• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
15 Қаңтар, 2010

САРАБДАЛ САЯСАТТЫҢ САЛТАНАТЫ

2740 рет
көрсетілді

“Осындайда бақыт туралы толғанасың. Эн­ци­клопедиялық сөздіктер адамның өмір қызығы мен қуанышына, рахатына қанағаттану дәре­же­сін танытатын этикалық ұғым деп түсіндіретін, негізінде адамның өмірі мағыналы және нә­ти­же­лі болған кездегі ризашылық сезімінің қа­лып­та­суы жатады деп саналатын бұл категория көп мағыналы. Махаббат қуанышы, бала-шағаның қызығы, табысқа қол жеткізу, алға қойған мақ­сат­тың орындалуы… бұлардың бәрі де бақыт­тың белгілері. Осылар бір басыңнан түгелдей табылып жатса жақсы. Түгелдей табылмаса ше? Өмірде не болмайды? Басыңа не түспейді? Тағ­дырдың алдан не тосарын жалғыз Жаратқан Иеміз ғана біледі. Асылы, бір басыңның бақы­тын еліңнің бақытымен байланыстыра, біртұтас қарай алсаң ғана кемел кісілікке беттей білген боласың. Ең баянды бақыт – еліңнің бақыты. Ең биік мәртебе де, ең мәнді, ең мәңгі мәртебе де – мемлекетіңнің мәртебесі. Американ демо­кратиясының атасы Т.Джефферсон “Тәуелсіздік декларациясында” мемлекет бақытқа ұмтылуға тиіс екенін айтқан. Осы тұрғыдан қарағанда 2007 жылғы 30 қараша Қазақ елінің баянды бақытқа жету жолындағы басты белестердің бірі болып саналарына біз кәміл сенеміз”. 2007 жылғы 14 желтоқсанда “Әлемге әйгілі ұйым” айдарының аясында жарияланған “OSCE” атты мақаламызда осылай жазған екен­біз. Венаның “Марриот” отелінде ноутбуктің жадынан суырып алын­ған бұл сөйлемдер Мадридте өткен Еу­ропадағы қауіпсіздік пен ын­ты­мақтастық ұйымына мүше мемле­кет­тер Сыртқы істер министрлері кеңесінің жалпы отырысында Қа­зақ­стан Республикасы Ұйымның 2010 жылғы төрағасы болып сай­лан­ғанына байланысты біздің іле-шала Венаға арнайы барып қайтқан сапарымыздан кейін қағазға түскен еді. Зымырап бара жатқан заман. Содан бері де екі жылдан астам уа­қыт өте шығыпты. Бұл екі жылда мына дүние талай өзгеріске түсті. Ол кезде жұрт жаңа-жаңа ауызға ала бастаған жаһандық қаржы дағ­да­рысы бүкіл әлемге дендей еніп кетті. Бұрын экономистер ғана білетін “рецессия” деген сияқты терминдер тілімізге оратыла беруге айналды, жалпы Жер бетінде ақша азайды, ақша азайған соң өнім тұ­ты­ну азайды, өнім тұтыну азайған соң өндіру азайды, өнім өңдіру азай­ған соң өнім өткізу азайды, өнім өткізу азайған соң шикізат құны күрт төмендеп кетті, “Опель” сияқты алып концерндер күйреп түсті, жүздеген банктер банкрот болды, тіпті Исландия сияқты тұтас елдердің банкроттыққа ұшыраған жағдайлары да кездесті. Сана да өзгерді. Осыдан жарты ғасырдай ғана бұрын ақ нәсілділер бір авто­бусқа, қара нәсілділер бір автобусқа бөлініп мінетін Америка қара өңді азаматын Президент сайлады. Иә, көп дүние өзгерді. Өзгере қоймаған нәрселер де бар. Солардың бірі – Қазақстандағы жағдай. Әрине, бізде де көп қиындық болды. Бәрінен қатты батқаны – экспортымыздың жартысына дейін қысқарғаны. Оған қоса батқаны – сол қысқарған экспорттың баға­сы­ның күрт түсіп кеткендігі. Мысалы, мұнайдың бағасы 4 есе арзандады. Сонда да Қазақстан сыр берген жоқ. Елбасымыздың ерте жарықта, елден бұрын ойластырып құрған Ұлттық қорының арқасында, экономиканы әртараптандырудың, шикізатқа тәуелділіктен құтылудың қамын қарастырғанының