Кеше Вена қаласында ЕҚЫҰ-ның Тұрақты кеңесінің Қазақстан Республикасының Ұйым төрағалығына кірісуіне арналған инаугурациялық мәжілісі өткізілді.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕҚЫҰ-НЫҢ ТӨРАҒАЛЫҚ ҚЫЗМЕТІНЕ КІРІСУІНЕ ОРАЙ ПРЕЗИДЕНТ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ ҮНДЕУІ
Вена, 14 қаңтар 2010 ж.
Мәртебелі қауым!
Құрметті ханымдар мен мырзалар!
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы төрағалықтың мәртебелі миссиясын Қазақстан аса зор жауапкершілік сезімімен қабылдайды.
Біздің еліміз төрағалықты қазіргі заман тарихының аса күрделі бір кезеңінде қолына алып отыр.
Дүниежүзілік қаржы-экономикалық дағдарыстың салдарынан әлемнің жаһандық құрылымында тектоникалық өзгерістер орын алуда, бұл үдеріс әлі де аяғына жеткен жоқ.
Жаппай қырып-жою қаруын таратпау режімінің дағдаруы, лаңкестік, гуманитарлық және экологиялық апаттар, аштық, кедейшілік, түрлі эпидемиялар, энергетика ресурстарының азаюы, ұлтаралық және дінаралық қақтығыстар – міне, бүгінгі адамзат өркениеті душар болып отырған осындай қатерлердің тізімін одан әрі жалғастыра беруге болады. Бұлармен күрес жүргізу ЕҚЫҰ сияқты қызмет аясы көпқырлы және беделді институттардың бар күш-жігерін жұмсауын қажет етеді.
Сөз жоқ, әлемдік ахуал ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші ел ретінде Қазақстанның алдында тұрған сынақты күрделендіре түседі. Алайда бүгінде ЕҚЫҰ алдындағы шешілуі тиіс ең өзекті түйткілдер біздің еліміздің сыртқы саясатының күн тәртібінде әрдайым орын алуда.
Қазақстан тәуелсіздігін алған сәттен бастап өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға нақты үлесін қосып келеді.
Семей ядролық полигонының жабылуы, қуаты жөнінен әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық арсеналдан бас тарту және оның инфрақұрылымын толықтай жою еліміз үшін тарихи шешім болғаны белгілі.
Таяуда Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы әрекеттің халықаралық күні ретінде жариялау туралы қарар қабылдады.
Қазақстан өңірлік және бүкіләлемдік экономикалық үдерістерге жауапты қатысушы ретінде өз рөлін толық сезінеді.
Әлемдік нарыққа көмірсутегі шикізаттарының күннен күнге арта түскен мөлшерін сыртқа шығара отырып, біздің еліміз дүние жүзінің, соның ішінде Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қомақты үлес қосуда.
Астық және өзге де азық-түлік түрлерінің ірі экспорттаушысы ретінде Қазақстан БҰҰ-ның Аштықтың алдын алу және әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігі түйткілдерін шешу бағытындағы Мыңжылдық мақсаттарын орындауға белсене атсалысуда.
Қазақстанның Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары Кеңесін шақыру жөніндегі бастамасы қазіргі уақытта Азия құрлығындағы ынтымақтастық пен қауіпсіздіктің көпқырлы бірегей құралына айналды.
Бүгінгі таңда ЕҚЫҰ-ның Азиядағы өзіндік баламасындай болған бұл форум әлемдік жалпы ішкі өнім өндірісінің үштен бірін қамтамасыз ететін, жалпы тұрғындарының саны 3 миллиард адамды құрайтын елдердің басын қосуда.
Қазақстан үшін Орталық Азияның тұрақты дамуы – аса маңызды басымдықтың бірі. Еліміздің экономикасының дамуы бүкіл өңірге оң ықпалын тигізуде.
ЕҚЫҰ-ның өзге де мемлекеттерімен бірге Қазақстан қазіргі әлемдік құрылымның түйінді мәселелерінде Шығыс пен Батыстың арасын түсіністік арқылы жақындастыруға бағытталған ұмтылыстарды жан-жақты қолдайды.
