Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен елімізге алғаш рет ресми сапармен келген Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху кездесті. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
Өткен шаққа қысқаша шолу жасай сөйлесек, Қазақстан Республикасы мен Израиль мемлекеті арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылдың 10 сәуірінен бастау алады. Десек те, екі ел арасындағы салмақты қарым-қатынастар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1995 жылы желтоқсан айында Израильге жасаған ресми сапарынан кейін жүзеге асырыла бастады. Мемлекет басшысының сол сапарында Қазақстан мен Израиль арасындағы өзара қарым-қатынастар негізіндегі Декларацияға қол қойылған-ды. Сонымен қатар, инвестиция, қоршаған ортаны қорғау, ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау салалары бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілген болатын. Бұдан бөлек, Елбасының осы елге жасаған 2000 жылдың сәуіріндегі ресми сапарында да екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелері қарастырылып, тараптардың ынтымақтастығы мен өзара түсіністігін дамыту туралы Декларация бекітілген. Сондай-ақ, кеден ісі, кәсіпкерлік, инвестиция салаларындағы өзара ықпалдастықты дамыту бағытындағы келісімдер түзілген.
Ал 2009 жылғы 30 маусым – 1 шілде күндері Израиль Президенті Шимон Перестің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары тараптардың өзара байланыстарын одан әрі өрістете түсті. Сол сапар шеңберінде Қазақстан-Израиль бизнес-форумы өтіп, онда маңызды алты келісімге қол қойылған. Одан кейін де, яғни, 2013 жылы 14 наурызда Израиль басшысы Шимон Перес Астанаға ресми сапармен келіп, Елбасымен келіссөздер жүргізген-ді.
Міне, мемлекеттер басшылары деңгейіндегі осындай маңызды кездесулер екі елдің өзара тығыз байланыс орнатуына кеңінен жол ашты. Мұның барлығы өткен шақтың еншісіндегі оқиғалар болғанымен, қос тараптың бүгінгі өзара ықпалдасуының негізі саналады.
Баршаға белгілі, қазіргі таңда замана ағымы, уақыт талабы күн сайын жаңа сипатқа ие болып отыр. Соған сәйкес, әрбір мемлекет өзінің сыртқы және ішкі саясатын уақыт ағымына орайластыра жүргізуі өте маңызды. Бұл мәселеде Қазақстан сергектік танытып, өзінің бұрыннан тығыз байланыс орнатып келе жатқан елдерімен түрлі салалардағы байланыстарын қайта жаңғыртып отыруға мүдделі.
Күні кеше Ақордада өткен Қазақстан мен Израиль мемлекеттері басшыларының шағын құрамда өткізген кездесуінде екі ел әріптестігінің басты бағыттары, сауда-экономика, инвестиция, сондай-ақ, инновациялық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықтың негізгі мәселелері талқыға түсті. Бұлардан бөлек, тараптар күн тәртібіндегі мейлінше өзекті халықаралық жайттар тұрғысында да пікір алмасты.
Өз кезегінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудің сапары барша қазақстандықтар үшін айтулы мереке – Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында өтіп отырғанына назар аударды.
– Осы жылдарда Қазақстан мен Израиль арасында жылы қарым-қатынас сақталып келеді. Қазақстанда тұрып жатқан көптеген еврей диаспорасы өкілдері мен Израильдегі қазақстандық қауымдастық халықтарымыз арасындағы сындарлы қарым-қатынастың дәнекері болып отыр, – деді Қазақстан Президенті.
Одан әрі Мемлекет басшысы Қазақстанның Израильмен іскерлік байланыстарды әрі қарай дамытуға мүдделі екенін айта келе, бұл сапар екіжақты қарым-қатынас аясын кеңейтуге тың серпін береді деп үміттенетінін білдірді.
Израиль мемлекетінің Премьер-министрі Қазақстанға Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында келгені өзі үшін зор мәртебе екенін жеткізді.
– Қазіргі кезде әлем үлкен өзгерістерді бастан өткеруде, қауіпсіздік саласында көптеген сын-қатерлер пайда болды. Сонымен бірге, бұл өзгерістер негізінен экономиканың кез келген саласымен тығыз байланысты жаңа технологиялардың зор мүмкіндіктеріне жол ашуда, – деді Б.Нетаньяху.
Премьер-министр Израильдің қауіпсіздік пен жаңа технологиялар саласында зор табыстарға жеткеніне назар аударды.
