Біздің Отанға деген махаббатымызды, сүйіспеншілігімізді ештеңемен теңестіре алмайсыз және мұнымызбен біз ешкімді таңдандыра алмаймыз. Себебі, бұл қанмен берілетін қасиет. Ал Қазақстанды шетелдіктер мақтап жатса ше... онда да анау-мынау емес, кәсіби зиялы қауым өкілдері жылы лебізін білдіріп жатса, төбең көкке жетпей ме! Міне, мұндай сәтте өз елің үшін қуанасың, мерейің үстем болып, кеудеңді шаттық кернейді.
56 жастағы америкалық қаржыгер Марк Хольцманды Қазақстанда туып- өскен кейбір азаматтармен салыстырғанда, оның үлкен патриот екеніне көз жеткіземіз. Алғаш рет ол біздің елімізге сонау 1994 жылы тәуелсіздікке енді ғана қол жеткізіп, алға үлкен мұраттар қойып жатқан кезде келді. Содан бері қаржыгердің тағдыры Қазақстанмен тікелей байланысты.
2016 жылдың маусымынан бастап Марк Хольцман Qazkom-ның басқарма төрағасы. Ол тәуелсіз Қазақстанмен бірге өсіп, бірге дамыған банкті басқарып келеді. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Qazkom басшысы бізбен банктің жылды қалай жапқаны жөнінде және отандық банк секторының даму басымдықтары туралы әңгімелеп беруге келісті.
– Хольцман мырза, сіздің кәсіби қызметіңіз Қазақстанмен бұрыннан байланысты, жағдайды жақсы білесіз. Қазіргі банк секторының ахуалын қалай бағалайсыз?
– Мен 22 жыл бойы Қазақстанда бизнеспен айналысып келемін, қаржы секторындағы көптеген сәтті реформалардың куәсі болғанымды мақтаныш
пен айта аламын. Соңғы маңызды оқиғаның бірі – аймақтық қаржы орталығын құру жоспарын ерекше атап өткім келеді. Менің пайымымша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойып отырған бұл мақсаты дұрыс және оған қол жеткізуге нақты мүмкіншіліктер бар. Бұл жоспар біздің экономикамызға шет ел инвестициясының мол ағынын қамтамасыз етеді, бұл ұлттық экономиканың дамуына қуатты күш әкеледі.
Ал реттеуші ортаның жұмысына келетін болсақ, мен Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышевтың қызметін жоғары бағалаймын әрі бас банктің орасан зор жұмыс атқарып жатқанын атап өткім келеді.
Әрине, банк секторына оңай болған жоқ, түрлі жағдайды бастан өткізуге тура келді. Мысалы, 2008 жылғы дағдарыстан кейін монетарлық билік БТА-ны рекапитализация жасап, жұмыс істемейтін займдарды банк жүйесінің балансынан шығарып тастаудың орнына оны құтқарып қалуға бірнеше рет оқталды.
Егер Испания, Ирландия және Швецияның жүрген жолымен жылжитын болсақ, онда айтарлықтай жетістікке қол жеткізуге болады. Нақты айтқанда, банктегі стресті активтерді жұмыс істетуге негіздеу керек, олардың облигацияларын шығарған абзал. Бұларды кейін банктің жұмыс істемейтін несиелеріне талап етіп, ауыстыруға болады. Бұдан кейін үкімет 3-4 жылдың ішінде бағалы қағаздардың қосалқы нарығына шығып, бұл акцияларды еркін сатып алу ұсыну шартымен бұл банктердің капиталындағы үлесіне – артықшылықты акциялардың 49 пайызына дейін ала алады. Мұндай іс-әрекет банк жүйесін жоғары өтімділік ағынымен қамтамасыз етеді. Банктер экономиканы еркін несиелеуге мүмкіншілік алады, ал бұл өз кезегінде елдегі тұрақтылыққа жол ашады. Ал барлық жұмыс істемейтін заемдер банкте стрессті активтерге шоғырландырылады. Дегенмен, мен бұл банктерге стрессті активтермен жұмыс істеуді сыртқы басқаруға тапсырған дұрыс деген пікірдемін. Менің жеке көзқарасымша, оларды қызығушылық танытқан қандай да бір ұйым басқармағаны абзал.
– Банк секторы және жалпы экономика бойынша сіздің болжамыңыз қандай?
– Мен болашаққа оптимизммен қараймын, әрі ұлттық экономика алдында қуат көзін тасымалдау бағасын қайта қалыптастыру міндеті тұрған жоқ. Өйткені, Қазақстан Жібек жолы бойындағы алғашқы аялдама және мен «Бір белдеу, бір соқпақ» бастамасын қызу қолдаймын. Бұл мемлекеттің басты азиялық сарқылмас қоры бола алады. Мысалы, ірі ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысушы әрі Qazkom-ның клиенті «Иволга» компаниясының болжамынша, қазақстандық өндірісшілер таяуда Қытайға сиыр етін экспорттауды қолға алады. Сондықтан Қазақстан экономикасы туралы айтқанда мен өте оптимистік пиғылдамын.
АҚШ-та Трамптың инаугурациясынан кейін инфрақұрылымдық өзгеріс орын алады және мұнайдан басқа тауарларға сұраныс анағұрлым артады. Мұны Қазақстанның сезінбеуі де мүмкін. Бұған қоса, біздің ең үлкен олжамыз бұл – адами капитал. Қазақстанда білімді, жан-жақты дамыған жастар көп және олардың көпшілігі үш тілде еркін сөйлей алады.
– Біздің банк биыл қандай табыстарымен мақтана алады?
– Qazkom соңғы бірнеше жылда алғаш рет рекордтық табыс тапты. 9 айдың қорытындысы бойынша, шоғырландырылмаған қаржы есебі бойынша – 87 млрд теңге. Біз экономиканың қазіргі жағдайын есепке ала отырып, мұны өте тамаша жетістік деп бағалаймыз.
Банктің тауып отырған бұл табысы барлық міндеттемелерді уақтылы орындауға өтімділік көлемі жеткілікті болғанын көрсетеді. Біздің маусым айы мен қарашада 700 млн АҚШ доллары көлеміндегі еурооблигацияны жапқанымызға қарамастан банктің өтімді активі өсті.
Бұған қоса, 2017 жылдың ақпаны мен маусымында еурооблигацияларды жабу үшін өтімділікке жол ашылып қойды.
Qazkom-ның бұдан басқа табыстарына несиелеу өсімінің анағұрлым артқанын айтуға болады. Биылғы бірінші тоқсанмен салыстырғанда, бөлшек клиенттерге берілген несие 5 есе өсті. Шағын және орта кәсіпкерлікті несиелеу туралы айтар болсам, біздің банк өзге банктерге қарағанда, бұл секторға мол қаржы берді. Соңғы 5 айда ШОБ-тағы ссудалық қоржын өсімі 150 млрд теңгеге жетті.
Сондай-ақ, банктің депозиттік базасының қайтадан аяққа тұруы қуантпай қоймайды: 2016 жылдың басынан ол 6 пайызға – шамамен 3 трлн теңгеге дейін артты. Бұл нарықтағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Qazkom-ның қол жеткізген бар жетістігі биыл мамыр айында қабылдаған банктің жаңа стратегиясы арқасында екенін айтқым келеді. Банктің стратегиясы халыққа және ШОБ-қа қызмет көрсету бизнес-үлгісін қайтадан қарауға, негізгі бизнестің тиімділігін арттыруға, қызмет көрсетудің цифрлы арналарын белсенді түрде дамытуға және филиалдық желідегі қызмет көрсету сапасын арттыруға арналды.
– Qazkom-ға ребрендинг жүргізуге не түрткі болды және осыған орай банкті қандай өзгерістер күтеді?
– Qazkom-ның ребрендингі туралы көп әңгіме айтуға болады. Ең негізгісі бұл біздің клиенттерімізбен бірге, біртұтас екенімізді білдіреді. ХХ ғасырдың басында Қазақстан латын әрпін қолданған және мемлекеттің атауы Q таңбасынан басталған. Сондықтан банктің жаңа атауының жазылуы бір жағынан елдің тарихына деген құрмет, екінші жағынан клиенттерге қызмет көрсетудегі банктің қызметіндегі ірі сапалық өзгерістер.
Өткен жылы біздің банк клиентке қарай мойын бұру жобасын іске қосты. Бұл жобаның негізгі мақсаты – клиенттің ойынан шығу. Яғни, банктік қызметті клиенттер үшін барынша ыңғайлы, пайдалы ету. Біз осы орайда әлемдік тәжірибелерді оқып-үйрендік, нәтижесінде бөлімшелердегі кезекті 7-10 минутқа дейін қысқарттық. Біз банктік үдерістерді автоматтандырдық, қызмет көрсету сапасын жетілдірдік әрі көптеген қызмет түрлерін онлайнға көшірдік. Себебі, біршама банктік операцияларды үйде немесе банкомат арқылы жүргізуге болады. Бүгіндері Алматы мен Астанада көптеген банк клиенттері бөлімшелерге қарағанда, мобильді қосымшалар арқылы банктік операцияларды үш есе көп жүргізеді. Бұған біз Қазақстандағы бірден-бір ең үздік саналатын Homebank және Onlinebank интернет-банкинг жүйесінің мүмкіншіліктері арқылы қол жеткізіп отырмыз.