Біздің еліміз сан алуан ұлттар мен діндер өкілдерінің мекені болуымен ерекшеленеді.
Қазақстанда 140 этнос пен 40-тан астам конфессия өкілдері бір шаңырақ астында татулықта тұрады.
Біздің этносаралық және дінаралық келісім жөніндегі өнегелі үлгіміз – сан алуан конфессиялардың өзара әрекеттестігінің бүкіләлемдік үдерісіне Қазақстанның қосқан нақты үлесі. Менің бастамам бойынша 2003 жылдан бері Астанада конфессияаралық үнқатысудың бірегей форумына жан бітірген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының үш съезі болып өтті.
Құрметті ханымдар мен мырзалар!
Кең географиялық ауқымын, қатысушы мемлекеттердің өзара әрекеттестігі тәжірибесі мен жақсы жолға қойылған жұмыс тәсілдерін ескере отырып, біз ЕҚЫҰ-ны халықаралық ынтымақтастық пен қауіпсіздіктің маңызды тетіктерінің бірі деп санаймыз. Ұйым Ванкуверден Владивостокқа дейінгі ұлан-ғайыр кеңістіктегі қауіпсіздік архитектурасына қолдау көрсетуде маңызды рөл атқарды және атқарып келеді.
Сонымен қатар ЕҚЫҰ-ның оңды тарихи ресурсының да өз шегі бар.
Бүгінгі таңда сенімге сызат түсіретін және бітпейтін қандай да бір “қызыл шектер”, “нөлдік сомамен ойнау” тәжірибелерін жалғастыруға жол беруге болмайды.
Халықаралық ұйымдардың қызметтерінің тиімділігін жаһандық жаңа қатерлерге сәйкестендіріп, арттыру мәселесі бірінші кезекке шыға бастады. Нақ осындай міндет үнқатысудың бірегей алаңы саналатын, ғаламшарымыздың үш құрлығындағы 56 мемлекетті біріктіретін ЕҚЫҰ-ның да алдында тұр.
ЕҚЫҰ болашағын айқындайтын сауал мынадай: ұйым ХХІ ғасыр әлемінің саналуандығын мойындайтын құрылым ретінде бой көрсете ала ма, әлде “Венадан шығысқа қарай” кеңістігінен дәстүрлі Батыс дараланып тұратын, блоктарға жіктелген ұйым болып қала бере ме?
Әлемдік демократиялық қоғамдастыққа жиырма жылдай уақыт бойы кірігіп келе жатсақ та, ЕҚЫҰ-дағы кейбір әріптестеріміздің санасы әлі “бұрынғы кеңестік республикалар” туралы жаңсақ түсініктерден арыла қойған жоқ.
Осы ретте ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің көрсеткен сенімі Қазақстан үшін ерекше мәнге ие.
Демократиялық қоғам орнату – біздің халқымыздың саналы таңдауы, сондықтан біз еліміздің одан әрі саяси либералдануы бағыты мен қазақстандықтардың өмір сүру сапасын одан әрі арттыруды жалғастырамыз.
ЕҚЫҰ төрағалығы біздің елімізде тек сыртқы саяси табыс қана емес, жалпыұлттық ауқымдағы құндылық ретінде қабылданады.
ЕҚЫҰ-да қалыптасқан дәстүрге сәйкес, біз төрағалық ететін елдің мазмұнды бірізділенуін білдіретін Іс басындағы төрағалық ұранын жария етеміз.
Қазақстандық төрағалықтың ұраны төрт “Т” – “траст” (сенім), “традишн” (дәстүр), “транспаренси” (ашықтық) және “толеранс” (төзімділік) болады.
Біріншісі, бір-бірімізге деген бізге аса қажетті сенімді білдіреді.
Екіншісі, ЕҚЫҰ-ның негізгі қағидаттары мен құндылықтарынан тұрады.
Үшіншісі – халықаралық қарым-қатынастарда “қосарланған стандарт” пен “жіктеу шектерінен” азат, барынша ашықтық пен транспаренттік. Қауіпсіздікке төнетін қауіп пен қатерлерді еңсеруде сындарлы ынтымақтастыққа ұмтылу.
Ал төртіншісі – бүгінгі әлемде барған сайын маңызы артып отырған мәдениеттер және өркениеттер арасындағы үнқатысуды нығайту жөніндегі жаһандық трендтің көрініс табуы.
ЕҚЫҰ-ның негізгі міндеттерінің бірі ретінде Қазақстан Ұйымды дамыту мәселесінің негізі болып табылатын консенсустық алаңды нығайтуды және кеңейтуді қарастырады.
ЕҚЫҰ саммитінің 10 жылдан бергі уақыттағы үзілісі Ұйымның консенсустық негізі дағдарыс жағдайында болмаса да, тоқырау ахуалында тұрғанын аңғартады.
Осыған байланысты біз ЕҚЫҰ-ға мүше елдерді 2010 жылы жоғары деңгейдегі кездесуді шақыру туралы Қазақстанның бастамасын қолдауға шақырамыз.
ЕҚЫҰ елдері көшбасшыларының кездесуі Хельсинки Қорытынды актісінің 35 жылдығын, Париж хартиясының 20 жылдығын және Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының 65 жылдығын атап өту мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Саммит үшін ЕҚЫҰ-ның жауапкершілігі аймағындағы қауіпсіздіктің көкейкесті проблемалары, Ауғанстандағы жағдай және толеранттылық мәселелері мазмұнды толықтыру бола алар еді.
Нақ бүгін ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің көшбасшылары саяси ерік-жігер танытып, өз халықтарының алдында тұрған күрделі де түйінді мәселелерге жауап беретін уақыт келді.
Саммит ЕҚЫҰ-ның осы заманғы қауіп-қатерлердің алдын алуға бейімделуіне қуатты қарқын беріп қана қоймай, сонымен қатар біздің халықтарымыздың осы Ұйымға деген сенімі мен құрметін де арттыра түседі.
Түптеп келгенде, өздерін сайлаған халықтардың игілігі мен өркендеуі жолындағы ынтымақтастық пен қауіпсіздікті нығайтуға күш салу – мемлекет және үкімет басшыларының тікелей міндеті.
Сонымен қатар ЕҚЫҰ бүгінде ештеңемен алмастырылмайтын Ұйым болып табылады.
Оның тоқырауы немесе жойылып кетуі еуро-атлантикалық кеңістіктегі өте қауіпті вакуумның пайда болуына әкеліп соққан болар еді.
Осы ретте, Хельсинки Қорытынды актісіне қол қойылған 1 тамызды – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы күні деп жариялау туралы ұсынысты қарауды ұсынамын.
Төрағалықтың басымдығына қатысты Қазақстан ЕҚЫҰ-ның барлық үш “себеті” арасында оңтайлы тепе-теңдікті сақтауға көңіл бөлуге тырысатынын атап өткім келеді. Осындай ұстаным мәселелерді кешенді түрде көруге, қазіргі заманғы сыртқы қауіп-қатерлердің пайда болуына тиімді түрде қарсы тұрып қана қоймай, олардың пайда болу көздерін табуға да мүмкіндіктер туғызады.
Сөз соңында Қазақстан Іс басындағы төраға ретінде ЕҚЫҰ-ның негізгі қағидаттары мен құндылықтарын берік ұстанатынын атап айтқым келеді.
Біз Ұйымға мүше барша елдердің мүдделеріне өзара тиімді шешімдерді табу ниетіндеміз.
Қазақ халқында “Бірлік болмай – тірлік болмас” деген даналық сөз бар.
Біздің еліміз XXІ ғасырдағы ЕҚЫҰ-ны оның ауқымындағы барша халықтар үшін демократияның, тұрақтылық пен өркендеудің біртұтас кеңістігі ретінде қарастырады.
Назарларыңызға рахмет. Жаңа жылда мол табыстар тілеймін.