• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Тамыз, 2011

Әскери шеру: ел айбыны айшықталды

851 рет
көрсетілді

Кеше, Конституция күніне және ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай еліміздің бас қаласындағы «Қазақ елі» монументі алдында ел Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен әскери шеру өтті. Шеру басталмас бұрын сап түзеген лектер мен мінбер алдынан сынаптай сырғыған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтерген ту ұстаушы топ шеру басынан орын алды. Осы кезде Қорғаныс министрі Әділбек Жақсы­беков әскерлердің шеруге әзірлігі ту­ра­лы генерал-лейтенант Мұрат Май­кеев­тің рапортын қабылдаған соң, Қа­зақ­стан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевты Қарулы Күштер әскер­лерінің барлық түрлері мен тектерінің жауынгерлері қарсы алды. «Қазақ елі» алаңынан естілген айбынды дауыс тікелей эфирмен берілген трансляция арқылы бүкіл елге тарап жатты. Осы­дан кейін Елбасы Н.Назарбаев сап түзе­ген әскерлерді аралап, алғаш рет парад­ты өзі қабылдады. Одан әрі Мемлекет басшысы орнына келіп, әскерилер мен барша Қазақстан халқын Конституция күнімен құттықтады. Конституция күніне арналған әс­ке­ри парадта сөйлеген сөзін Елбасы: «Ар­мысыздар, әскерилер!» деп бастады. Азаттығымыздың айшықты айғағы болған Ата Заң – тәуелсіздіктің теңдес­сіз тартуы! Баршаңызды осы ұлық мерекемен – Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын! Халық – би­лік­тің қайнар көзі, Конституция – көп­тің киелі сөзі, деді одан әрі Мемлекет басшысы. Қазақстан халқының қалауымен өмірге келген Негізгі Заңымыз – тәуел­сіз­дікпен егіз ұғым! Біз кемел Консти­туцияны Тәуелсіздік арқылы қабыл­дадық. Ата Заң – біздің азаттық алғалы атқарған барлық істеріміздің алтын таразысы болып табылады. Бүгінде дүние жүзі мойындаған өркенді өнеге­лері­міз Ата Заңымыздың аясында жүзе­ге асып келеді. Біз тәуелсіздік арқылы ғасырлық мәні бар орасан зор жетістіктерге қол жеткіздік. Ұлы далада жаңа тұрпатты қуатты мемлекет құрып, ұлыс­ты ұйыстырдық. Еліміздің іргесін бүтіндеп, шекара­мыз­ды бекемдедік, деп жалғастырды одан әрі өз сөзін Жоғарғы Бас қолбас­шы. Экономикалық әлеуетіміз еселеп артып, шуақты Отанымыз береке мен бірліктің киелі мекеніне айналды. Ар­қа­ның төсінде азаттығымыздың асқақ нышаны болған әсем Астананы тұр­ғыз­дық. Әлем жұртшылығы алдында мерейіміз артып, абыройымыз асқақтады. Елордада өткен ғасыр саммиті, Азиада ойындары, Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ислам үмбетінің басқо­су­лары – бұған дәлел. Біз осылайша тәуелсіздіктің 20 жы­лында Қазақ елін дүние жүзіне паш еттік. Ата Заң арқылы асқар асуларды ал­ған біз бүгінде жаңа кезеңге қадам бас­тық. Еліміз енді инновацияларға негізделген индустриялық даму жолына бет алды. Сондықтан біз баянды істері­міз­дің бастауы болған бас құжатымызды ардақтауымыз керек! Конституция күнін соңғы жылдары өзге мерекеден бөлекше атап өтуіміз бе­кер емес. «Қазақ елі» алаңындағы әскери парад мемлекетіміздің айбынын асырып, қуат-күшін танытатын дәстүр­лі шараға айналды. Ен даланы еркін жайлаған елімізде ежелден ерлердің еншісі Отан қорғау болған! Бабадан құтты мұра болған бұл қастерлі борышты бүгінде антқа адал ерлер атқаруда. Өскелең ұрпақ елі үшін қасық қанын қиған жаужүрек баба­ла­ры­мыздың даңқты жолын лайықты жалғастыруда, деген Президент – Қа­зақ­стан Республикасы Қарулы Күште­рі­нің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұр­сұл­тан