• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
15 Желтоқсан, 2016

Ертіс үстіндегі көпір іске қосылды

243 рет
көрсетілді

Кеше ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­ды­ғы мерекесіне орай еліміздегі ірі жобалардың бірі – Ертіс өзені арқылы өтетін алып көпір іске қосылды. Көпір құрылысы Елбасы тапсырмасы бойынша басталған болатын. Енді «Орталық-Шығыс» көлік дәлізі «Нұрлы жол» бағдарламасының бөлшегіне айналып отыр. «Қазавтожол» АҚ өкілдерінің айтуларынша, бұл аркалы, әсем де ерекше алып көпір заманауи жаңа технология­лар бойынша вант түріндегі көлбеу иілгіш ілмектерді қолдану арқылы салынды. Көпірді салуда елімізде тұңғыш рет орталық арканы арнайы гидравликалық жүйе және «Heavy Lifting» домкраттарының көмегімен көтеру технологиясы қолданылды. Көпірдің жалпы ұзындығы 12,3 шақырым. Эстакада бөлігі 66 тіректен тұрады, оларға темір-бетон арқалықтардан тұратын құрылғылар орнатылған. Көліктер жүретін бөлігі төрт жолақтан тұрады, өткізу қабілеті – тәулігіне 10 мың автомобиль. Жаңа көпір транзиттік көліктің жол ұзақтығын 40 км-ге қысқартып, уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді. Алып құрылысқа 1800 адам, 700 техника бірлігі, 6 суда жүзу құралдары жұмыс жасады. Сонымен қатар, облыстағы көлік қызметі, қоғамдық тамақтану және басқа қызмет көрсететін 100-ге жуық шағын және орта бизнес кәсіп­орындары тартылды. Нысанның құры­лысына жергілікті және қазақстандық құрылыс материалдары: қиыршық тас, цемент, темір-бетон бұйымдары және басқа материалдар пайдаланылды. Көпірдегі құрылыс жұмыстарына жер­гілікті тұрғындар тартылды. Жаңа көпірдің іске қосылумен тағы да бір ерекше жол айырығы пайда болып, ол еліміздің орталық бөлігін Ресейдің көршілес өңірлерімен байланыстырады. Көпірдің ашылу салтанатына Инвестициялар және даму ми­нистрлігі Автомобиль жолдары ко­митетінің төрағасы Мереке Пшен­баев, «Қаз­АвтоЖол»ҰК» АҚ бас­қарма төрағасы Ермек Қизатов, Энер­гетика министрі Қанат Бозымбаев, облыс әкімі Болат Бақауов, өңір жұрт­шылығы қатысты. Мерекелік салтанат күні көпірдің үстімен елімізде шығарылатын электромобильдер мен автомобильдер, коммерциялық техникалар сап түзеп жүріп өтті. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» Павлодар облысы