Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев осылай деп мәлімдеді
Еліміздегі жекелеген бұқаралық ақпарат құралдары “Қазақстан 1 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерін Қытайға сатады екен-мыс” деген ақпарат таратқандығы белгілі. Бұл ақпарат қоғамда әртүрлі алып-қашпа әңгімелер туғызуда.
Осы оқиғаға байланысты қазақстандық тиісті мемлекеттік органдар мен ресми тұлғалар өздерінің түсініктемелерін жасады. Бәрінің байламы біреу: “Қытайға, жалпы ешбір елге Қазақстанның ауылшаруашылық жерлері сатылмайды. Өйткені, мұндай әрекет заңға қайшы болып табылады”.
Кеше Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев та журналистер алдында осы өрбіген әңгімеге байланысты тиісті мәлімдеме жасады. Ол былай деді:
“Ауыл шаруашылығы жерлерін қытай инвесторларына беру туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді және мұндай әңгіменің негізі де жоқ.
Біріншіден, ҚР Жер кодексінің 23-бабына сәйкес ауыл шаруашылығы жерлері шетел азаматтарының және заңды тұлғалардың жеке меншігінде бола алмайды.
Екіншіден, Қытай Халық Республикасы біздің елімізден соя импорттауға қызығушылық танытуда. Алайда, Қазақстанда сояны өндіру тек суармалы жерлерде қолайлы. Суармалы жерлердің аумағы біздің елде тек қана 1,3 млн. гектарды құрайды. Олардың барлығы отандық ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілердің қарамағында тұр. Сонымен қатар ҚР Жер кодексінің 38-бабына сәйкес жерлерді субарендаға беруге тыйым салынған. Яғни, жерді мемлекеттен өзі жалға алып отырған тұлға оны екінші біреуге жалға бере алмайды.
Егер ауыл шаруашылығы өнімдері туралы қытай жағымен министрлік тарапынан белгілі бір келіссөздер жүргізілетін болса, ол келіссөздер тек өндірілген өнімді сату және сатып алу жөнінде ғана болмақ. Бұл келіссөздердің жер қатынастары мәселесіне ешбір қатысы болмайды.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі өзінің қызметінде тек қана ашықтық қағидатын ұстанатынын мәлімдейді. Министрліктің осы бағытта атқарып жатқан барлық жұмыстары бұқаралық ақпарат құралдарына хабарланатын болады”.
Министр осылай дей келе еліміздегі соя егістігінің көлемі 50 мың гектарды ғана құрайтындығын жеткізді. Егер еліміздің ішінде соя егуге ықылас танытатындар болса, оның көлемін әрі кеткенде 200 мың гектарға дейін жеткізуге болар еді. Демек, 1 миллион гектар туралы әңгіме қозғаудың өзі негізсіз.
Мұнан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігі Қайта өңдеу өнеркәсібі және аграрлық нарықтарды дамыту департаментінің директоры Айна Құсайынова “Қазақстан, Беларусь, Ресей арасында кедендік одақтың құрылуына орай азық-түлік бағасы өседі екен” деген қауесетке байланысты түсініктеме берді. Ол бұл пікірдің шындыққа жанаспайтындығын, демек баға өседі екен деп халықтың алаңдауына негіз жоқ екендігін айтты. Әрине, нарық жағдайына байланысты кез келген тауардың бағасы ауытқымалы келетіндігі бұрыннан белгілі. Бірақ Қазақстанның Кедендік одаққа қосылуына орай азық-түлік бағасы қымбаттайды деген сөз шындықпен қабыспайды. Тек бұл жерде мына бір мәселені ескеру керек. Кедендік одақтың құрылуына байланысты кедендік баж салығының көлемінде өзгерістер болуы тиіс. Осыған орай азық-түлік өнімдері үш топқа топтастырылған. Бірінші топқа баж салығы бірқалыпта сақталатын, екінші топқа баж салығы көтерілетін, үшінші топқа баж салығы төмендетілетін азық-түлік түрлері жатқызылған. Кедендік баж салығы көтерілетін азық-түлік өнімдері арасында күріш, қияр, май секілді өнімдер бар. Бұл өнімдер біздің өз ішімізде жеткілікті дәрежеде өндіріледі. Сондықтан ішкі рыноктағы бағаға әсері болмауы тиіс.
Ал баж салығы шәй, тропикалық май секілді үшінші топқа жатқызылған өнімдерге төмендетілетін болады. Себебі, бұл өнімдер Кедендік одаққа біріккен мемлекеттерде өндірілмейді. Сондықтан олардың сырттан келуін ынталандыру қажет. Түптеп келгенде осының барлығы халықтың, тұтынушылардың мүддесін қорғау мақсатында жасалуда.
Азық-түлік өнімдері бағасының қымбаттамайтындығының тағы бір кепілі Қазақстан өткен күзде олардың көптеген түрлері бойынша мол өнім алды. Статистика агенттігінің алдын ала жасаған мәліметтері бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің 2009 жылғы жалпы мөлшері 1620,3 млрд. теңгені құрады. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда 13,8 пайызға көп. Аталмыш мәлімет соңғы 8 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш болып табылады.
Елімізде соның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімдерінің көптеген түрлері бойынша ең жоғарғы түсім алынды. Алынған астықтың өңделген кейінгі жиынтық салмағының өзі 20 млн. тоннадан асты. 700 мың тоннадан артық майлы дақылдар өнімдері жиналды. Бұл да рекордтық көрсеткіш.
2010 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша, мал шаруашылығында былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда ірі қара малдың саны 2,1 пайызға, қой мен ешкі 3,7 пайызға, жылқы – 3,6, түйе – 4, құс саны 9,3 пайызға өсті.
Тамақ өнімдерінің өндірісі 2009 жылдың қаңтар-желтоқсан айларының аралығында 721,9 млрд. теңгені құрады. Бұл былтырғы жылмен шамалас көрсеткіш болып табылады.
Сөйтіп, еліміздің ауыл шаруашылығы мол өнімге, жақсы табыстарға қол жеткізіп отыр. Демек алаңдауға негіз жоқ.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.