– Осыған орай Қазақстан дамуы-ның стратегиялық жоспарлары мен Израильдің мүмкіндіктерін екі елдің игілігі жолында ұштастыруды ұсынамын, – деді Б.Нетаньяху.
Мемлекет басшысы Израиль Премьер-министрінің ұсынысы Қазақстан тарапының жоспарларымен үйлесетінін атап өтті.
– Израильдің инновация мен жаңа технологиялар саласындағы жетістіктері бізге жақсы таныс. Бүгінде 270 компания экономиканың түрлі салаларында Қазақстан кәсіпорындарымен ынтымақтаса жұмыс жүргізуде. Сіз ұсынған формат бойынша ынтымақтастық орнату туралы мәселе бүгінгі бизнес-форум аясында қызу талқыланады деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Бұдан кейін мемлекеттер басшылары кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Онда тараптар Қазақстан мен Израиль әріптестігінің формасын әртараптандыру мәселелерін талқылады.
– Сіздің бүгінгі сапарыңыз және бизнес-форумның өтуі Қазақстан мен Израиль арасындағы іскерлік қарым-қатынас аясын кеңейтіп, оны жаңа сапалы деңгейге көтереді деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Өз сөзін одан әрі жалғаған Мемлекет басшысы екіжақты ынтымақтастықты тәжірибелік тұрғыдан дамытудың негізгі үш бағытын айқындап берді.
– Біріншіден, ауыл шаруашылығы. Бізде ауыл шаруашылығы бизнесін жүргізуге бірегей жағдай жасалған, ал Израильде озық технологиялар бар. Сіздерден тәжірибе ретінде алғымыз келетіні – аграрлық өнімді қайта өңдеу, жер суаруды үнемдеу ісі. Екіншіден, Израиль инновация мен озық технологиялар саласында әлемдік көшбасшы болып саналады, ал Қазақстан – табиғи ресурстарға бай ел. Шикізат ресурстарын озық технологияларға алмастыру жөнінде нақты келісімдер әзірлеу үшін біз сарапшылардың арнаулы тобын жіберетін боламыз, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев құрамына әлемдік деңгейдегі колледж бен университет кіретін Алматы қаласындағы Қазақстан-Израиль инновациялық технологиялар орталығы құрылысының маңыздылығын атап өтті.
Үшінші бағыт – денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастыққа арналған.
– Қазақстанның мыңдаған медицина қызметкерлері Израильде білім алды. Сіздің мамандарыңыз жыл сайын еліміздің медицина орталықтары базасында шеберлік сыныптарын өткізуде. Біз бұл ынтымақтастық аясын кеңейту қажет деп санаймыз. Осыған байланысты, еліміздің бірқатар университеттік клиникаларын Израиль мекемелеріне сенімді басқаруға беру мүмкіндігін қарастыруға дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.
Келіссөз барысында Израиль тарапы екіжақты ынтымақтастықты нығайту үшін Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін пайдалануға мүдделілік білдірді. Бұдан бөлек, «Астана» халықаралық қаржы орталығымен өзара іс-қимыл орнату перспективасы, сондай-ақ, жаңғырмалы энергия көздері саласындағы Израильдің озық технологияларын Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде белсенді түрде таныстыру мәселесі талқыланды.
Кеңейтілген құрамдағы кездесу барысында Б.Нетаньяху Қазақстанға шақырғаны үшін Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, халқымызды Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтады.
– Бүгінгі кездесу елдеріміздің ынтымақтастығы жолындағы қарышты қадам болып саналады. Сондай-ақ, біз Сіз айқындаған үш бағыттағы серіктестік қарым-қатынасымызды дамытуға ниеттіміз, – деді Израиль Премьер-министрі.
Сондай-ақ, Б.Нетаньяху тәжірибе алмасу және Hi-Tech саласындағы стартап жобалар әзірлеу үшін Қазақстаннан Израильге білікті жас азаматтар тобын жіберуді ұсынды.
Израиль мемлекеті Премьер-министрінің ресми сапарының қорытындысы бойынша төмендегідей құжаттарға қол қойылды:
– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Израиль мемлекетінің Үкіметі арасындағы Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
– Екі ел үкіметтері арасындағы Биометрикалық ұлттық паспорт иелерін визалық талаптардан босату ниеті туралы бірлескен декларация;
– Қазақстан Республикасы мен Израиль мемлекетінің әуе қатынастары саласындағы билігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
– «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» акционерлік қоғамы мен Израильдің «Матимоп» өнеркәсіптік ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс орталығы арасындағы Индустриялық зерттеулер және әзірлемелер саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум;
– Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Израиль мемлекетінің Мемлекеттік қызмет комиссиясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.
Израиль Премьер-министрі сапарының аясында жоғарыдағы құжаттарға қол қойылғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Биньямин Нетаньяху келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.
Елбасы мәртебелі қонақпен жүргізілген келіссөздердің ашық әрі сындарлы болғанын айта келіп, екі ел арасындағы бүгінгі қатынастың негізгі өзегін сөз етті.
– Біздің елдеріміз арасында ерекше қарым-қатынастың орнауы да тосыннан емес. Оған Қазақстаннан шыққан ондаған мың израильдіктер септігін тигізуде. Олар соғыс кезінде Қазақстанға жер аударылып, осы жақтан қамқорлық көрді және отандарына қайта оралғаннан кейін де бауырмалдық қарым-қатынасты сақтады. Мен Тель-Авивке барғанымда жақынындай қарсы алады. Олар бүгінде достықтың көпірі болып саналады және біздің ынтымақтастығымызға көмектеседі, – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті Израиль Премьер-министрімен өткен шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздердің қорытындысына көңілі толатындығына екпін берді.
– Қазір ғана Биньямин Нетаньяху мырзамен келіссөздер аяқталды. Ол ашық әрі сенімге толы өтті. Біз екіжақты өзара іс-қимылдың, халықаралық күн тәртібінің, лаңкестікпен күрестің және өзге де жайттардың кешенді мәселелерін талқылап, өзекті түйткілдерге қатысты пікір алмастық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Елбасы кездесу қорытындысына сәйкес, Қазақстан мен Израильдің көптеген ауқымды мәселелер жөнінде өзара тиімді іс-қимыл жасай алатынын толық сеніммен айтуға болатынын жеткізді.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Биньямин Нетаньяху сауда-экономика мәселелеріне айрықша назар аударып, жаһандық нарықтың жалпы сауда айналымындағы тиімсіз ахуалының кері әсерін атап өтті. Осыған байланысты, тараптар өзара экономикалық іс-қимылды жандандыру үшін қандай мүмкіндіктерді пайдалану қажет екенін талқылады.
– Елдеріміз арасындағы тікелей әуе қатынасын қалыпқа келтіру және визасыз режімді енгізу мәселесін пысықтау жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді. Мұндай шаралар бизнес саласындағы екіжақты байланыстар мен туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Еуразиялық экономикалық одақ пен Израиль арасында еркін сауда аймағын құру екі елдің іскерлік байланыстарын дамытуға елеулі ықпал ететінін және қазір бұл жөнінде нақты келіссөздер жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Бүгін халықаралық және өңірлік мәселелер жөнінде де қызу әрі ашық пікір алмастық. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес және басқа да көптарапты ұйымдар мен форумдар өзара іс-қимылымыздың маңызды орны ретінде қарастырылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша тараптардың саяси үнқатысуды ұдайы қолдау, байланыстарды барлық деңгейде дамыту, сондай-ақ, серіктестікті жаңа сапалы деңгейге көтеру үшін бірлесе күш-жігер жұмсау жөнінде келісімге келгенін мәлімдеді.
– Уағдаластықтардың қарқынды түрде іске асуы бүгін біз талқылаған барлық бағыт бойынша екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға ықпал етеді деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.
Брифингтің соңында Нұрсұлтан Назарбаев достас Израиль халқын алдағы келе жатқан Ханука мерекесімен құттықтады.
Айта кетейік, 2016 жылдың қаңтары мен қыркүйек айлары аралығында екі ел арасындағы тауар айналымы 237 миллион долларды құраған. Ал 2005 жыл мен 2016 жылдың алғашқы жартыжылдығы арасында Израиль тарапынан елімізге жалпы 213,3 миллион доллар көлемінде тікелей инвестиция келген. Осы арада ерекше тоқталып өтер жайт, соңғы 10 жылда қазақстандық мыңнан астам дәрігерлер мен мейірбикелер Израильдің алдыңғы қатарлы медициналық орталықтарында мамандандырылған. Сондай-ақ, израильдік мамандар жыл сайын Қазақстанның медициналық орталықтарында отызға жуық мастер-кластар өткізеді. Бұл көрсеткіштер, әрине, екі ел арасындағы қарым-қатынастың оң бағытта жүргізіліп отырғанын сипаттайды.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»
Суреттер Президенттің баспасөз
қызметінен алынды