Назарбаев одан әрі ел тыныш­ты­ғын қас қақпай күзету мерейлі мәр­те­бе, асқақ абырой екендігін атап көр­сетті. Біздің ұлттық әскеріміз – ұлыс­тың берік қорғаны, тәуелсіздіктің мы­ғым тірегі! Мемлекет айбынды армия­мыздың әрдайым қынаптағы қылыштай бабында болуына зор мән береді. Бү­гінгі шара – соның жарқын айғағы. Біздің еліміз халқымыздың та­рихын­дағы орасан зор оқиға – Қазақ­стан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына жа­қын­дап келеді. Мерекелік салтанаттар са­на­тында Конституция күні айрықша орын алады. Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде патриотизм рухымен жігерленген мерекелік шаралар өтіп жатыр. Біздің азаматтарымызды бүкілхалық­тық мерекемен шын жүректен құт­тық­таймын! Өз сөзінде Елбасы Ата Заңның ел дамуындағы тарихи рөліне жоғары баға берді. Біздің бірлігіміздің қуаты – бұл біздің халқымыздың барлық ұрпақ­та­ры­­ның шынайы байлығы. Қазақстан аза­маттары Тәуелсіздіктің ортақ туы ас­тында достық пен бейбітшілік ру­хын­да өмір сүруде. Қазақстан халқы Ассамблеясының күннен-күнге өсіп келе жатқан рөлі, Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің съездері – мұ­ның бәрі бүкілхалықтық ұйыған келі­сім­нің берекелі жемісі. Конституция бар­лық қазақстандықтарға бірдей мүм­кіндік берді. Біздің Негізгі Заңымыздың басты құндылығы да осында. Біз барлығымыз біріге отырып, жаңа елдің іргетасын қаладық. Мұнда Шығыс пен Батыс мәдениеті ортақ үйлесім тапты. Бар болғаны 20 жылдың ішінде біз табысты экономика құрдық, деді Елба­сы. Бүгінде Қазақстан әлемнің ең қар­қынды дамыған 50 елінің қатарына нық қадам басты. Қазір барлық қала­ларда, аудан орталықтарында, ауыл­дар­да жаңа ауруханалар, бүгінгі заман­ның мектептері ашылуда. Тіпті, жа­һандық дағда­рыс жағдайында біз еңбекақы мен зей­нет­ақыны өсірудеміз. Біздің барлық жетістіктерімізге бір­лік­тің, қоғамы­мыз­дағы келісімнің, ел Конс­титуциясының басты құндылық­та­рын берік сақтауы­мыз­дың арқа­сында қол жеткізілді. Кеше біздің қасиетті жерімізді он­да­ған жылдар бойы қасіретке буып келген Семей ядролық полигонын жабу тура­лы Жарлыққа мен қол қойған күнге тура 20 жыл толды. Біз шын мәніндегі осы тарихи қадам арқылы бүкіл адам­зат­тың ізгілікті дамуына өлшеусіз үлес қостық, деді құттықтау сөзінің соңына қарай Н.Назарбаев. Ор­тақ үйіміздің ты­ныш­тығын көздің қа­ра­шығындай сақтау – сіздердің қасиетті па­рыздарыңыз! Сіздер біздің тәуелсіз Ота­ны­мызды қорғайсыздар, Конституция күзетін­де тұрсыздар! Қазақ­стан – бұл Конституция күні әскери парад өткізетін бірден-бір мемлекет. Бұл біздің қайталанбас дәстүрі­міз. Ол мемлекеті­міз­дің қуатын, біздің бейбіт жетістіктеріміз – қоғамымыздың бірлігі мен тұтастығын паш етеді. Мен сіздердің әр­қайсыларыңызға, өз­деріңіздің жоғары парыздарыңызға лайық болыңыздар дегім келеді! Жау­ын­герлік рухты нығайтыңыздар, әскери шеберлікті арттырыңыздар! Қазақстан­дық шекаралардың қауіпсіздігі мен мыз­ғымас беріктігі сіздердің қолдары­ңыз­да! Қазақстан Қарулы Күштері жасасын! Тәуелсіздіктің 20-шы жылындағы бүгінгі Конституция күнінің маңызы айрықша, деді сөзінің қорытынды­сын­да Елбасы. Бүгінгі мерейлі мереке дү­ние жүзі мұсылмандарының ұлық мей­рамы – Ораза айтпен тұспа-тұс келіп отыр. Еліміздегі мұсылман жамағатын қасиетті мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Ата Заңды ардақ тұтқан өнегелі еліміз өркендей берсін! Тәуел­сіз­дігіміз тұғырлы, Конституциямыз ғұ­мырлы, елдігіміз мәңгі болсын! Ұлттық