• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
17 Желтоқсан, 2016

Қудалауға түскен əскери журналист Боташ Қажымовпен сұхбат

271 рет
көрсетілді

 7 жыл, 9 ай, 22 күн бойы қудалау мен сергелдеңге түсіп, қан­шама азапты кезеңді басынан өткерсе де, азаматтық тұл­ғасына мін түсірмеген әскери журналист Боташ ҚАЖЫМОВТЫҢ айтары аз емес.  

Сызы кетпес сол кездегі салқынның...

– Боташ, Желтоқсанның ыз­­ғар­лы күндері қайда болған едің? – Степногор қаласындағы №6636 әскери бөлімшеде пра­порщик болып қызмет атқа­ратынмын. Бір жағынан, Алма­тыдағы ҚазМУ-дің журналис­тика факультетінде сырттай оқи­тынмын. Жас кезімізде қазақ­тың батыр ұлдары Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Рақымжан Қошқарбаев секілді аға­лардай болуды армандаушы едік. Желтоқсан оқиғасы менің алға қойған мақсаттарымды ғана емес, тағдырымды мүлдем басқа арнаға бұрып жіберді. – Студент-жастардың Мәс­кеудің әкімшіл-әміршіл өктем­дігіне бейбіт түрде қарсы шы­ғып, оның соңы күш қолдануға ұласқанын қайдан естідің? – 17 желтоқсан күні кешке қа­рай батальонда партия жиналысы өтіп, әскери қызметшілер тегіс қатыстырылды. Біздің негізгі қызметіміз – қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалау ғой. Сол күні ел шетіне жау тигендей дүрлігіп, әскери дайындықты күшейтуге пәрмен берілді. Ешкім ешнәрсені біліп болмайды. Еститініміз – тек қаңқу сөз. Жиында сөйлеушілер сол оқиғаның ішінен оралғандай Алматыда кө­шеге шығып, на­разылық шеруін ұйымдастырған топты жамандап жатты. Бәрінен де батальон командирінің «олар шеттерінен нашақорлар, мас­күнемдер» деп жерден алып, жерге салған сөздеріне қаным әбден қарайып, намыс оты бойымды кернеді. Жиналғандардың ешқайсысы жақ ашар емес. Ақыры, шыдай алмаған күйі орнымнан тү­регеліп, даусымды көтере сөйледім. «Сіздің бұл айыптау­лары­ңызбен мүлдем келіспеймін. Мен өз ұлтымды жақсы білемін. Жастар үлкенді сыйлайды, алдын кесіп өт­пейді. Жөн сөзге тоқтайды. Ондай теріс әрекеттерге ешуақытта бар­май­тынына кепілдік беремін», деп ішімдегімді ақтарып салдым. Кеңестік кездегі әскери тәр­тіптің өлшемімен қарайтын болсақ, қатар­дағы прапорщиктің командирге қарсы шығуы азуын айға білеген арыстанға қарсы шығумен тең еді? Жиналыста отырғандар мұндай оқыс қимылды күтпесе керек, сілтідей тына қалды. Бір қызарып, бір бо­зар­ған командир қарсы әрекетке көшті. «Бәлкім, сен де сондай шығар­сың? Соларды қолдап отырсың ғой», деді кекесінмен. «Ұрандар көтеріп, алаңға шыққан ұлтшылдар емес, сана-сезімі жоғары студенттер», деп мен де тістесіп айырылмадым. «Қазақстанды жергілікті ұлт өкілдері басқаруы керек», деп және үстемеледім. Сол-ақ екен, заматта «ұлтшыл, экстремист» болып шыға келдім. Содан бастап төбеме қара бұлт үйіріліп, күліп-ойнап жүрген қызметтестерім де, жора-жолдастарым да менен теріс айналды. Сәлемдеспей өте шығатындары жаныма қатты батты. Арада үш күн өткеннен кейін Целиноградтан полк командирінің орынбасары, подполковник Подлес­ный арнайы келіп, «әскер арасында іріткі салып жүргенің қалай? Түсі­ніктеме жаз», деп қысымға алды.  

