• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Қыркүйек, 2011

Жеңіске тұрар жеңіліс

565 рет
көрсетілді

2 қыркүйек күні Қа­зақ­стан құрама командасы Түркия командасынан 2:1 есебімен ұтылды. Алайда, қалай ұтылды десеңші? Керемет ой­­ын көрсетіп, осы жыл­дың ең әдемі го­лын соғып ұтылды. Сол кеште бәрі болды. Ұлан Қоныс­баевтың керемет голы да болды, соғылмаған пенальти, есептелмеген гол, кездесу соңында жеңіліс те болды. Әйтсе де біздің жігіттер керемет ойнады! Бұл ойынның алдында біздің құрамамыз Түркиямен 90 минөт тең ойнар деп ойлаған адам аз болар. Олар ФИФА рейтингінде 24- орында тұрса, біздің кұрамамыз – 126- орында. Мұның өзінен футбол әлемінде біз түрік бауырларымыздан қандай алшақ екендігімізді түсінуге болды. Кездесу басынан бастап-ақ біздің кұра­ма­ның ойыны өзгергені көрінді. Ұлттық құ­ра­маның тізгінін Мирослав Беранек ал­ғалы ой­ы­нымыз күннен күнге жақсарып келе жат­қа­нын айту керек. Бірінші минөттерден-ақ түрік футболшылары шабуылға шықты. Бірақ біз­дің қақпаны Александр Мокин тас­қамалдай сақтап отырды. Түріктердің ша­бу­ылына біз­дің жігіттер Гридиннің баспен ұрған соқ­қы­ларымен жауап берді. Соққы­лар­дың екеуі де бағанадан жоғары өтті. Дегенмен, таймның ортасында Сельчук Инанның ауадан берген пасынан кейін Бурак Йылмаз допты жерге түсірмей теуіп, қақпаға кіргізді. Бұл жерде Александр Мокин қақпадан ерте шығып, қате жіберіп алғанын айту керек. Сонымен 1:0. Бірінші тайм осындай есеппен бітті. Екінші таймда ойын әлдеқайда қызы­ғы­рақ өтті. Чех маманы Мирослав Беранек үзілісте біздің жігіттерге не айтқаны белгісіз. Не айтса да, үзілістен кейін қазақ­стан­дықтар алаңда сәйгүліктей желе бастады. Бұл көп ұзамай өз нәтижесін берді. Түркия құрамасының біздің қақпамызға жасалып жатқан шабуылдарының біреуінде Юрий Логвиненко допты алға шығарып, оны Ұлан Қонысбаев іле сала оң қапталмен ала жө­нелді. Түркияның тасқамал қорғанысынан өте алмайтынын біліп, Ұлан 20 метрдей жерден допты әуелете Волкан Демирельден асырып жібере салды. Доп тоғыздықтан табылды. Қонысбаевтың бұл голы ел ішінде талай айтылатыны анық. Сөйтіп, Ұлан құрама тарихындағы ең әдемі голды соқты. Түріктер қақпамызды одан әрі тори бастады. Алайда Мокин өз орнында болды. 10 минөт өте келе біздің қақпамызға пенальти берілді. Доп Мұхтаровтың қолына тиіп кетіпті. Соқ­қыны жасауға Бурак Йылмаз келді. Доп ба­ға­наға тиіп, кері серпілді. Ойын теледидардан көрсетілсе, экран алдында отыр­ған талай қазақ “Уфф!!!” деп тыныс алар еді-ау. Алайда, сынақтар мұ­ны­мен біткен жоқ. Ойынның бітуіне 13 минөт қал­ғанда сол Бурак допты біздің қақ­паға баспен кіргізді. Қуанышқа орай, француз төрешілері бұл голды санамады. Олар­дың ойынша бұл жерде қақпашыға шабуыл жасалыпты. Бұл шешіммен түрік футбо­л­шы­лары талай та­лас­ты. Бірақ гол саналған жоқ. Төреші ойынға 4 минөт қосты. Қосымша уақыттың екіншісінде Түркия құрамасының ойыншысы Сельчук Инанға қызыл қағаз көрсетілді. Ол алаң жиегінде Генрих Шмидтгальге қарсы қауіпті ойнаған еді. Бұдан соң Сергей Гридиннің доп соғатын жақсы мүм­кіндігі бар еді. Алайда, оның добы қақпадан санаулы сантиметр ары кетті. Ойынның со­ңына санаулы се­көндт­тер қалғанда Мұхтар Мұх­таров Буракпен соқтығысып, француз төрешісі біздің қақ­паға айып соққысын берді. Соққыны ор­ын­дауға Арда Туран келді. Арданың соққы­сы­нан ыршыған доп Юрий Логвиненконын аяғына тиіп, біздің қақпаға кірді. Ойын аяқталды, есеп 2:1! Сонымен “Тюрк Телеком Аренада” болған спектакль, біз үшін драмамен бітті! Бұл ойын қазақ футболының әлі де болашағы бар екенін ай­қын көрсетті. Басты мә­се­ле дұрыс бапкер табуда екен. Қазір осы ойын­нан кейін жан­күй­ер­лер­дің көбі Беранек ұлт­тық құ­ра­маға бапкер бо­лып келгелі бері жылдар бойы тастай қат­қан сеңнің қозғалғанын айтуда. Шы­ны­мен де чех маманы біз­дің құрамаға жа­­ңаша ой­лау­ды, жаңаша көзқарасты әкелгені көрі­ніп тұр. Әйт­песе, біздің тү­ріктерден Ыстамбұлда ал­ғаш рет 4:0, одан кейін Алматыда 6:0, сосын Ас­танадағы су жаңа «Астана – Арена» стадио­нын­да 3:0 есебімен жеңіл­генімізді бә­рі жақсы біледі. Енді міне, тағы да жеңілсек те алдыңғы ойындар­да­ғыдай ірі есеппен емес, бар-жоғы бір доп айырмашылығымен жеңіл­дік. Бұл кездесуде Қазақстан құрама­сының қалай ойнағанын футболдан хабары бар адамның бәрі көрді. Оны біреулер теледидардан, басқалары интернет сайттардан көріп отырды. Өкініштісі сол, осы жолы «Қазақстан» ұлттық теле­арнасы тағы да сырт алаңнан миллиондаған жанкүйерлерге матчты ұсына алмады. Біз сияқты қалада тұратын азаматтарға кез келген жерде интернет не кабельді телеарна арқылы футболды іздеп жүріп көре ала­ты­нымыз жасырын емес. Ал кешке өрістен келген малын қораға қамап, күні бойы фут­болды күтіп жүрген ауыл ағайынының матч­ты тамашалай алма­ғанда қандай күйге түсе­тінін түсінген адам жақсы біледі. Абырой болғанда осы матчты спутниктік «KZ SPORT 1» телеарнасы көрсетті. Ал біз ұлт­тық арна көрсетпеген соң, www.vmire.tv сайтына кіріп матчты тамашалай алдық. Басқа интернет сайттар да ойынды көрсетіп жатты. Енді келесі, 6 қыркүйек күні Әзербайжанмен болатын Бакудегі ойынды, одан кейін Бельгиямен өтетін кездесуді «Қа­зақстан» телеарнасы тікелей эфирден еш­қандай кедергісіз көрсетсе, осы айдан бастап толық мемлекеттік тілге көш­кен аталған арнаны миллиондаған жанкүйер одан сайын қызыға тамашалайтыны сөзсіз. Біз осындай ойындарды таза қазақ тілінде репортаж беріп, көрсету арқылы футбол десе ішкен асын жерге қоятын өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілге құрметпен қарауды үйре­тіп, тіл үйренемін деген талпынысына жағ­дай туғы­затын едік қой. Ал Түркияда осы ойынды 12 телеарна көрсетті деп естіп жа­тыр­мыз. Жалпы, Анадолы елінде 22 спорт теле­арнасы жұмыс істейді екен. Алдыңғы күні соның 12 телеарнасы бір демде матчты көрсетіп шықты. Оның үстіне ойын біткен соң күні бойы барлық арналардан сарапта­ма­лық материалдар, қызықты көріністерді қайталау, футболшылармен сұхбаттардың бәрі-бәрі көрсетіліпті. Міне, Ислам дінінен кейін екінші орында тұратын футболға деген Түр­кия­ның құрметі осындай. Кешегі ойында футболға деген құрметті Мемлекет басшысы Абдолла Гүл де көрсетті. Ол кезінде өзі де «Бешикташ» клубында ойнаған болатын. Сол кезде оның негізгі құрамда 6 ойын ойнап, дипломатиялық жұмысқа ауысқанын білеміз. Осы матчты ол бастан-аяқ тамашалап, демін ішіне тартып отырды. Кездесуде біздің Ұлан Қонысбаевтың 55 минөтте есепті теңестіргенде, ел президенті ғана емес, манадан бері айғай-шуға басып, жігіттерін жігерлендіріп от­ыр­­ған 40 мың­нан астам түрік жан­күйерлерінің бір сәтте сап тиыл­ға­нын да көрдік. Осы голдан кейін түріктер қазақтарды бір қалпақпен ұрып алатын құрама емес екендігін мойындады деуге болады. Тағы айта­тын нәрсе, атал­ған ойынды «Тюрк Телеком Арена» стадионында 2,5 мыңнан астам қазақ­стандық жан­күй­ер тама­ша­лады деген дерек бар. Кеше осы деректі нақтылау үшін елден матчты тама­ша­лауға бар­ған азамат­тар­дың бірі Аста­на­дағы Л.Н.Гумилев атын­дағы ЕҰУ студенті Жандос Ме­ди­ма­нов­тан сұрас­тыр­ғанымызда, ол өзі­нің оншақ­ты туыс­қанымен ойынды көр­генін, Астанадан Түркияның Қазақ­стан­дағы елшілігі жаса­ған жеңілдікпен барып қайтуға 68 мың теңге жұм­сағанын, осындай билеттерді 70-тен астам отандас­тарымызға та­рат­­қанын айтты. Қорыта айтқанда Түркиямен ойын бізге Әзербайжанмен ойынның алдында сынақ алаңы болғаны сөзсіз. Біздің келесі қарсы­ла­сымыз да оңай шағылатын жаңғақ емес. Дегенмен, намысқа тырыссақ Бакуде олар­дың алдын орауға болады. Тек құрамада Самат Смақов, Нұрбол Жұмасқалиев, Давид Лория сияқты ойыншылардың болмай жатқаны өкінішті. Смақов құрамадан кететінін он­шақ­ты күн бұрын айтқан. Жастарға ор­ным­ды беремін деп өзі құрамадан кетіпті. Әзер­байжанмен ойынға Мұхтар Мұх­та­ров та қатыспайтын болды. Оның орнына Михаил Рожков немесе Қайрат Нұрдәу­ле­тов шығады деген дерек бар. Көбіне Нұр­дәулетовтің есімі жиі аталады. Айтқандай, осы ойында Түркия ойыншыларына Қай­рат пен Ұланның және Шмидгальдің ойын өрнегі көбірек ұна­ған көрінеді. Ал Мұх­таров жара­қат алған соң құрамада біршама уақыт ой­на­майтын болады. Ол Түркиямен ойында Арда Туранмен соқтығысып, мұр­нын қатты зақымдап алыпты. Сол кезде Арда өзінің кінәсін түсініп, ойын аяқ­талған соң Fair play ережесі бойынша Мұх­тардан кешірім сұрауға бар­ғанда Шым­кенттің «Ордабасы» команда­сы­ның ойын­шы­сы өзінің шешесі мен келіншегі түрік болса, екі жасар баласының аты Арда екенін айтқанда Арда Туран үстіндегі май­касын шешіп, Мұхтарға бауырластық сезімін білдіріпті. Сөз соңында айтатын тағы бір нәрсе, матч­тан кейін ФИФА және УЕФА өкілдері Түр­кияның Қазақстан қақпасына ойын кезінде соқ­қан добы есептелуі керектігін айтып, бірақ ол са­нал­маған соң қапталдағы төре­шінің жұмы­сы­на төмен баға беріп, оның балын кемітіп тастапты. Енді құрамамыздың келесі ойыны 6 қыркүйек күні Әзербайжанмен болады. Ол ойыннан біз тек жеңіс күтеміз. Себебі өткен ойыннан кейін олай айтуға негіз бар! Рахман ӘБДИЕВ.