• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
02 Қыркүйек, 2011

Астық молшылығы маңдай термен келеді

468 рет
көрсетілді

«Арпа-бидай ас екен, алтын- күміс тас екен» депті ілгерідегі халық даналығы. Адам өмір сүруі үшін азық-түліктің қанша­лықты маңызды екенін айтып жатудың өзі артық. Елімізде азық- түлік қауіпсіздігін сақтау­дың маңызы да ерекше екені айқын. Кезінде астықтан миллиард пұт беріп аты шыққан республикамыздың қазіргі таңда да талай елді өзіне тәуелді етіп отырғаны көңіл сүйсіндіреді. Алайда мұның барлығы да табан ақы, маңдай термен келетінін біреу білсе, біреулер біле бермейді. Республиканың ас­тық­ты жерлері са­на­латын сол­түс­тік облыс­тарда бүгінгі таң­да орақ науқаны басталды. Биыл­ғы бітік шыққан егін мен оның ендігі жағдайы жөнінде жуыр­да «Азық-түлік келісім-шарт корпора­циясы» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Бейбітхан Кабдрахманов БАҚ өкілдері үшін баспасөз-мәслихатын өткізді. Биылғы жылы оры­латын астық 18,9 млн. тонна болады деп жоба­ла­нып отыр. Бұл әрине, жақсы нәтиже деп ба­ғалайды мамандар. Жаңа егін­нің астығы мен бұрынғы жыл­дан қалған астықты есептегенде елдегі астық көлемі 22,0 млн. тоннаны құрамақ. Оның ішінде еліміздің ішкі қажеттілігіне 8 млн. тонна жеткілікті деп есептелсе, ашық саудаға шығары­латын астық көлемі 14 млн. тонна болмақшы. Сондай-ақ елі­міздің ас­тықты экспортқа шы­ғаратын елдерінің негізгі бағыты Орталық Азия және Каспий маңы ай­мағындағы елдер бо­лып отыр. 2011-2012 жылдар аралығында осы бағыттарға Қа­зақстаннан шығарылатын экс­порттық астық пен ұн көлемі 6,0 - 6,5 млн. тонна шамасында десек, ішкі рынокта қалатын астық көлемі 7,5- 8,0 млн. тонна мөлшерінде. Еліміздегі бұл жағ­­дай астықтың қалған бөлігін сақтап қалу қиындығын және оның сапасы мен бағасының төмендеп кету қаупін туын­датады. Еліміздегі астық рыногын реттеу мен оның ішкі рынокта артық қалып қою мәселесін болдырмау мақсатында астық сату корпорациялары ауылша­руа­шылық тауарларын өндіру­шілерден 5 млн. тонна бидай сатып алу және 2,5 млн. тонна бидайды баламалы бағыттарға экспортқа шығаруды жүзеге асы­ру шараларын қолға алмақшы. Баршаға мәлім, еліміздің астық рыногында тепе-теңдікті қамтамасыз ету үшін корпорация мемлекеттің астық өндірісі мен экспортқа шығаруды жү­зеге асыру саясатына қолдау көрсету мақсатында, жыл сай­ын еліміздің мемлекеттік және коммерциялық ресурс­тарын­дағы ауыл шаруашылығы тауа­рын өндірушілерден астық сатып алуды жүзеге асырмақ. Сонымен қатар, сатып алу операциялары еліміздегі астық бағасын қолдау мен оған сұ­ранысты қалыпты жағдайда ұстап тұру және өндірістің рентабельділігін қамтамасыз ету үшін қажет. Ағымдағы жылдың күзінен бастап 2011 жылғы астықтың тоннасын 25 мың теңгеден 3 сұрыптағы 5 млн. тонна астық сатып алуды жүзеге асыру да корпорацияның алдағы жоспар­лары қатарында тұр. Өндіріс рентабельділігін сақтау үшін астық шағын және орта дең­гейдегі ауылшаруашылық тауар өндірушілерінен  сатып алын­бақ. Бұл шара ішкі астық ры­ногындағы тепе-теңдікті сақтау, ауылшаруашылық тауар өндіру­шілерінің қаражат жағдайын жақсарту және 2012 жылғы көктемгі егін науқанына дайын­дықты қамтамасыз етуге негіз болмақ. Өткен жыл қуаңшылықпен және дәнді-дақылдар өндірісі­нің азаюымен есте қалғаны белгілі. Ірі экспорттаушылар ішкі рынокты қорғау мақсатында азық-түлік бидайын экспорт­тауға тыйым салып, осының сал­дарынан барлық әлемдік биржалар бидай бағасын күрт көтеріп жіберді. Құрғақшылық салдарынан егіс түсімі де нашар болып, нәтижесінде бүгінгі таңда орташа түсім көп жылғы көрсеткіштерге қарағанда тө­мен болған. Бұл ретте нанның бағасын ұстап қалудың маңыз­ды екендігі де айқын-тын. Ал бірінші сұрыпты ұнның, бидай наны мен макарон өнімдері бағаларының көтерілуіне жол бермеу және республиканың барлық аймақтарын азық-түлік бидайы және ұнымен қамта­масыз ету мақсатында облыс әкімдіктері, Алматы және Астана қалаларының әкімдіктері арасында меморандумдарға қол қойылған. Былтырғы жылдың күзінен басталған бұл жұмысты қазірге дейін жалғастырып отыр­ған корпорация нан бағасының көтерілуіне жол бермеу үшін азық-түлік бидайының тонна­сын жергілікті атқарушы органдар белгілеген өңдеуші кәсіп­орындарға әрбір аймақ үшін белгіленген квоталар шеңбе­рінде беріп отырған жайы бар. Рыноктағы бидай бағасы ең жоғары деңгейге дейін көтері­лер болса, отандық ұн тартатын кәсіпорындарға оны нарықтық бағамен сатып алу тиімсіз бол­мақ. Осы субъектілерге Азық-түлік корпорациясы тарапынан дер кезінде көрсетілген көмек оларға астықты тиімді бағамен сатуға мүмкіндіктер берген. Астық экспорттаудың мөл­шерін ұлғайтуға және жаңа бағыттардың дамуына септігін тигізетін инфрақұрылымдық ны­сандар желісін құруға бағыт­талған үш жоба бар екен. Олар­дың барлығы Каспий теңізі маңына шоғырланған. Ақтау теңіз портында өткізу мүм­кін­дігі жылына алты жүз мың тоннаға дейінгі астық терми­налы салынған. Бұл Азық-түлік корпорациясының жүз пайыз­дық бағынысты кәсіпорны болып табылады. Бұл жоба­лардың барлығы қазақстандық бидайдың экспорттық әлеуетін арттыруға себеп болуда. Бидайды терең өңдейтін зауыт салу да компания жос­парында тұр. Ол үшін жылына өндірістік қуаттылығы 100 мың тонна бидай өңдейтін зауыт салынбақ. Бұл зауытта жоғары экспорттық әлеуетке ие соңғы өнім болып табылатын глютена және глюкоза- фруктозалық сироптар өндірілмек. Зауыт жобалау сатысында. Оларға қазіргі таңда азық-түлік өндірісінде үлкен сұраныс болып тұр. Осы жобаның жүзеге асырылуына шетелдік инвесторлар тарту да жоспарланған. Оған жапондар, голландтар үлкен қызығу­шылық білдіруде екен. Азық-түлік корпорациясы сайып келгенде елдегі нан ба­ғасының бірқалыпты болаты­нына жұршылықты сендіріп отыр. Қорыта айтқанда, корпорация тарапынан елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданған іс-шаралар мен атқарылып жатқан жұмыстар барысы осындай. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.