• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
02 Қыркүйек, 2011

Өз кадрларымыз сенімдірек

379 рет
көрсетілді

ENRC компаниясының тобы Павлодар облысында болашақта өз өндірісінде жұмыс істейтін қызметкерлерді ойдағыдай дайындау үстінде. Соңғы жылдары Қазақстан эко­номикасы күшейіп, жаңа өнді­ріс орындары ашыла бастады, елімізде жоғары білікті кадрлар тап­шылығы орын алды. Бұның себептері туралы ұзақ және көп айтуға болады. Қоғамдағы өндірісте нақ­ты өнімді дайындаушылар беделі негізсіз төмендетілді (нәтижесінде – барлық жастар заңгер, экономист және банкир болуға тырысты) жә­не көптеген лицейлер мен кәсіп­тік мектептер жаңа нарық жағдай­ын­да жұмыс істеуге дайын емес еді. Бұл жағдайда көптеген өндіріс орындары еңбек нарығын «аралап», бос орындар жәрмеңкесінде білімі мен тәжірибесі бола тұра, жұмыс таба алмай жүрген адам­дар­ды іздестіріп, немесе жұмыс­кер­лер мен ИТЖ оқытуға мән бермей, оның орнына көршілерінен жұмысшыларды өз жағына шақы­ру­мен айналысты. Бірақ басқа да жолы бар еді: Біршама шығынға батыратын, дегенмен де ұзақ уақытқа есептелген келешегі зор және мықты қондырғысы бар жол. Міне, осы жолмен жүріп өткен ENRC корпорациясы өзінің өндіріс орындары үшін кәсіпорындарда оқу секторларын құра отырып, кадрларды дай­ындауды қолға алды. Осының дәлелі ретінде «Қазхром» ком­па­ниясы (ENRC құрамына кіреді), оның филиа­лы – Ақсу ферроқорытпа зауыты мен Ақсу № 19 кәсіптік лицей арасындағы осы оқу орнын қосымша қаржыландыру туралы үш жақты келісімге қол қойылды. Сол 2009 жылы шеф-өндірісшілер жыл сайын лицей үшін 27 және одан да көп миллион теңгені өндірістік база­ны дамыту мен қызметкерлердің дайындығын жақсартуға жұмсауға уәде берді. Бұл жерде, № 19 кәсіптік лицейдің бұған дейін де ондаған жылдар бойына Ақсу ферро­қо­рытпа зауыты үшін бірнеше мамандық бой­ынша жұмысшыларын дайындап келгенін айт­пасқа болмайды. Тіпті зауыт жұмысшы­ла­рының 50 %-ы, оның ішінде бөлімшелер мен АФЗ қызметтерінің басшылары – лицейдің бұрынғы түлектері екені де айқын. Алайда, қазіргі уақыт ағымы инженерлермен бірге қатардағы қызметкерлерге де қатаң кәсіптік талаптар қойып отыр. Бұны «Қазхром» бас­шылығы да, жоғары санатты мұғалім, ҚР білім саласының құрметті қызметкері, ҚазКСР кәсіптік білім ісінің үздігі, педагогикалық еңбек шебері Федор Иосифович Кисенков басқаратын лицей ұжымы да түсінді. Лицей мен инвесторлар одағы не нәтиже берді? Сұхбаттарының бірінде Ф.Кисенков былай деді: – Бүгінгі күні лицей – бұл қазіргі заманғы, жақсы жарақталған оқу орны, оның қабыр­ғасында тәжірибелі оқытушылар еңбек етуде. Осының арқасында білім алушылардың көп­шілігі диплом жұмыстарын «бес» және «төрт» бағасына қорғап келеді. Лицейді аяқтаған кезде түлектердің жалпы санының басым көп­шілігі кәсіптік разряды белгіленген нормадан артық және 44%-ы сол нормаға сәйкес келеді (АЗФ қаржысы есебінен қосымша мемлекеттік тілде оқитын көпір кранының машинистері, металл мен қоспа балқытушылар дайын­далды – автордың ескертпесі). «Қазхром» ТНК» АҚ мен АЗФ әріптес­ті­гінің бағдарламасында өндірістік практиканы ұйымдастыру мен лицейдің оқу-материалдық базасын нығайтудан өзге, білім алушылардың практикасына жетекшілік ететін ұстаздарға үстеме ақы, оқу озаттары мен үздіктеріне стипендиялар, инженер-педагогикалық ұжым мү­шелерін көтермелеу шаралары қарастырыл­ған. Күрделі жөндеу, практикалық жұмыстар үшін материалдар, арнайы киімдер, әдебиет пен