• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
15 Желтоқсан, 2016

Дәрігерлер дәріптелді

175 рет
көрсетілді

Алматыдағы Ғалымдар үйінде Алматы онкологиялық орталығы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесін үлкен салтанатпен, жоғары көңіл-күйде атап өтті. Мәдени шараның тағы бір ерекшелігі – Алматы онкологиялық орталығының 65 жылдық мерейтойының Тәуелсіздік мерекесімен тұспа-тұс келуі. Алғашқы құттықтау сөзінде Алматы қалалық мәслихатының хатшысы Қалдыбай Қазанбаев Тәуелсіздік деген тәтті сөздің қадыр-қасиетіне тоқталып, тіліміз тіріліп, дініміз дәріптеліп, дүние жүзіндегі іргелі елдермен теңесіп отырғанымызға екпін түсірсе, осы баянды да ұлық істердің басында тұрған «Нұр Отан» партиясының атынан Бостандық аудандық филиалы саяси кеңесінің мүшесі Бекежан Тоққожаев та ақжарма лебізін білдірді. Иә, еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері өзінің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өміріндегі 25 белесін артқа тастап отыр. Адам өміріне араша түсіп келе жатқан аталмыш мекеменің бүгінгі жетістігі – ел егемендігінің айқын жемісі. Өйткені, халыққа онкологиялық көмек көрсетуде жарты ғасырдан астам уақыт аталмыш мекеме емдеудің озық үлгілері мен заманауи әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы науқастарды емдеуде өз үлестерін қосып келеді. Жиында емдеу орнының өткені, сондай-ақ, ел егемендігін ал­ғаннан бергі емдеу ісіндегі жа­ңалықтар мен озық әдіс-тәсілдерге, мемлекетіміздің онкологиялық науқастарға көр­сетіп отырған орасан зор қамқор­лығына, көмегіне тоқталмас бұрын, Алматы онкологиялық орталы­ғының бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Дамир Дәулетбаев алдымен Тәуелсіздік – азаттықтың алтын діңгегі, ұлт ретінде дамып, өркендеуімізде ұлы күш екенін атап өтті. – Тәуелсіздіктің біз үшін орны қашанда бөлек. Сондықтан да «толарсақтан саз кешкен» батыр бабаларымыздың әр жылда төгілген қанының, ұлы мұраттар жолында құрбан бол­ған асыл азаматтарымыздың ас­қақ армандарының, сәбиін білегімен, даласын жүрегімен тербет­кен аналарымыздың аққан көз жа­сының, Жаратқаннан тілеген медетінің арқасында қол жет­кіз­ген Тәуелсіздікті біз әрқа­шан мақтан тұтып, қастерлей білуге тиіс­тіміз, – деді Дамир Абайділ­дә­ұлы. Сондай-ақ, жиын барысын­да орталықтың бүгінгі жетістік­тері­нің бастауында аянбай тер төгіп, еңбек еткен ардагерлерге гүл шоқтарын ұсынып, сыйлықтар табыстаса, бүгінгі таңда күндіз-түні денсаулық күзетінде тұрған ақ халатты абзал жандардың арасындағы үздіктері алғыс хаттармен марапатталды. Еліміздегі 130 ұлттың басын қосқан брендіміз Қазақстан халқы Ассамблеясы екені белгілі. Қазақ, орыс, украин, корей, татар халқының ұлттық костюмдерімен шығып, сол ұлттардың тілдерінде Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаған медицина қызметкерлері сахнаның сәнін келтірсе, еліміздің танымал әртістері Толқын Забирова, Құралай мен Мирас Бекжановтар, Бақыт Шадаева, Бейбіт Сейдуалиева, Жеңіс Ысқақова, Құдайберген Бекіш, Руслан Мамытов, т.б. әншілер әсем ән шырқап, кештің көрігін қыздырды. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»