• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
16 Желтоқсан, 2016

Бірлік Туы – біздің Ту (Елбасымен сырласу)

573 рет
көрсетілді

Елбасымыздың күні-түні тынбай, Мәңгілік Еліміз үшін жасаған ұлы істерінен хабардар болған сайын, мектебімнің, биылғы түлектердің, достарымның атынан алғысымды қалай жеткізе аламын деген ойға батамын. Арман қанатын байлап алып, кейде Елбасымызбен кездесіп, дидарласқым келеді... Жарқын өмір... Бақытты бала­лық сәттер... Аса мәртебелі Елбасы! Сізді теледидардан көріп отырып, кейде таң қаламын. «Біздің Президентіміз өте көп жұмыс атқарады, алайда барлығына қалай үлгереді екен?», – деп өз-өзіме сұрақ қоямын. Сондағы түсін­генім, Сіздің бойыңызда үлкен қасиет бар екен. Ол қасиет ардақты анаңыздың ақ сүтімен дарыған деп ойлаймын. Нұрсұлтан ата, Сіз бүгін бүкіл әлемге танылған тұлғасыз. Еліміз­дің көшін бастап жүрген Көшбасшысыз. Еліміздің бағына туған кемеңгер, данасыз. Солай бола тұрса да, Сіз жүрегі дархан, көңілі баладай, ауылды аңсайтын қазақтың қара домалақ баласысыз. Оны мына жазбаңыздан аңғардым. Оқып отырып, ерекше толғандым... «...Бала кезімізде мектепке бара жатқанда, кең көшенің бойында кеңесіп, өткен-кеткеннің сәлемін сәтімен алып, батасын беріп, бақы­тыңды үстеп отыратын қарияларды көп көре­тінбіз. Олардың алдын кесіп өтпей, тоқтап, назарын аударып, аузымызды толтырып «Ассалаумағалейкүм» деп амандасып, сонан соң көптен күткен керек істі тындырғандай болып, шаттана жүгіріп бара жататынбыз...». Қандай әдемі көрініс!.. Менің көз алдымнан бақытты балалықтың алтын бесігінде тербелген, арқасына кітап толы әжесі кестелеп тігіп берген дорбасын асынған, сырма шалбар киген, оның қалтасындағы асық-сақалармен мақтанып, қарияларын қазынаға балап бара жатқан бір топ оқушы-балалар елес берді... Нұрсұлтан ата, сенесіз бе, сол шаттанған балалар ішінен мен Сізді бірден танып қойдым. Шын айтамын. Сізді «Менің балалық шағымның аспанынан» көрдім ғой... Мен де бүгін күндегідей мектепке бара жатырмын. Айналамның бәрі әсем. Әдемі ғимараттар көз тартады. Нұрсұлтан ата, Сіз туған өлке – Жетісу жері күннен-күнге құл­пырып барады... Нұрсұлтан ата, балалық шақ­тың аспаны деген ғажап екен! Балалық шақтың жолдары, Сіз айтқандай, үлкен-үлкен бақыт жолдарына бастайды... Біреуді іздейсің, біреуді жоғалтасың, ең бас­тысы, бақытты шақтың тәтті елесі санадан өшпесе керек... Тағы да былай деп жазыпсыз, Нұрсұлтан ата: «...Қазір де, жолым түскенде, сол баяғы балаң сүрлеумен тағы да жүріп өткенді ұнатамын. Сол кезде әр үйдің алдында отырған ақ сақалды абыз қарияны, ақ жаулықты әз аналарды тағы да көрем бе деп елеңдеймін... Солармен бірге кеткен қимас шақ – балалық балдәуренді бүгінгі ұландардың бойынан көремін бе деп, көшеде жүгіріп бара жатқан бүлдіршіндердің соңынан ұзақ қарап қалатыным бар...». Әрине, көре аласыз, Нұрсұлтан ата! Ол – біз ғой! Қимас шақ – балалық балдәуреніңіз біздің бойымызда сақталғанына еш күмәніңіз болмасыншы... Әр үйдің алдында отырған ақ сақал­ды абыз қария мен ақ жаулықты әз ана­ларды да көре аласыз... Олардың қатарында менің сүйікті атам мен әжем де бар... Тек, Сізден бір өтінерім – Же­тісуға жиі келіп тұрыңызшы... Сізді Тәуелсіздіктің тал бесі­гін­де тербелген ұл-қыздарыңыз, Сіз­дің бақытты балалық шағыңыз күтеді... Біз қазір есейдік. Аз уақыттан соң алтын ұя – мектебімізбен қоштасамыз. Біздің ұранымыз, Сіз өзіңіз айтқан­дай: «Елдің күші – бірлікте». Бұл сөзіңізде үлкен мән, мағына бар. Расында да, барлығымыздың басты ұстанымымыз Бірлік болуы керек. Біз – жас ұрпақ бірлікті ту етіп ұстасақ, үлкен жетістіктерге жетеміз. Елдің тірегі де, болашағы да – біздерміз. Нұрсұлтан ата, Сіздің жиырма бес жыл ішінде Тәуелсіз Қазақ­станға қосқан үлесіңіз де, сіңірген еңбегіңіз де сансыз. Қазақ еліне берген серттей сөзіңіз бен серпінді ісіңіз әрі қарай жалғаса беретіні сөзсіз! Жәмила БАХТИЯРҚЫЗЫ, Талдықорған қаласындағы №9 орта мектептің 11 «Ә» сынып оқушысы Алматы облысы