Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай біз елімізде орын алған тарихи мәні зор көптеген оқиғалардың куәгері және олардың тікелей қатысушысы болғанымызды айқын сезінеміз.
Жуырда ғана ел Парламенті жиырма бес жылдағы жетістіктерімізді айшықтайтын тарихи құжат – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Декларацияны қабылдады. Онда Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіздігімізді нығайтудағы, қазақстандық мемлекеттігімізді қалыптастырудағы негіз қалаушы рөлі айқын көрсетіліп, халқымыздың қуатты және пәрменді мемлекет құру арманының жүзеге асқаны баяндалды.
Отанға деген сүйіспеншілік пен өз елі үшін мақтаныш сезімін оятатын Декларация халқымыздың қол жеткізген табыстарын нығайтып, оны одан әрі өркендетуге ынта беретін лайықты үлгі болып, өскелең ұрпақ үшін зор тәрбиелік мәні бар мақсаттарға қызмет ететініне кәміл сенемін.
Тұңғыш Президент өзінің алғашқы Жарлықтарының бірімен Семей ядролық сынақ полигонын жауып, еліміз жойқын күші бар ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Семей полигонының жабылуымен ядролық қарусыз әлем құру жолындағы жаһандық процестің жаңа кезеңі басталды. Бүгінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Елбасының және Қазақстанның осы саладағы күш-жігері мен табанды бастамаларын құрмет тұтады. Ұйымның шешімімен барша адамзат 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде атап өтуде.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары мемлекеттік шекарамызды бекіту ісі аса үлкен стратегиялық маңызға ие болды. Елбасының кемеңгер саясатының арқасында бұл аса ауқымды жұмыс сәтті атқарылды. Қазақстан өзінің мемлекеттік шекарасын заңды түрде ресімдеп, делимитациялады, өз аумағының барлық ауқымы бойынша тату көршілік белдеуін қалыптастырды. Сайып келгенде, шекараны шегендеу – мемлекетіміздің салиқалы халықаралық саясатының және Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей жеке беделі мен күш-жігерінің арқасында жүзеге асқаны ақиқат. Бұл тәуелсіздік жылдары ішінде ел тарихындағы баға жетпес жетістіктеріміздің бірі болып табылады.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Елбасының басшылығымен отандық дипломатия халықаралық саясаттағы ірі жеңіске қол жеткізді. Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінің арасында алғашқы болып Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланды.
Бүгінде Елбасымыз мемлекетімізге, Қазақстан қоғамына ауқымды стратегиялық міндеттер қойып отыр. Әлемнің озық 30 елінің қатарына енуді көздеген «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын табысты орындау баршамызға үлкен жауапкершілік жүктейді.
Өткенге көз жіберсек, шын мәнінде, дербес елдің саяси жүйесін қалыптастыру, экономиканы қайта жаңғырту, әлеуметтік басымдықтарды анықтау үшін ең алдымен сенімді әскери жүйе құрылуы қажет еді. Сол себепті азаттықтың ақ таңы атқан сәттен бастап, мемлекет шешкен аса маңызды міндеттердің ішінде елдің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын, халқымыздың бейбіт және тыныш өмірін сенімді қорғауға қабілетті армия құру проблемалары Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерекше қамқорлығында болды.
1992 жылғы 7 мамырда Елбасымыз «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлыққа қол қойды. 1993 жылғы 11 ақпанда мемлекетіміздің алғашқы әскери доктринасы қабылданды. Осылайша Тәуелсіз Қазақстанда қорғаныс саласының алғашқы құқықтық негізі қаланды.
Дәп сол кезеңде әскери салада тез арада шешілуі тиіс түйткілді мәселелер жетіп-артылатын. Әскерлерімізді ыдыраған КСРО құрамынан алып, Қазақстанның заңды құзыретіне көшіру жағдайында қару-жарақтың, әскери техниканың, материалдық құралдар мен базалардың сақталуын қамтамасыз ету міндеті өткір мәселе күйінде тұрды. Бұл ретте әскерлердің жауынгерлік деңгейін төмендетуге де жол бермеу керек болды. Дербес әскери құрылыс тәжірибеміздің болмауына, өтпелі кезеңнің қиындықтарына қарамастан, Жоғарғы Бас қолбасшының тікелей басшылығымен біз қысқа мерзім ішінде Қарулы Күштерімізді құра алдық. Ол тәуелсіздік жылнамасына жазылған тарихи ақиқат.
