жаңа көзқарас қалыптасты. Әрбір адам ұлттық құндылықтарын қайта жинаған, өзінің тарихи терең тамырына айрықша мән берген кезең болды. Қай ұлттың өкілі болса да, халықтық байлық болып табылатын тілімен, мәдениетімен, өнерімен қайта табысты. Ел ғана тәуелсіздік алған жоқ, азаматтарымыз да азаттықтың, еркіндіктің, сол арқылы келетін бақыт пен берекенің бағасын білді.
Өзім Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесімін. Бұл ұйымның құрылғанына 21 жылдан асты. Осы кезең ішінде кез келген азамат үшін оның ұлтына, тіліне, тегіне, жынысына, діни көзқарасына қарамастан, моральдық теңдік берген мемлекет қалыптасқанын көре аламыз.
Қазақстан тәуелсіздік жылдары айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Елбасы айтқандай, бұл – жетістіктер мен табыстардың тарихы. Еліміздің жүріп өткен жолында үлкен еңбектің, қажыр-қайраттың өшпес ізі жатыр. Өйткені, біздер небір қиындықтарды жеңе білдік. 1990 жылдардың бас кезіндегі ішкі қаржы дағдарысынан, одан кейін дауылды күнгі теңіздің тау толқындарындай қайта-қайта соққан әлемдік қаржы дағдарыстарынан еліміз аман өтті. Барлық күшті бір арнаға тоғыстырып, бірлесе еңбек етудің арқасында экономикалық кедергілерді еңсеріп қана қоймай, барлық салада табыстарға қол жеткіздік. Сондай кезеңдерде Мемлекет басшысы қаржы дағдарысына қарсы күрес бағдарламаларын қабылдап, атқарылуға тиісті нақты іс-шараларды анықтап берді. Соның нәтижесінде қиын асулардан қиналмай өттік.
Ерекше айта кетерлік бір жайт, қаржы дағдарыстары кезеңінде елімізде, ең біріншіден, әлеуметтік салаларға баса көңіл бөлінді. Кейінге шегерілуге мүмкін болатын кейбір жобаларды қаржыландыру қысқартылғанмен, әлеуметтік салаға бағытталған қаржыны сақтап қалудың барлық жағдайы қарастырылды. Ұлттық қордан да қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде, 2016 жылдан бастап зейнетақы, жәрдемақы, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысы, студенттердің шәкіртақысы көтерілді. Сондай-ақ, аз қамтылған отбасыларды, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға арналған шығыстар да толық сақталды.
Жуырда ғана 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет қабылданды. Президент тапсырмалары негізінде әлеуметтік салаға бағытталатын бағдарламалардың бірде-бірі ешқандай қысқартуға ұшыраған жоқ. Сонымен қатар, қаржы шығыстарына назар салсақ, аграрлық секторды үдемелі дамытуға, индустрияландыру мен шағын және орта бизнесті дамытуға, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріліп отыр. Мұның бәрі халықтың игілігі үшін жасалуда.
Ал енді халықаралық жағдайға тоқталсақ, бүгінгі таңда әлем тынышсыз күйде. Соғыстар жүріп жатқан елдер қаншама? Бір-бірімен дау-жанжалға түсіп, жағдайлары тым шиленісіп кеткен елдер де бар.
Біз ынтымақтастық байланыс орнатқан қай мемлекетпен де жақсы қарым-қатынастамыз. Экономикамыз да әлемдік қаржы айналымымен тығыз байланысты. Бір елде болған келеңсіздіктер бізге де әсер етеді. Айталық, Түркия елі бізбен бауырлас, діні де бір, тілі де бір. Сол сияқты Ресей – бізбен мәңгілік көрші ел. Біз екі мемлекетпен де достық қарым-қатынас жасап келе жатырмыз. Алайда, өткен жылы Түркия мен Ресей арасында түсініспеушіліктер орын алғаны белгілі. Дегенмен, биыл қос елдің президенттері бір мәмілеге келіп, екі жақ бейбіт тоқтамға арқа сүйеді. Түркия мен Ресей арасын ынтымаққа шақыруда біздің Елбасымыздың рөлі айрықша болды. Түрік еліне барған сапарындағы басты мақсаттың бірі де осы деп ойлаймыз. Міне, екі ел бітімге келіп,
Н.Назарбаевтың араағайындық қызметі өз нәтижесін берді.
Бәріміз тыныштықта өмір сүріп жатқан кезде, бейбітшіліктің қадірін жете ұғына бермейміз. Ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау үшін қаншама жұмыстар атқарылып келе жатқанын да ескермейміз. Бұл бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясы, жергілікті басқару органдары да, оқу орындары да және бейбіт тіршілікті сақтауға барлық мүдделі азаматтар да нақты істермен айналысып келеді.
Өмір болған соң, қоғамда әртүрлі жағдайлар болып жатады. Кейбір адамдарды толғандырып жүрген өзекті мәселелер де бар. Олардың күші жетпей жатуы мүмкін немесе кедергілерге ұшырауы ықтимал. Әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысу депутат ретінде біздің парызымыз. Қандай мәселе де біздің елде заң жолымен реттеуді қажет етеді. Осы орайда, Парламент депутаттары өңірлерге арнайы сапарға шығып, сайлаушылармен кездесулер өткізіп тұрады. Сонда халықтың тыныс-тіршілігін өз көзімізбен көріп жүрміз. Бұл өз кезегінде заңдарға өзгерістер енгізу процесінде қандай мәселелерге басымырақ көңіл бөлу қажеттігін айқындап береді. Үкіметтен келіп түскен заң жобаларына енгізілетін көптеген түзетулер, бірінші кезекте тұрғындардың өтініштері негізінде қалыптасады.
Біз тұрақтылықты сақтау арқылы қандай да бір қатерлерден өзімізді сақтандырып отырмыз. Қазақстан көп ұлтты ел болса да, бүгінгі таңда бізде, Аллаға шүкір, бір мемлекеттің азаматтарымыз деген ұғым берік қалыптасты. «Бір ел, бір тағдыр» ұғымы жай ғана бір жобаның формуласы емес, бұл – қазақстандықтардың өз Отанына деген адал перзенттік сезімінің көрінісі!
Біздің Президент әрқашанда алдағыны болжай отырып, нақты іс-шараларды іске асыруға бастама көтереді. Ол халықты біртұтас болып, бір мақсат жолында еңбек етуге біріктіре білді. 2016 жылдан бастап іске асырыла бастаған 5 институттық реформа – «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мемлекетімізге өзінің барлық мүмкіндіктерін пайдаланып, жаңа даму жолын бастауға негіз қалап берді.
Дамыған 30 елдің қатарына қосылу туралы асқақ мұратымыз да, сонымен бірге, тіпті, ойланып-толғануға мәжбүр еткен қаржы дағдарыстары мен басқа да қиындықтар Қазақстан халқын Елбасының идеяларын қолдау жолында бір мақсатқа біріктіре түседі. Тәуелсіздікті нығайтып, Мәңгілік Елді орнату үшін басты қажеттілік – елдің бірлігі, халықтың ынтымағы, азаматтарымыздың еңбекқорлығы және білімді жастардың қалтқысыз қызметі!
Ахмет МУРАДОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты