Геннадий Головкиннің жаттықтырушысы Абель Санчес америкалық боксшы Дэниэль Джейкобспен өтер жекпе-жек жайлы өз пікірін білдірді. Бұл туралы vesti.kz хабарлады.
«Дэнни білікті боксшылардың бірі. Ол Дмитрий Пирогқа есе жібергеннен кейін сегіз қарсыласын нокаутпен жеңген. Бірақ алдағы кездесуде бәрі басқаша болады. Головкин осал адам емес. Ол Джейкобсты да, оның пікірін де сыйлайды. Меніңше, наурыз айында әлем күткен шоулардың бірі болады», – деді Санчес.
Абель Санчес осыған дейін Джейкобстың жеті раундтан ұзаққа шыдайтынына күмәнмен қарайтынын айтқан. Сонымен қатар, дүйім жұртқа айқастан кейін америкалық спортшының қазіргі сұхбаттарын тағы бір мәрте оқуға кеңес берді.
«Оның әсіресе, оң қолы мықты. Бірақ шаршы алаңда Геннадийдің алғашқы соққысынан кейін ол бұған дейінгі пікірін өзгертетін болады», – деді жаттықтырушы.
Айта кетейік, қос боксшының арасындағы айқас 18 наурызда Нью-Йорк қаласындағы Madison Square Garden аренасында өтеді.