Алматы облысы әкімінің орынбасары Тынышбай Досымбеков бастаған делегация Солтүстік Қазақстан облысында болып, өңірлік қарым-қатынасты одан әрі баянды етудің нақты жолдарын қарастырды. Құрамына түрлі құрылым, бизнес өкілдері енген топты аймақ басшысы Серік Біләлов қабылдап, бүгінде қызу өріс алған егін орағының барысымен таныстырды. Күрделі ауа райы жағдайына қарамастан бітік егінді жинауға барлық күш-жігер жұмылдырылып отыр, озық технологиялар кеңінен қолданылуда. Жетісулық делегация жетекшісі өз кезегінде екіжаққа да пайдалы іскерлік қарым-қатынастың 2008 жылдан орнағанын, осы сапарда астықты аймақтан 100 мың тонна бидай сатып алуға мүдделілік танытып отырғандарын айта келіп, күріш, өсімдік майы, сарымсақ өнімдерімен, аккумулятор батареялары, құрылыс материалдары секілді өнеркәсіп тауарларымен қамтамасыз ете алатындарын жеткізді. Бәсекеге қабілетті өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өнімдерін көптеп өндіру, бағаның қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелерін қамтитын меморандумға қол қойылды. С. Мұқанов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада қос өңірдің кәсіпкерлері кездесіп, отандық тауарлар үлесін арттыру, нарық қиындықтарын бірлесе игеру мәселелеріне қатысты пікірлер алысты. Жергілікті жерлерде жұмыс істейтін кәсіпорындардың еңбек ырғағымен танысты.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.