армиямыздың айбыны арта берсін! Отанымыз – Қазақстан жасасын! Мереке құтты болсын! Елбасының сөзінен кейін әскери шеру басталды. Жаяу және әскери техникамен жылжыған Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштері мен Әскери-теңіз күштерінің, Ішкі әскерлер мен Шекара қызметінің, республикалық Ұлан мен Төтенше жағдайлар министр­лі­гі­нің ең үздік әскери қызметшілері салтанатпен сап түзеп өтті. Биылғы парадтың бір ерекшелігі – тамыз айының 25-інен бастап ел Президенті – Қазақстан Республикасы Қару­лы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбас­шы­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлы­ғы­мен Қарулы Күштерімізде жаңа, жетілдірілген мерекелік және күнделікті киіп жүретін әскери киім үлгіcінің енгізілгендігі. Кеше әскери қызметкерлеріміз шеруде жаңа әскери киім үлгісін тұң­ғыш рет киіп шықты. Екіншісі – қазақстандықтардың бұ­ған дейін бұрын-соңды көрмеген жа­сақ­тар мен жаңа әскери техниканы елі­міздің бас алаңынан алғаш рет та­ма­ша­лауы болды. Конституция күні, ел Тәу­ел­сіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өткен әскери шеруге 2500 әскери қыз­меткер, 130-дан астам қару-жарақ пен әскери техника, сондай-ақ 60-тан астам ұшақ пен тікұшақ қатысты. Қазақстан­дық әскери қызметкерлер құрлықта, әуе­де күрделі әскери техниканы басқа­ру­дың жоғары шеберлігін танытты. Биылғы жылы әскери шеруді Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағам­бетов атындағы республикалық «Жас ұлан» мектебінің жас барабаншылар ро­тасы ашты. Олардан соң Қорғаныс министрлігі Орталық аппаратының офицерлері мен Қазақстан армиясының басты соққы бере алатын Құрлық әс­кер­лерінің офицерлері жүріп өтті. Бұларды өкше­леп салтанатты сап түзе­ген «Оңтүстік» және «Шығыс» өңірлік қолбас­шы­лы­ғының әскери қызметші­ле­рі көрінді. Шеруді ракета және артиллерия есептоптары жалғастырды. Одан кейін мінбер алдында сап түзеп «Батыс» өңір­лік қолбасшылығы әскери қызмет­кер­лері мен Құрлық әскерлерінің те­ңіз жаяу әскері өтті. Қазақстандық «қара береттер» бригадасы тұрақты дайындықтағы құрамалар арасында үздіктер санатында. Игі жауынгерлік дәстүрлері мен ерлікке толы тарихы теңіз жаяу әскерінің мақтанышы. Олар­дың ұраны «Біз қайда болсақ, жеңіс сонда!» Таяу арада «Батыс» өңірлік қол­басшылығының жеке құрамы «Орта­лық-2011» халықаралық жедел-страте­гиялық жаттығуларында тағы бір сынға түсіп, шеберліктерін ортаға салады. Одан әрі алаңға Қарулы Күштер Жоғарғы Бас қолбасшысының резерві – Аэроұтқыр әскерлері шықты. Олардың ұраны «Бізден басқа ешкім емес!» Де­сантшылар үнемі жауынгерлік әзірлікте тұрады. Ұлттық мүддені көздейтін кез келген тапсырманы орындауға қашанда дайын. Әскери шеруге тұңғыш рет мергендер жасағы қатысты. Салқынқандылық, төзімділік, құралайды көзге атқан дәлдік – міне, бұл жасаққа қажетті қа­сиеттер. Сондай-ақ, шеруде Құрлық әскерлерінің таулы-атқыштар бригада­сы­ның әскери қызметшілері де алғаш рет жүріп өтті. Құрама таулы жағдайда дұрыс ұрыс жүргізуі үшін барлық қа­жетті заманауи жабдықтармен қамта­масыз етілген. Биылғы әскери шеру қатысушы­лары­ның әртектілігімен ерекшеленді. Әйел әскери қызметшілердің екі жаса­ғы көз қызықтырды. Бірінші болып мінбер алдынан санитарлық нұсқаушы­лар­дың топтастырылған ротасы өтсе, екінші болып әскери азаматтармен бір сапта қолға қару алып жауынгерлік тапсырма орындауға әзір әйел әскери қызметшілердің жасағы көрінді. Олар жауынгерлік әзірлікті қамтамасыз етуге және Қарулы