арқа­сын­да мемлекетімізде жалақы да қыс­қар­ған жоқ, зейнетақы да қыс­қар­ған жоқ, шәкіртақы да қысқарған жоқ, қайта бұрын межеленгендей мөлшерде өсіп отырды, елде жап­пай жұмыссыздыққа жол берілмеуі былай тұрсын, өнім өндірудің азаюы­на байланысты жұмыс орындарының қысқартылуына да жол берілмеді. Осының бәрі жи­на­лып келгенде Қазақстанның тәуел­сіздік тарихындағы жасампаздық жұмысының ең жарқын жетістігі болып табылатын ұлы оқиғаға – Еуро­падағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымына төрағалық етуге кірісуіне көтеріңкі көңіл-күй­мен келуіне мүмкіндік жасады. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуропадағы қауіпсіздік және ын­ты­мақтастық ұйымына төрағалық ету­дің біздің еліміз үшін мән-маңызын кеше, 2010 жылғы 14 қаңтарда – әлемнің ең әйгілі, ең салтанатты сарайларының бірі – Хофбургтегі Нойер залында Интернет жүйесі ар­қылы бүкіл әлемге тікелей эфир­ден таратылған Үндеуінде де келісті ашып берді (Үндеудің мәтіні бөлек жарияланып отыр – ред.). Нұрсұлтан Назарбаевтың Үн­деуін ЕҚЫҰ-ға мүше 56 ел де­ле­га­ция­лары ықыласпен тыңдады. Ұйым Тұрақты кеңесінің инау­гура­ция­лық мәжілісінен кейінгі баспа­сөз мәслихаты кезінде де, ел-елден келген министрлердің қысқа лебіз пікірлерінде де Қазақстан басшы­сы­ның өз мемлекетінің төраға­лық­қа адамзат тарихындағы ең бір күр­делі кезеңде кірісіп отырғандығын барынша сергек сезіну сүйсінт­кен­дігі атап айтылды. “Осыдан екі жарым жыл бұрын, Тұрақты кеңестің алдында сөз сөй­легенімде мен ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің Сыртқы істер министрлері 2007 жылғы 30 қарашада Мадридте Қазақстанның Ұйымға 2010 жылы төрағалық етуіне байланысты әділ шешім қабылдайтынына үміт ете­тінімді айтқан едім. Құдайға шүкір, дәл солай болып шықты. Соның ар­қасында бүгін мен, құрметті әріп­­тестерім, Сіздердің алдары­ңыз­да ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­аға­сы ретінде сөйлеу құқына ие болып тұрмын” – Мемлекеттік хат­­шымыз – Сыртқы істер ми­нистрі Қанат Саудабаев кеше тұң­ғыш рет осы биік лауазыммен сөй­ле­­ген сөзін осылай бастады. ЕҚЫҰ-ның тәртібі бойынша төр­ағалық етуші елдің Сыртқы істер министрі Ұйымның Іс басындағы төрағасы саналатынын еске салып, кешегі, біз үшін тарихи мәжіліс ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің 789-шы мәжілісі екенін де қағазға түсіре ке­телік. Осының бәрі Тәуелсіздік ше­жіресінің деректері. Осының бәрі тарих. Көз алдымызда жасалып жатқан тарих. Мадридтегі шешім халықаралық қоғамдастық тарапынан Қазақстан­ның, оның көшбасшысы Нұрсұл­тан Назарбаевтың тәуелсіздік жыл­дарында экономикалық жағынан қуатты, демократиялық тұрғыдан ұдайы даму үстіндегі мемлекет құру жолындағы табыстарын, елдің өңір­лік және жаһандық қауіп­сіз­дік­ті қамтамасыз етуге қосқан үлесін объективті бағалаудың ғана емес, ЕҚЫҰ-ның өзінің Венадан екі беттегі Батыс пен Шығыс елдерін нақты жақындастыруға, Ұйымды жаңартуға, нығайтуға, бүгінгі күн­нің нақты болмысына бейімдеуге деген ұмтылысын танытудың да келісті көрінісі. Осылай деген Қа­нат Саудабаев Қазақстан Прези­денті­нің жаңа ғана жария етілген Үн­деуінде Ұйымның алдында тұр­ған міндеттердің сараланып көр­се­тілгенін, еліміздің Төрағалықты атқару кезіндегі маңызды басым­дық­тары айқын ашылғанын да айтты. Қанат Саудабаевтың сөзінде Ресей Федерациясының Еуропа қауіпсіздігі жөніндегі Шарт жасау туралы бастамасын талқылау идея­сына қолдау білдірілді. 1999 жылғы Вена құжатын жаңғырту жаңа Шарт жасаумен қоса-қабат жүр­гі­зілуге тиіс. Қазақстан Қауіпсіздік саласындағы проблемаларға шолу жасауға арналған жыл сайынғы конференцияны дайындауға көп көңіл бөлетін болады. Сондықтан да мен Іс басындағы төраға ретінде өзімнің алғашқы сапарымды ақпан­ның ортасында Оңтүстік Кавказ елдеріне жасағалы отырмын, ол жер­дегі қақтығысты мәселелерді шешуге көмектесетін кез келген ақыл-кеңестеріңізге алғысымды айтамын, деді Қанат Саудабаев. Есірткінің заңсыз айналымға салынуына, лаңкестікке, қазіргі за­ман алға тартып отырған жаңа қа­тер­лерге қарсы күреске де Қазақ­стан баса назар аудармақ. Бұл орай­да Қанат Саудабаев Астанада Лаңкестіктің алдын алу жөнінде конференция шақыруды ұсынды. Әрине, еуропалық қауіпсіздік ұғы­мы бүгінгі таңда құрлықтың аума­ғынан шығып, Еуразияның кең бай­тақ кеңістігін қамтып бара жат­қаны белгілі. Мұндайда алдымен ауызға алынатыны – Ауғанстан­да­ғы ахуал. Бұл елдегі жағдайды жөн­деуге тырысу үшін қарумен қарама-қарсы тұрудан жасампаздық жұ­мыс­қа қарай жылжуға тырысу ке­рек. ЕҚЫҰ-ның, халықаралық коалицияның Ауғанстанға қатысты жұмысының өзегі осы болғаны жақ­сы. Осы орайда айдың аяғында Лондонда Ауғанстанға қатысты ха­лықаралық конференцияға ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде қатысатынын да айтып өтті Қанат Саудабаев. ЕҚЫҰ-ның экономикалық-эко­ло­гиялық өлшеміне қатысты да бір­қа­тар мәселелер қозғалды. Қазақ­стан­ның төраға ел ретіндегі инау­гура­циялық мәжілісте бірден-ақ Арал проблематикасын қозғағаны әбден орынды болды деп ойлай­мыз. Адамдық өлшемге қатысты әң­гімеге көшкенде біздің еліміздің этносаралық, конфессияаралық ке­лісімге қол жеткізудегі халық­ара­лық қоғамдастық мойындаған тә­жі­рибесі ЕҚЫҰ кеңістігінде толы­ғы­рақ танылуға лайықты екендігі еске салынды. Биылғы жылы 29-30 маусым күндері Астанада ЕҚЫҰ-ның толеранттылық пен кемсітпеу жөніндегі жоғары деңгейдегі кон­фе­ренциясы өткізілмекші. Іс ба­сын­дағы төрағаның сөзінде адам саудасы, соның ішінде балаларды саудаға салу жаһандық ауқымға ауысып, трансұлттық қылмыстың құрамдас бөлігіне айналғаны атап айтылды. Заңның үстемдігі мәселесіне тиісінше көңіл бөлінді. Тәуелсіз сот жүйесін нығайтудан бастап сы­ған­дар­дың жағдайына дейін қозғалды. Бұған онша таңданбаңыз. Біздің сту­дент кезімізде “Сығандардың өмір сүру салты – марксизмнің дұрыстығына күмән келтіретін жалғыз фактор” дейтін әзіл сөз болушы еді. Сығандар проблемасы әлемнің көптеген елдеріне ортақ. “Албанияда сығандардың өмір сүру жағдайын жақсартудың ұлттық стратегиясы қабылданған. ЕҚЫҰ ол жақта сығандарды тұрғын ре­тін­де бір жерде тіркелуге, сайлаушы ре­тінде бір жерден дауыс беруге үгіт­теп, сыған балаларын оқытудан үмі­тін үзбей жүр екен...” деп жа­зып­пыз жоғарыда айтылған “OSCE” атты мақаламызда. Төраға ел болған соң осы құрлықтағы мә­селелердің бәрімен де айналысуға тура келеді. Биыл өзі сайлау жылы екен. ЕҚЫҰ-ға мүше 15 елде пре­зи­дент­тік және парламенттік сайлаулар өте­тін болып шықты. Қазақстан Де­мократияландыру және адам құ­қық­тары жөніндегі бюро мен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблея­сын сайлау барысын байқастау ке­зін­де объективтілік пен сындар­лы­лық көбірек болуына септесуге шақырды. Қанат Саудабаевтың сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндеуіндегі айтылған аса күрделі мәселеге – ЕҚЫҰ-ның 2010 жылғы саммитін дайындауға, өт­кізуге де тиісінше көңіл бөлінді. Іс басындағы төраға сыртқы істер ми­нистрлерін биылғы жазда Алма­тыда бейресми түрде кездесіп, сам­мит­тің күн тәртібін белгілеуге, өте­тін уақытын ақылдасуға шақырды. Бұл айтылғаннан саммит мәселесі шешілгендей пікір туып қалмауға тиіс. ЕҚЫҰ-да кез келген шешім тек толық консенсус жағдайында ғана қабылданатынын, яғни саммит жөнінде 56 ел ортақ пікірге тоқтауы керектігін еске салғымыз келеді. Әлемдік қаржы дағдарысына қа­тыс­ты күрделі мәселелер көбейің­кіреп, Батыс пен Шығыстың арасы шиеленісіңкіреп тұрған қазіргідей уақытта қай мәселенің де шешімі қиындаңқырай түсетінін ескермей болмайды. Соның өзінде Тұрақты кеңестің үш сағатқа созылған алғашқы оты­рысынан кейін Іс басындағы төраға ретіндегі баспасөз мәслихатында Қанат Саудабаев Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығындағы басым бағыттары ұйым саммитін өткізу еке­нін тағы да қуаттады. Лайым, со­лай болсын.  Міне, он бір жыл­дан бері бастары қосылмай келе жатқан 56 мемлекет басшыларын бір үстелдің басына жинай алсақ, мұның өзі ЕҚЫҰ жұмысына тың серпін берудің нақты дәлеліне ай­на­латыны анық. Қанат Сау­да­баев­тың баспасөз мәслихатындағы кі­ріс­пе сөзінде Тұрақты кеңес оты­рысында АҚШ-тан бастап ТМД елдеріне дейін өкілдер Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың Үндеуіндегі мақсаттар мен мін­деттерді бірауыздан қолдап сөй­ле­гені атап айтылды. Бұған да қуанып қалдық. Тіл-аузымыз тасқа, Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ-дағы төрағалық жолы жақсы басталды. Жылда айтыс-тартыспен ұзақ талқыланатын Жи­ын­тық бюджет Қазақстан төраға­лығымен жаңа жылдың алдында қа­былданып кетті. Өткен жылғы бюджет сәуірде бекітілгенін сей­сен­бі күнгі мақаламызда жазғанбыз. Мұн­дай жағдай көптен болмаған екен. Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың кешегі Үндеуінде (айтқан­дай, оны www.youtube.com/osce сайтынан өзіңіз де көре аласыз) ЕҚЫҰ-ның жағымды тарихи ре­сур­сының да өз лимиті бар екендігі текке айтылған жоқ. Кез келген ұйым сияқты ЕҚЫҰ да жаңа заман алға тартқан қатерлерге төтеп беру арқылы тыңнан түлеп отырса ғана бұрынғысынан да қажетті, бұ­рын­ғысынан да тиімді бола түседі. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­стан төрағалығының девизі төрт Т бо­ла­ты­нын айтты. Олар – “траст” (се­нім), “традишн” (дәстүр), “транс­паренси” (ашықтық) және “то­леранс” (төзімділік) ұғымдары. Осы төртеуі түгел болса төбе­дегіміздің келеріне, Еуропадағы төбебилі­гіміздің абырой береріне сенеміз. Сәрсенбі мен бейсенбіде мұнда Тұрақты кеңестің арнаулы мәжілі­сі­нен басқа да көптеген іс-шаралар, кездесулер өтті. Нұрсұлтан Назар­баевтың “Қазақстан жолы” кіта­бы­ның австриялық нұсқасының Хоф­бург сарайындағы сәтті ұйымдас­тырылған тұсаукесері кезіндегі әң­гі­мелер өте әсерлі болды. Австрия­ның бұрынғы Федеральдық Кан­ц­ле­рі Ф.