• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
15 Желтоқсан, 2016

Мемлекеттік наградалар тапсырылды

149 рет
көрсетілді

Парламент Сенатында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына арналған салтанатты жиналыс болды, деп хабарлады Пар­ламент Сенатының баспасөз қызметі. Палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың парасатты, көреген басшылығымен тәуелсіз мемлекетіміздің берік негізі қалыптасқанын және оның бүкіл әлем мойындаған тарихи дерек екенін атап өтті. «Қысқа мерзім ішінде Қазақстан әлем қауымдастығы құр­мет­тейтін абыройлы мемлекет деңгейіне көте­рілді. Бүгінде адамзатты алаңдатқан ең өзек­ті мәселелер бойынша Қазақстанның ұста­нымы дүние жүзінің түкпір-түкпіріне белгілі. Қазақстан бірлігі жарасқан ұлттар мен ұлыстардың бейбітөмір сүріп жатқан киелі шаңырағына айналды», – деді Төраға. Қ.Тоқаев дүние жүзіндегі ең дамыған елдердің қатарына ену туралы Президенттің ұзақ мерзімді стратегиясын жүзеге асыруда, еліміздің егемендігі мен мемлекетіміздің қарқынды дамуын заңнамалық жағынан қамтамасыз етуде Парламенттің рөлі айрықша екеніне тоқталды. Ол Қазақстанның игілігі жолындағы ерен еңбектері үшін депутаттарға ризашылығын білдірді. Төраға Мемлекет басшысының атынан белсенді мемлекеттік және қоғамдық қызметі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бір топ Сенат депутаттарына мемлекеттік марапаттарды табыс етті. Атап айтқанда, Бектас Бекназаров, Икрам Адырбеков және Қайрат Ищанов III дәрежелі «Барыс» орденімен, Дулат Құсдәулетов пен Ерболат Мұқаев «Парасат» орденімен, Асқар Бейсенбаев пен Людмила Полторабатько II дәрежелі «Дос­тық» орденімен, Ольга Перепечина «Құрмет» орденімен марапатталды. Сенаторларға «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медалі табыс етілді. Депутаттар Бектас Бекназаров, Серік Біләлов, Жабал Ерғалиев, Сергей Ершов және Аңсар Мұсаханов ТМД Парламентаралық Ас­сам­блеясының «Парламенттік ынтымақ­тастықты нығайтқаны үшін» медаліне, Рашит Әкімов, Мұрат Бақтиярұлы, Серік Жақсыбеков, Ләззат Қиынов, Манап Көбенов, Төлеубек Мұқанов және Марат Тағымов ТМД ПАА Құрмет грамотасына ие болды. Сенаторлар Рашит Ахметов пен Ақан Бижанов ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының «ҰҚШҰ парламенттік ынтымақтастығын ны­ғайтқаны үшін» медалімен марапатталды. Пар­ла­ментшілер Ертарғын Астаев пен Георгий Кимге ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының Құр­мет грамотасы табыс етілді. Сондай-ақ, «Егемен Қазақстан» Респуб­ли­калық газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі ТМД Парламентаралық Ассамблеясының «Баспасөз және ақпаратты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен наградталды.