«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Алматыда өзінің сапарын аяқтады
Ұлан-байтақ даламыздың өзендері мен көлдерін кесіп өтіп, өңірлері мен елді мекендерін шарлаған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Алматыға келіп тұмсық тіреді. Алматы – 45 күнге созылған саяхаттың соңғы стансасы болатын. Осынау ұзақ та мазмұнды сапардың жолаушылары не бітірді? Ел өмірінен не көрді? Әлеуметке қандай пайда, кеңесі тиді? Бұл туралы білгісі келген БАҚ өкілдері көп еді.
Біз «Тәуелсіз Қазақстан» пойызын сәрсенбінің сәтті күні таңертеңгілік «Алматы-2» темір жол вокзалынан сән-салтанатымен күтіп алдық. Батыстан Шығысқа, Шығыстан Батысқа ағылып жатқан пойыздардан бұл пойыздың түрі де бөлек, аманаты да басқа болып көрінді.
Жүйткіп келіп тоқтаған пойыз-
ға Алматы жастары жалаулатып қошемет білдіріп, оркестр ойнап, ақ кимешекті әжелер шашуын ала ұмтылды. Осыдан кейін ығы-жығы көпшілік бірден орнын тауып, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов вокзалды думанға бөлеген халықты сапардың қорытындылауымен құттықтады. «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының тындырған тірліктерін саралады. Осы шараға бір кісідей жұмылған министрліктер мен жергілікті билік өкілдеріне, Қазақстан темір жолына алғысын білдірді.
Ералы Тоғжановтың айтуынша, осы үлкен сапарда 100 миллион теңге көлемінде нақты әлеуметтік көмек көрсетілген. Бұл пойыздың медициналық қызметкерлері Алматы облысында нәрестенің дүниеге келуіне көмектесіп, кіндігін кескен.
– «Ең бастысы, «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемін елге жеткізді. Пойыздағы шараларға қатысқан азаматтар бүгін Тәуелсіздіктің алтын бесігі Алматыға келіп, жұмысын аяқтап отыр. Пойызда 12 министрліктің өкілі болды. Олар әрбір үш күн сайын ауысып отырды. Жинақтап айтқанда, бір айдан астам уақыт ішінде 300 маман жұмыс істеді. Пойыз негізгі міндетін атқарып шықты. Шалғайдағы ағайынның кейбір мәселелерін сол орында білікті мамандар шешіп берді. Басты мерекеміз – Тәуелсіздік күні жақындап қалды. Елімізді осы ұлы мерекемен құттықтаймыз! Үлкен сапардан оралған азаматтарға алғысымызды айтамыз. Егер Қазақстан алып пойыз болса, онда баршамыз сол «Қазақстан» деген пойыздың жолаушыларымыз», – деді Ералы Тоғжанов.
Бұл пойызды күткендердің арасында Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері де бар еді. Соңғы стансадағы салтанаттың сәнін асырған да осы сан ұлттың киімін киген отандастарымыз болды.
Ал Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбай 45 күн бойы аттан түспегендей тоқтаусыз жүйткіген Тәуелсіздік пойызының жолаушыларын 1000 жылдық тарихы бар шаһарға аман-есен жетуімен құттықтады.
Кезегімен сөз алған «Тәуелсіз Қазақстан» арнайы пойыз штабының жетекшісі Әміржан Әлпейісов: «Бұл пойыз Елбасының тапсырмасымен Қазақстан
халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен шыққан болатын. 45 күннің ішінде біз 16 мың шақырым жер жүріп, Елбасының құттықтауын ауыл-аймақ, елді мекендерге жеткіздік. Ондағы ағайынның әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне атсалыстық. Іс-шараларымызға 100 мыңнан астам адам қатысқан, оның ішінде 13 мыңына медициналық көмек, 12 мың адамның жеке бас мәселелерін шешуге, 77 мың адамға консультативтік көмек беріп, Елбасымыздың «Мәңгілік Ел» идеясын, 25 жыл ішінде жеткен жетістігімізді елге жеткізіп, әңгіме-дүкен құрдық. Біз әлеуметтік мәселелерді шешу барысында ұйыған халықты көрдік», – деді.
Дегенмен, Әміржан Әлпейісовтің айтуынша, бұл сапардың жолаушылары шеше алмаған да жайттар болған. Ол көбінесе заңнамалық мәселелерге қатысты болып келмек. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жеңілдетуге қатысты өтініштер бар. Ендігі жерде мемлекеттік деңгейде шешілуі тиісті мәселелер Президент әкімшілігіне жолданады. Шешімін күткен бұл жайттар алдағы уақытта Парламент Мәжілісі отырыстарында қаралатын болады.
«Тәуелсіз Қазақстан» пойызына қатысушылар оңтүстік астанада бірқатар жоспарлы шараларға қатысады деп күтілуде. Алматыда да аталмыш акцияға қатысушы мамандар халыққа медициналық қызмет көрсетіп, мәдени шаралар қойылымын өткізеді және кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығы сұрақтарына қатысты кеңес береді.
Еске сала кетейік, «Тәуелсіз Қазақстан пойызы» 1 қараша мен 14 желтоқсан аралығында еліміздің 35 елді мекенінде халықпен кездесу өткізді.
Бір жарым ай бойы жолда жүрген пойыз жолаушылары құзыреттері жеткенше көмек сұраған, кеңес сұраған халыққа сол арада септігін тигізіп, сауап алуға ұмтылғандары қуантады.
Арнайы пойызды еліміздің әр түкпірінде құлағдар болып, тағатсыздана күткен тұрғындар көп болған. Аяқтары жеткенше тілектерін айтып, ойласатын шаруаларды ортаға салыпты.
Осылайша, қасиетті парыз арқалаған бұл пойыз ширек ғасырда тындырылған тірлікті тұрлаулы ету үшін татулықтың туын түсірмей, ауызбіршілікті сақтауға ұмтылған халқымыздың амандығын біліп қайтты. Енді, олар сол елдің аманатын екшеп, Елбасының, ел ағаларының талқысына салатын болады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Суретті түсірген
Самат ҚҰСАЙЫНОВ