«Кадр бәрін шешеді» демекші, ең алдымен, жедел қимылдайтын әрі жауынгерлік дайындығы мықты сарбаздарды даярлауға көңіл бөлдік. Қарулы Күштер беделін төмендетіп алмау мәселесі де ұдайы назарда болды. Ол үшін сол кезеңнен күні бүгінге дейін қазақстандық әскерилер өздерінің жауынгерлік шеберлігін тұрақты түрде шыңдап келеді. Осы ретте, Елбасының Ұжымдық қауіпсіздік келісім шарты ұйымына қатысушы мемлекеттердің жылдам әрекет ету күштерін құру бастамасы айрықша серпіліс бергенін айтып өткім келеді. Заманауи қару-жарағы бар кез келген қарулы қақтығыстың алдын алуға немесе тойтарыс беруге қауқарлы күштің қажет екенін, бүгінгідей дүрбелеңге толы кезең айқын дәлелдеп отыр.
Төл Қарулы Күштерімізге қажет мамандарды даярлау және олардың кәсіби шеберлігін шыңдау мен әлеуметтік түйткілдерін шешу мәселелерін Жоғарғы Бас қолбасшы әрдайым жіті назарда ұстап келеді. Елбасы тапсырмаларына сәйкес, әскери қызметкерлерді тұрғын үймен, еңбекақы және зейнетақымен қамтамасыз ету мәселелері рет-ретімен шешімін тауып, заңнамалық тұрғыдан бекітілуде.
Бүгінгі таңда, қорғаныс саласына қажетті мамандар өз елімізде даярлануда, оған толық жағдай жасалды. Әскери білім беру жүйесіне енген жоғары әскери оқу орындары заман талабына сай бағдарлама бойынша білім беруде. Сонымен қатар, көптеген екіжақты келісімдер негізінде Ресей, АҚШ және Еуропаның жетекші елдерінің әскери білім ошақтарында дәріс алып жатқан мамандарымыз да бар. Бір сөзбен айтқанда, кадр даярлау мәселесі де ойдағыдай жүзеге асуда.
Менің пікірімше, Қарулы Күштерімізді әскери-техникалық құралдармен жарақтандыру мәселесіне баса назар аудару қажет. Ең алдымен, әскерлердің иелігіндегі қару-жарақ пен әскери техниканы ақаусыз ұстап тұру болса, екінші кезекте, ұрыс алаңында қарулы қақтығысқа мейлінше оң септігін тигізетін техника мен қару-жарақты сатып алу керек. Үшінші кезеңде, негізгі әскер түрлеріне арналған қаруды толықтай қайта алмастыру өзекті. Бұдан басқа, ақпараттық технологиялардың алар орны ерекше. Тиісінше, осы салаға және байланысты барынша жетілдіруге де ден қоятын уақыт жетті. Жалпы алғанда, қолда бар жауынгерлік техника паркіндегі үлгілерді жаңарту мен жаңғырту мүмкіндіктерін қарастыру және отандық қорғаныс-өнеркәсіптік кешенді дамытуға күш салу керек. Бұл тұрғыда Елбасының шешімімен жуырда құрылған жаңа Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі осы мәселелердің оңтайлы шешілуіне қызмет ететініне сенімдімін. Бұл орайда, Елбасы – Жоғарғы Бас қолбасшы Н.Ә. Назарбаев: «Басқа мемлекеттер сияқты Қазақстан да өзінің қорғанысқа қабілеттілігін нығайтуды бүкілхалықтық іс және мемлекеттің ең басты мұраттарының бірі деп санайды. Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау», – деді. Демек, ойымды қорытындылар болсам, Мәңгілік Ел болу жолындағы ұлы міндеттерді орындау үшін қорғанысымыз нық, әскеріміз айбынды бола бергені жөн.
Мұхтар АЛТЫНБАЕВ,
Парламент Сенатының депутаты, Халық Қаһарманы