• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
15 Желтоқсан, 2016

Баспана бақытына бөленді

202 рет
көрсетілді

Атырауда да тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Жыл басынан бері жалпы алаңы 50 мың шаршы метрді құраған 15 көп қабатты үй бой көтерді. Жаңа баспана бақытына 750 отбасы бөленді. Ал Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында 420 отбасы «Нұрсая» шағын ауданында бой көтерген жаңа үйден пәтер алып, көптен күткен қоныс тойын тойлады. Олардың арасында ата-ана қамқорлығын аңсағандар мен табиғи жауын-шашыннан баспанасы бүлінгендер де, жылдар бойы кезекте тұрғандар мен тұрмысы төмен отбасылар да, бюджеттік мекемелер өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлер де бар. Солардың қатарындағы Лиза Жангереева бұған дейін З.Қабдолов көшесіндегі ескі баспанада тұрыпты. – Біздің тұрған үйіміз 1949 жылы салынып, әбден ескірген болатын. Оған қоса Атырау мұнай өңдеу зауытының санитарлық қорғау аумағында орналасқан. Жаңа қонысқа көшсек деп армандаушы едік. Бүгін сол ойымыз орындалып, бір үйде тұрған 16 отбасы жаңа пәтерге ие болдық, – дейді ол. батыр ана Қатима Дошымбетованың отбасы апатты үйді паналап келіпті. «1960 жылы бой көтерген үйде 40 жыл тұрдық. Сол үйде балаларымыз өмірге келді. Өсті-өнді. Алайда, апатты жағдайда деп танылған соң алаңдаушы едік. Енді алаңдамайтын болдық. Себебі, жаңа пәтер алып, қуанышқа кенеліп тұрмыз. Жаңа баспана алу да бір бақыт қой!», деп ағынан жарыла қуанды көп балалы ана. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