Күштердің ұрысқа қабілеттілігін арттыруға лайық. Әйелдердің парадтық есептобын әуе шебін қорғаушы – Әуе қорғанысы күш­тері мен еліміздің әуе кеңістігінің қауіп­сіздігін сенімді қамтамасыз етуші әскер тегі – Әскери әуе күштері ауыстырды. Шеруді офицер кадрларын даярлау­дың ұстаханасына айналған Құрлық әскерлері Әскери институтының, Ра­дио­электроника және байланыс әскери-инженерлік институтының, екі дүркін Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күш­тері Әскери институтының курсант­тары жалғастырды. Қазақстан армиясының болашақ офи­церлерінің легінен кейін Шоқан Уә­лиханов атындағы Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сы Қорғаныс министрлігінің Кадет корпусы ротасы жүріп өтті. Мінбер деңгейіне Әскери поли­ция­ның топтасқан ротасы жақындады. Әс­кери полиция органдарының мақсаты тәртіп сақтауды қамтамасыз ету, қыл­мыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, ескерту, анықтау және ашу болып табылады. Қазақстан Қарулы Күштері өкіл­дерінен кейін алаңға Отанымыздың шебін қорғаушы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясының, Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік ко­митетінің, Төтенше жағдайлар ми­нистр­лігінің, республикалық Ұланның жасақтары сап түзеді. Шеруге қаты­сушылардың барлығы Ата Заңымызда көрсетілген біздің Отанымыз бен ел Тәуелсіздігін сақтау, қазақстандық­тар­дың құқы мен бостандығын қорғау күзетіндегілер. Жаяу жасақтар шеруін Қазақстан әскери құрамалары мен бөлімдерінің қа­ру-жарағы мен әскери техникасы жал­ғастырды. Мінбер алдынан Қарулы Күш­тер тектерінің, атап айтқанда, Құ­р­лық әскерлері, Әуе қорғанысы күш­тері және Әскери-теңіз күштерінің тулары желбіреді. Биыл бұрын көр­сетіліп жүр­ген техникалармен бірге, жуырда қа­был­данған жаңа техникалар өз қуат­тарын көрсетті. Бірінші болып Құрлық әскерлері өздерінің ең басты соққы күштерін ұсын­ды. Бас алаңнан Қарулы Күш­тер­дің негізгі танкісі – Т-72Б-нің 10 бірлігі жүріп өтті. Бұдан соң Құрлық әскер­лері қаруының жаңа үлгісі, парадқа тұңғыш рет қатысып отырған – танкке қолдау беретін жауынгерлік маши­на­лары көрінді. Машина жауынгерлік тәжірибе негізінде жасалған. Жоғары қорғаныс қабілетімен, отты қуатымен және жеңіл басқарылуымен ерекшеленеді. Әскери техниканың маршын ТОС-1 «Буратино» ауыр от шашатын жүйе жалғастырды. Ол жойқын күші бар түрлі оқ-дәрілерді пайдалана алады, жауынгерлік және көліктік-тиегіш машиналардан тұрады. Жауынгерлік машина реактивті снарядтарға арналған 30 ұңғыдан тұратын қондырғы болып келеді. Нысананы көздеу ғылымның соңғы жетістіктерімен жасалған. Ауыр от шашатын жүйе көптеген аймақтық қақтығыстарда пайдаланылған. Алаңда Құрлық әскерлеріне қарасты жаяу әскердің жауынгерлік машинасы – БМП-2. Құрлық әскерлері механика­лан­дырылған колонналарының шеруін «Стре­ла-10М» зенитті-зымыранды кешені жалғас­тырды. Бұдан соң «Штурм-С» өздігінен жүретін танкке қарсы зымы­ранды ке­шеннің жасақтары шықты. Одан кейін алаңға десантты-шабуылдаушы брига­да­ның Жауын­гер­лік туымен «Лэнд Ровер» өтті. Соңында «Хаммер» автокө­ліктеріне мінген «Қаз­бат» қазақстандық бітімгершілік ба­таль­онының арнайы мақсаттағы рота­сы. Оларды жетілдірілген БТР-82А бронды транспортерлері ауыстырды, бұл да биылғы парадтың тағы бір жа­ңалығы болды. Келесі кезекте шеруді теңіз жаяу әскері бригадасының Жауынгерлік туын БТР-80А бронетранспортерінің үс­тінде желбіретіп «қара береттілер» жалғастырды. Осы кезде алаңда