Сондай-ақ, біз қызметкерлерді ынталандыру жүйесін қайтадан қарастырдық. Бұрындары банкте еңбекті бағалау деңгейі еңбек өнімділігі арқылы есептелмеген-ді. Сөйтіп, Qazkom қызметінде түбегейлі өзгерістер орын алды, енді алдағы 5 жылда банк адам танымастай өзгереді.
– Qazkom-ды технология, кіріс және нарықтық стратегия тұрғысынан алып қарағанда алдағы бес, он жылды қалай елестетесіз?
– Банктік бизнес өте жылдам дамиды және шұғыл өзгерістерге бейім. Жаңа мыңжылдық тұрғындары – жиырмаға енді келгендерді менің тұрғыластырыммен салыстырғанда, өте қатты ерекшеленеді. Әсіресе, банктік өнімдер бәріне бірдей қолжетімді, үлкенге де, кішіге де қажетті, тіпті, алыс ауылдарда өмір сүретіндер еркін пайдалана алатындай деңгейге жеткізу – маңызды мәселе. Біз сіздерге пайдалы қызмет түрлерін, яғни өмірлеріңізді анағұрлым жеңілдететін өнім түрлерін өмірге әкелеміз. Мысалы, біз сіздердің коммуналдық төлемдеріңізді үнемді түрде интернет арқылы төлеуге мүмкіншілік беруді қалаймыз. Бұл әуе билетін сатып алуға да, пиццаның құнын өтеуге де ыңғайлы болады. Біз сіздерді осы қызмет түрін ұсынатындармен тікелей байланыстырғымыз келеді. Сонда сіздер артық шығынға бармайсыздар.
McKinsey & Company-дің банктік стратегиясы жөніндегі жаһандық жетекшісі Миклош Дитц айтқандай, алдағы 10 жылда банктік сектор соңғы 300 жылдағы өзгерістерге қарағанда көп өзгереді. Демек, дамуға бет бұрмаған, ізденіске бармаған банктер коммуналдық қызмет көрсететіндей тиімділігі өте төмен деңгейде қала береді.
Қазір біздің алдымызда клиенттерге төмен бағамен аса үздік өнім ұсынатындай ақылды болу қажеттілігі тұр. Клиенттер бізге келгенде өздерінің ұтатынын білуі тиіс. Біз елдегі жүйе құраушы банк ретінде нарықтың 25 пайызына ие екенімізді асқан мереймен атаймыз және көшбасшының мойнында қандай жауапкершіліктер тұрғанын мейлінше сезінеміз. Біз өз клиенттеріміздің үдесінен шығу үшін және Қазақстанда экономикалық қайта құруларды өмірге енгізіп, оның жемісін жегізуге үлес қосып жатқанымызға аса қуаныштымыз және алға қарай жылжуға бар күш-қайратымызды жұмсайтынымызға сендіргім келеді.
Марк Хольцман 2015 жылдың қаңтарында Qazkom-ның ұжымына Директорлар кеңесінің мүшесі-тәуелсіз директор ретінде қосылды. 2015 жылдың наурызынан 2016 жылдың сәуіріне дейін Директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. 2016 жылдың сәуірінен бастап Qazkom-ның Директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды. Бұрын ол Barclays Capital және ABN AMRO Bank вице-президенті лауазымын атқарды, Колорадо штатының губернаторы Билл Оуенстің кабинеті жанындағы технологиялар бойынша бірінші хатшы қызметін атқарып, Денвер университетінің президенті болған. Оған дейін ол MeesPierson EurAmerica-ның (кейінірек оны ABN Amro сатып алды) құрылтайшысы әрі компанияның президенті және Salomon Brothers компанияның аға кеңесшісі қызметтерін атқарған. 1989 жылдың қыркүйегінен 1998 жылдың қазанына дейін Шығыс Еуропа елдері мен Ресейде тұрған және еңбек еткен. Қазіргі кезде Хольцман мырза аналитикалық технологиялардың негізінде қызмет көрсететін ірі провайдер – TeleTech (NASDAQ: TTEC) компаниясы Директорлар кеңесінің мүшесі және Руанда Республикасында ірі қаржы институты – Bank of Kigali Директорлар кеңесінің төрағасы болып табылады. Lehigh университетінің экономика бакалавры дәрежесінің иегері.Әңгімелескен
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