жиһаз сатып алуға да қаржы бөлінді. …Бұнымен лицей мен зауыттың әріп­тес­тігі шектелген жоқ. КЛ-19 емтихан комис­сия­сының төрағалары – бітіруші біліктілік емти­хандарында түлектердің білімі мен прак­ти­калық білік-дағдыларына әділ баға беретін АЗФ негізгі мамандары болып табылады. Нә­ти­жесінде, соңғы жылдар ішінде лицей оқу­шы­лары облыстық «Мамандығы бойынша үз­дік­тер» конкурсында бірінші орынды иеленуде. ENRC корпорациясының павлодарлық № 7 кәсіптік лицеймен де осындай әріптестігі бар. Ағымдағы жылдың сәуір айында 2011 жыл­ға корпорация мен облыс әкімдігі ара­сын­да әлеуметтік жобаларды іске асыру жө­нін­дегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісім баптарының бірінде лицейдің материалдық-техникалық базасын дамыту үшін «Еуроазиаттық энергетикалық корпорация» АҚ (бұл да ENRC құрамына кіреді) 73,3 млн теңге бөлетіні туралы тармақ бар. Кәсіпорынның қаржысы есебінен кәсіп­тік лицей шеберханалары, зертханалары мен цехтары толықтай жаңартылатын болады. – Бүгінгі күні лицейдің техникалық база­сы ескірген, – дейді «№7 кәсіптік лицей» ММ директоры, химия ғылымдарының кандидаты Александр Васильевич Болдашевский. – Соңғы рет жаб­дықтар кеңес жылдары ауыс­ты­рыл­ған болатын. Олар негізінен 70-жылдары шығарылған. Қазіргі кезде, әсіресе ENRC тобына кіретін өндірістік кәсіпорындар тез дамып келеді. Оларға техниканың соңғы жаңалықтары болып сана­ла­тын жа­ңа құрал-жабдықтар ор­на­тылу­да. Біз өз тарапымыздан тиісті кадр­ларды дайындауымыз керек. «ЕЭК» АҚ демеушілік көме­гі­нің арқасында біздің лицей өзінің даму тарихында жаңа серпін алып отыр. Ал бұл болса – өңірдің метал­лургтері үшін кадрлар ұстахана­сы десе де болады. Оқу орнының басшысы түсін­дір­гендей, қаражат лицей цехт­а­ры­ның жаңғыртылуы үшін жұмса­ла­ды. Атап айтқанда, шеберханалар: электр­монтажды және аппаратшылар-гидро­ме­таллургтерді дайындау үшін электр және слесарь цехтарын жабдықтау жоспарлануда. Сон­дай-ақ балқытылған тұздарды электро­лиз­деуге арналған зертханаларды да жабдықтау қажет. Оларға қажетті жабдықтар Ресейден са­тып алы­нады. Бұдан өзге, екі компьютер класына арнал­ған 50 жаңа қуатты компьютер сатып алынбақшы. Өңірде кадрларды кәсіптік дайындау ісі ауқымды жүргізіліп жатқанын тілге тиек етеміз. Лицейлердің жағымды рөлін жоққа шы­ғармаған облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев өң­ірде салалар бойынша мамандықтарға оқы­та­тын жұмысшыларды дайындауды топтау жө­нінде ұсыныс жасады және бұл да іске асырылуда. Екібастұзда отын-энергетикалық сектор үшін кадрлар дайындау жөніндегі ірі өңіраралық орталық құрылуда. Павлодарда № 7 кәсіптік лицей базасында ENRC қатысуы­мен кешенді, бірақ металлургиялық орта­лық құру жоспарланып отыр. Тағы бір маңызды жайт, ENRC әлеуметтік жобаларын іске асыру жөніндегі ынтымақ­тас­тық туралы меморандумдар корпорация кә­сіп­орындары орналасқан барлық төрт об­лыс­тың: Павлодар, Ақтөбе, Қарағанды және Қос­танай әкімдіктерімен жасалды. Және де білім беру жобаларына барған сайын көп көңіл бөлінуде. Өткен жылы білім беру ісін дамы­туға корпорация 772,5 млн теңге бөлген болса, биылғы жылы бұл бап 8 млрд. теңгеден астам қаржыны құрайды. Яғни, кадр даярлау – мемлекеттің ғана емес, сонымен қатар өндірістің де ісі болмақ. ENRC көрсетіп отырғандай, мүдделі де пайдалы іс екен. Сергей ГОРБУНОВ. Павлодар облысы. ––––––––––––––– Суретте: оқушы мен тәлімгер. Суретті түсірген Валерий Бугаев.