меха­ни­каландырылған ракеталық-артил­ле­рия­лық полктың құрамында 122 миллиметрлік Д-30 гаубицалары көрінді. Одан әрі оларды артиллериялық бата­рея­ның минөтіне 7 дүркін оқ ататын 152 миллиметрлік «Мста-Б» гаубица­лары алмастырды. Биыл парадта тағы алаңда өздігінен жүретін 240 миллиметрлік «Тифан» тралында орна­лас­ты­рылған «Тюльпан» минометі, аңызға айналған «Катюшаның» жалғасы «Смерч», «Град», «Ураган» реактивті жүйелері, нысандарды радиоло­ка­ция­лық барлаудан және авиацияның соқ­қы­сынан сақтайтын жылжымалы «Цикада» радио бөгеуші стансалары сап түзеді. Аталған әскери техникадан кейін Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күш­терінің айбатты қарулары көрінді. Олар зенитті-ракеталық кешен С-125; С-200 және С-300, бұлар – ұзақ қашықтыққа арналған Әуе шабуылына қарсы қор­ғаныс күштерінің жүйесі және Әуе қорғанысы күштерінің мақтанышы. Еліміздің бас алаңында өткен әскер­лердің салтанатты шеруінен кейін көк жүзінде авиация қалықтады. Әуе па­радын Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің туын желбіретіп армиялық авиацияның Ми-17 тікұшақтары ашты. Шерулік сапты МИ-24 жауынгерлік тікұшақтарының екі тізбегі жалғас­тыр­ды. Бірінші тізбек «пеленг», ал екіншісі «сына» жауынгерлік тәртібінде. Олар­дың артында «пирамида» жауынгерлік тәртібінде армиялық авиацияның көп нысанды Ми-17 тікұшақтар буыны. Одан кейін әуеде ауыр әскери-көліктік тікұшақ Ми-26 көрінді, оны көп ны­санды Ми-17 тікұшақтары сүйемелдеді. Олардың соңынан МиГ-29 жойғыш ұшақтардың сүйемелдеуімен әскери-көліктік авиацияның Ту-154, Ту-134 және Ил-76 ұшақтары ұшып өтті. Әуедегі сапта Ан-26 әскери-көліктік ұшақтың буыны. Саптан қалыспай Су-25 жойғыш ұшақтарының қос буыны мен МиГ-29, соңынан Су-27 буыны ұшып өтті. Майдандық шабуылдау­шы­лар «ромб» жауынгерлік тәртібі бой­ын­ша қатарласа ұшты. Майдандық ша­буылдаушылар күндіз-түні кез келген ауа райы жағдайында қарсыластың жер­дегі күшін, бронды техникасы мен зымыран кешендерін жоғары дәлдікпен жоя алады, сондай-ақ төмен биікте ұшып бара жатқан әуе нысандарын жеңіл көздей алатынын атап өткен жөн. Астана аспанында жаңа толқын шабуылдаушы-қағушылардың МиГ-31 ұшақтары өтті. Әуе шеруін жұртшы­лық­ты қайталанбас әсерге бөлеген Су-27 ұшақтарымен «Жетісу сұңқарлары» ұшу тобы аяқтады. Олар ұшудың «Бәй­терек» атты жоғары әдісін сағатына 800 шақырым жылдамдықта орындады. «Нес­теров тұзағы» тәрізді аса қиын фигура да көпшілікке ұсынылды. Әскери ұшқыштар өз ісінің майталман маман­дары екенін тағы бір дәлелдеді. Ин­же­нерлік-штурмандық есептері мен ұш­қыш­тық тәжірибелерін ұштастыра білген ұшқыштар төмен биіктікте қатты жылдамдықпен әуеде әдемі ұшып өтті. Әскерлер парады әдеттегідей біріктірілген әскери оркестрдің әуендерімен аяқталды. Оған Қазақстан Республика­сы Қорғаныс министрлігі Әскери-ор­кестрлік қызметінің бастығы – бас әскери дирижер, полковник Александр Беляков жетекшілік етті. Әскери оркестрлердің негізгі міндеті жеке құрамды патриоттық, әскери және мәдени тәрбиелеу, әскери қыз­мет­ті насихаттау, рәсімдерді қамтамасыз ету, концерттік қызмет, сондай-ақ қо­ғам­дық маңызы бар шараларға қатысу болып табылады. Әскери шеруге ай­рықша реңк беріп, сарбаздар мен сар­дарларды Қазақстан әскерінің қуаты мен әлеуетіне байланысты мақтаныш сезіміне бөлеген де осы оркестр әуені болды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, Дастан КЕНЖАЛИН. ----------------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.