Ақталған сәтімді тілмен жеткізу қиын...

– Жаңылыппын, жаза басып­пын деген пендешілік оймен ке­ші­рім сұрауға оқталған жоқсың ба? – Партия жиналысында айтқан­дарымды қағазға түсірдім. Обалы не керек, жаны ашығандар болды. Солардың бірі аға офицер С.Сурнин түсініктемені жұм­сартып жазғаның жөн, деп ақыл берді. Бірақ мен өз пікірімнен таймадым. Түсініктеменің сиясы кеппей жатып, Алматыдан бір полковник пен екі майор сау ете қалды. Осыдан жарты жыл бұрын осындағы түрмеден үш бірдей аса қауіпті рецидивист қашқан кезде бір ғана майор келген еді. Менің «ісім» одан да қауіпті болса керек. Айтқан сөзімнен қайт­пайтынымды сезді білемін, қарсы шаралар ұйымдастырыла бастады. Мен секілді «асауларды» жуасытып алудың небір амалдарын қолданды. – Атап айтқанда? – Солардың бірі – сақылдаған сары аязға қарамастан, жылы тонымды шешкізіп, жарты сағат сап дайындығын өткізді. Жарғыға сай әмірлерін екі етпей өжеттене орындауым одан әрі ызаландыра түсті. Артынша шұғыл жиналыс өткізіп, әскер қатарынан аластатты. Бұл қорлығы аз болғандай, университет ректорына хат жол­­­данып, 1987 жылы наурызда оқудан шығарылдым. Сонда полк командирі орынбасарының «Егер сен журфакты бітірсең, мен иығымдағы погондарды жұ­лып тастауға дайынмын», деген сөздерін ұмыта алар емеспін. – Жұмыстан да, оқудан да қуыл­дың. Алдың – тұман, артың – жар... – Айтпа. Жел қуалаған қаңбақ құсап ой-қырды көп кездім. Ақыры, Сілеті ауданындағы Ақсу тоғызжылдық мектебіне жұмысқа орналастым. Алайда, мұнда көп тұрақ­тай алмадым. Полктен «Қа­жы­мов партия саясатына қар­сы шыққаны үшін әскерден шыға­рылған. Оның ұстаз болуға еш қақысы жоқ» деген хат келіп жетті. Мектеп басшылығы аупарткомнан, оқу бөлімінен өкілдер шақыртып, жиналысқа салды. Соңғы айдың жалақысын да берместен жұмыстан шығарып жіберді. «Жазған құлда шаршау жоқ» деген. Бұдан кейін Көкшетау аудандық «За коммунизм» газетіне жұмысқа кірдім. Мұнда да аз ғана жұмыс істедім. Әб­ден ізіме түсіп алған полктен тағы хат келіп, кетуге мәжбүр болдым. Қудалаудың құрығы жетпес алысқа қарамды батырайын деген ниетпен түкпірдегі Куйбышев (қазір Ғ.Мүсірепов) ауданына жол тарттым. Соңымнан тағы «полктің хаты» қуып жетті. Аудан басындағылар төсектерінен бүйі көргендей шо­шынды. Редактор Владимир Брюллев «Редакцияда онсыз да маман аз, орнына адам тапқанша шығармаймын», деп маған шын жанашырлық танытты. Округтік «Боевое знамя» газетінің әскери тілшісі Сапарғали Жағыпаров та үнемі қолдау көр­сетіп, жігеріме жігер қосып жүрді. – Ақтау құжаттары қолға ти­гендегі қуанышты айтпай­мы­сың бәрінен де! – 1989 жылы Мәскеуде Жоғарғы Кеңес сессиясы өткені белгілі. Сонда айтылған ашық, әділ әңгімелерден кейін мені жұмыстан шығару мәселесі жайына қалып, өзімді тұңғыш рет еркін се­зіндім. 1989 жылы журфакқа қай­та қабылдандым. Оны бітірген соң дипломның көшірмесін «сен журфакты бітірсең иығымдағы погондарды жұлып тастаймын» деген командиріме жібердім. Бірақ ол уәдесінде тұрмады. Туған жерім – Көкшетауға оралғанмен, мамандығым бойынша біраз уақыт жұмыс таппай жүрдім. 1994 жылы 23 маусымда облыстық еңбек бир­жа­сының бастығы Д.Қазбеков менің «Степной маяк» газетіне негізсіз жұмысқа тұра алмай жүргенім жайлы әкімдікке хат түсіргенімен, жауапсыз қалды. Тек сол жылы 12 шілдеде Алматы гарнизондық сотының шешімімен толық ақталғанда жан дүниемдегі толқынысты тілмен жеткізу қиын. Әскери қызметіме қайтадан құлшына кірістім. Санап отырсам, қудалауға түскеніме тұп-тура 7 жыл, 9 ай, 22 күн болыпты. Бүкіл жұмыс өтілдерім қайтадан қалпына келтірілді. Республика ішкі әскері шығаратын «Қалқан» газетінің Петропавл әскери бөлімінде ұзақ жыл бойы меншікті тілші қызметін атқардым. Шенім прапорщиктен майорға дейін өсті.  