Враницкийдің тұсаукесерге шақырылғаны, оған арнайы сөз бе­рілгені орынды шықты. Қанат Сау­дабаев Австрия мен Қазақстанның әу баста ғарышта табысқанын, лауа­зымды тұлға ретінде Бай­қо­ңыр­дағы сол оқиғаға өзі де қатыс­қанын әдемі еске салып кетті. Сәрсенбіде Қанат Саудабаев Австрия Республикасының Феде­рал­ды Президенті Х.Фишермен кездесті. Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрінің Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары А.Костамен, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі шарт ұйымының тұрақты комитетінің атқарушы хатшысы елші Т.Тотпен, ЕҚЫҰ-ның Бас хат­шысы М.П.де Бришамбомен кездесулері өткізілді. Олардың бәрі де маңызды. Олардың бәрінде де маңызды мәселелер қозғалды. Әйт­се де біз олардың бәрін жанталаста жазылып жатқан мына мақалада егжей-тегжейлі қамтып үлгере ала­тын емеспіз. Біз үшін ең негізгісі бұл күндердегі ең басты оқиға – Қазақстан инаугурациясы жайында әңгімелеу. Тарихта есеміз кеткен ел едік. Тәуелсіздік таңы атқалы бері ой­да­ғымыз болып, кемтігіміз толып жатыр. Не берілсе де, адамға да, ха­лыққа да көңілге, пейілге беріледі. Мына ұлы жетістікте, қазақтың даладай дарқан көңіліне, ақша қардай аппақ пейіліне беріліп отыр. Иә, бұл шын мәнінде ұлы же­тістік. Әрине, ЕҚЫҰ-ға жалпы төр­ағалық ету өздігінен ұлы жетістікке жата қоймайды, бірақ біздей жас мемлекет үшін, тәуелсіздік туын тік­кеніне 18 жыл жаңа толған ел үшін, тоталитаризмнен жақында ғана бой ажыратып, демокра­тия­ның еуропалық қалыптарын қабыл­дап үлгерген ел үшін ТМД аума­ғы­нан суырылып шығып, бүкіл түркі тілдес дүниеден суырылып шығып, бүкіл мұсылман әлемінен суыры­лып шығып, бүкіл Азия құрлығы­нан суырылып шығып, осы биікке алдымен көтерілу шын мәнінде ұлы жетістік саналуға тиіс. Осындай тарихи күнде біз Қа­зақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ тарихындағы орны туралы толғанбай тұра алмай­мыз. Назарбаевтың мемлекетқұру­шы ретіндегі синонимі бүгінде бү­кіл әлемге белгілі. Ендігі жерде біз Назарбаевтың мемлекеттанытушы ретіндегі қырын да қоса қабат қа­растыруға құқылымыз. Егемен­дік­тің елең-алаңынан, тәуелсіздіктің таңсәрі шағынан бері Елбасымыз мемлекетті құрумен бірге сол жас мемлекетті сыртта танытумен де қатар айналысты. Ішкі саясаттың сыртқы саясатқа, сыртқы саясат та  ішкі саясатқа ықпал етенінін біл­гендіктен де ат үстінен түспей, түн қатырып, түс қашырып жүріп жұ­мыр Жерді айқыш-ұйқыш аралады. Алыстан да, жақыннан да инвес­тиция тартты, ең бастысы алыстан да, жақыннан да дос арттырды. Эко­номикасы қуатты, ахуалы тұрақ­ты, саясаты сенімді, мығым мемлекет ретінде өз елінің жақсы атын шығарды. Сөйтіп жиырма жылға да жетпейтін мерзімде Қа­зақстанды халықаралық қоғамдас­тық санасатын, сыйлайтын елге айналдырды. Назарбаевтың сараб­дал саясатының арқасында әуелі өз алдымызға үй болдық. Одан кейін би түсетіндей болдық. Енді, міне, би болдық. Елбасымыз ЕҚЫҰ-ға төрағалы­ғы­мыздың мәні жайында жақында Тәуелсіздіктің 18 жылдық тойын­дағы салтанатты жиында айшықты айтты: “Қазақ қазақ болып жара­тылғалы мұндай дәрежеге жетіп көрген емес”. Дәл солай Қуан, қазақ, қуанатын күн бүгін! Қуанышымыз ұзағынан болсын! Сауытбек АБДРАХМАНОВ – Венадан.