• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
15 Желтоқсан, 2016

Мұнай майталмандары марапатталды

309 рет
көрсетілді

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу қарсаңында «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамында салтанатты жиын өтіп, онда компаниялар тобы қызметкерлері марапатталды. «Аспанда жұлдыз біткен дабыл қақты, Ал жерде мұнаралар шамын жақты. Мұнайшының төгілген тері құсап, Дариялап қара алтыннан ағып жатты...» Иә, салтанатты жиын мұнай­шы­лар­дың осындай рухты жырларымен шымылдығын түрді. Қара сөздің құдіретін түсінетін қазақтың қара балалары қара алтынның да қадірін неге білмесін?! Ел экономикасының күретамыры саналатын бас­ты саланың басы-қасында осындай қайсар рухты жастарымыздың жүргеніне іштей қуанып та, мақтанып та тұрдық. Тұла бойыңды тітіркендірген рухты жырларды жұмысшы-мұнайшылардың жетер жеріне жеткізе жалындата орындауы мереке қарсаңында онсыз да көтеріңкі тұрған көңілді одан сайын көкке ұшырғандай. Тәуелсіз елдің өр ұландарының осындай асқақ рухына тамсанасың әрі риза боласың. Әрине, мұның бәрі – ширек ғасырға жеткен ел Тәуелсіздігінің тартуы, ел егемендігінің ерекше қасиеті, Мәңгілік Елдің мақтанышы. Салтанатты жиынның ашылуында «Қаз­Мұнай­­Газ» ұлттық компаниясының басқар­ма төра­ғасы Сауат Мыңбаев және осы саланың құр­мет­ті ардагері Ұзақбай Қарабалин сөз сөй­леп, қатысушыларды айтулы мерекелерімен құттықтады. «Мұндай күндері біздің жүрегімізді мақтаныш сезімі кернейді және Тәуелсіз Қазақстанның энергетикалық жүйесін құру бағытындағы үлкен де маңызды іске өзіміздің қатысымыз барын терең сезінеміз. Біз жас мемлекетімізбен бірге өсіп, дамып келеміз. Бүгінде «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобында 85 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олар табанды еңбегімен тәуелсіз Қазақстанның игілігін молайтып келе жатқан мұнайшылар мен газ өндірушілер, өңдеушілер мен барлаушылар, өзге де аралас кәсіп иелері. Ал еліміз әлемдік энергетика картасынан лайықты орнын алды», деді «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев. Тәуелсіздіктің ширек ғасырында еліміз мұнай және газ конденсаты өндірісін ұлғайту арқылы әлемдік мұнай-газ саласы «сахнасынан» ойып тұрып орын алды. Оған дәлел, 1991 жылы мұнай және газ конденсаты өндірісі 26,6 млн тоннаны құраса, өткен жылы бұл көрсеткіш 80 млн тон­наға дейін жетті. Әлбетте, жас және тәуелсіз Қазақ­станның қазіргі үлкен жетістігі өз ісіне шын жү­рек­тен берілген, туған жеріне деген жарқын болашақты армандаған алғашқы ізашарлардың зор талпынысы, еңбекқор жұрттың қажыр-қайратынсыз мүмкін емес еді. Олар егемен елі­міз­дің мұнай-газ саласының дамуының басты қа­тысушылары мен алғашқы куәгерлері. Кешегі сал­танатты жиында міне, осындай мұнай майталман­да­ры марапатталып, елдің дамуына қосқан ерен еңбектері еленді. Марапатталғандардың қатарында «Қаз­МұнайГаз» бизнес бағытының басшылары, «Үздік маман» және үздік инновациялық идея­лар конкурсының жеңімпаздары, ҚМГ жас­тар ұйымдарының белсенділері бар. Олар «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдары, Қазақстан Рес­публикасы Энергетика министрлігінің, «Са­мұ­ры­қ­ Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры және «Қаз­МұнайГаз» ҰК» АҚ құрмет грамоталары және алғыс хаттарына ие болды. Жыл бойы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы «KAZENERGY» ассоциациясымен бірігіп рес­публика Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстанның мұнай және газы» атты жобасын дайындаған екен. Бұл жобаға ел эконо­ми­касындағы мұнай-газ саласының тарихи рөлін ай­қын­дайтын – мұнайдың мемлекетіміз үшін м­аңыздылығын келешек ұрпаққа жастайынан түсіндіру мақсатында жазылған балаларға арналған кітап, сондай-ақ, өз еңбегі арқылы тұрақтылықты сақтап, отанымыздың өркендеуіне үлесін қосып отырған қазақстандық мұнайшыларға арналған фотоальбом, сонымен қатар, мұнай-газ индустриясына үлкен үлес қосқан адамдардың тарихи сәттерден айтқан естеліктері мен мұнай саласының болашақ дамуына қатысты ойлары қамтылған фильмдер циклы кіреді. Салтанатты шарада осы деректі фильмнен үзінді көрсетіліп, қатысушыларды өткен­нің тағылымына тамыр тартқызып, тарих тере­ңі­не тағы бір сүңгітті. Ал шара аясында ұйым­дас­тырылған «Тәуелсіз Қазақстан мұнайы» көр­ме­сіне осы жобамен дайындалған альбомның сурет­тері қойылды. Яғни, мұнай-газ саласының және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының дамуына ерекше үлес қосқан мұнайшылардың, мұнай-газ саласында жүрген түрлі мамандық иелерінің портреттік суреттері көлемді форматта көрермен назарына ұсынылды. Бұл көрме «Мұнай майталмандары» деп аталды. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»