Астанада бұрқасын, қар және көктайғақ. Синоптиктер алдағы үш күн бойы қатты жел соғатынын болжап отыр.
«Қазгидромет» орталығының хабарлауынша, 21 желтоқсанда Астанада көшпелі бұлт шығып, оқтын-оқтын қар жауады. Түнде және таңертең бұрқасын болады. Оңтүстік-батыстан соққан жел солтүстік-шығысқа ауысып, жылдамдығы 9-14 м/с жетеді, түнде және таңертең 15-20 м/с дейін күшейеді. Ал сынап бағанасы түнде -13...-15°С дейін төмендейді.
22 желтоқсанда да осындай ауа райы сақталады, күн бұлтты, оқтын-оқтын қар жауады, бұрқасын тұрады. Оңтүстік-шығыстан 9-14 м/с жылдамдықпен соққан жел 15-20 м/с дейін күшейеді. Ауа температурасы түнде -22...-24°С, күндіз -12...-14°С.
23 желтоқсанда көшпелі бұлт шығады, оқтын-оқтын қар жауады, бұрқасын тұрады. 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады, ауа температурасы түнде -31...-33°С, күндіз -21...-23°С.
Осы уақытта елорданың коммуналдық қызметтері күшейтілген режімде жұмыс істеуде. Өткен тәулікте, 20-21 желтоқсанда қала бойынша 2 093 арнайы техника жұмыс істеді. Қаланы қар мен мұздан санитарлық тазартуға 2 524 жол жұмыскері тартылды. 634 т. м құм-тұз қоспасы, 29,5 тонна «Айсмелт» реагенті себілді. 42 980 т. м қар жиналды, деп хабарлады Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.
Астана қаласы төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, желдің күшеюіне және жолдың нашар көрінуіне байланысты халықаралық тасжолдар мен республикалық маңыздағы магистральдарда енгізілген шектеу сақталуда.