Егеменді ел боламын деп шарқ ұрған...

– Боташ, желтоқсан оқи­ғасы жайлы аз айтылып жүр­ген жоқ. Десек те, демо­кра­тия­лық өскіннің тұңғыш қар­лы­ғаштарына баланып жүрген жастарымыз жайлы жергілікті жерлерде аз білетін секілді. – Біз Желтоқсан жөнінде сөз еткенде, көбіне Алматыны ғана әңгімелейміз де, өзге қалаларға онша мән бермейміз. Мәселен, көптеген солтүстікқазақстандық жастардың еліміздің әр өңірлерінде өткен қозғалыстарға, шерулерге, митингтерге қатысқаны белгілі. Желтоқсан құрбаны Нұржан Қали­­асқаров атында қоғамдық ұйым бар. Қазір оның есімі ерекше құрметпен аталады. Ол Алматы сәулет-құрылыс институтының бірінші курсында оқып жүргенде курстастарымен бірге екі күн бойы Брежнев алаңында болған. Қайрат Рысқұлбековпен бір бөлмеде жатқанын біреу білер, біреу білмес. Жаппай жазалау кезінде ұсталып, ауыр соққы алған. Қо­ғамға қарсы бейберекетсіз іс-әрекетке қатысқаны үшін кеңестік студентке лайықсыз деп табылып, оқудан, комсомолдан шығарылған. Қайтадан оқуға түсуге екі рет барса да, құжаттарын қабылдамай қойған. Кейін «желтоқсаншы» екенін жасырып, Алматы ауыл шаруашылығы институтына оқу­ға түскен. Алған жарақатының асқынуы салдарынан 28 жасында көз жұмған. 1996 жылдан бері волейболдан Нұржан Қалиасқаров атында турнир т­ұрақты өткізіліп келеді. Ол оқыған Тимирязев ауданындағы Ақсуат мектебінің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды. Оқу орындарында, кітапханаларда тақырыптық кештер ұйымдастыру дәстүрі қалыптасқан. Сол сияқты Қайрат Оспанов, Жанна Досполова, Боташ Дайыров, Дулат Ғабдуллин, Ләз­зат Сапарова, Бағдат Мұқа­нова, Еділ Қожабеков, Нұркен Төлеков секілді жерлесте­ріміздің бірі сотталған, бірі мен секілді қудалауға ұшыраған. Айта берсе, мұндай мысалдар аз емес. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы