Қарағандыда, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған шаралар аясында, мемлекет және қоғам қайраткері, ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі Жұмабек Тәшенов жүлдесіне арналған «Жылдың үздік ақыны» облыстық мүшәйрасы өткізілді.
Жыр бәйгесін ұйымдастырушылардың негізгі мақсаты – қилы заманда ел мен жерге қорған болған Жұмабек Тәшенов сынды біртуар қайраткерді кейінгі ұрпаққа үлгі ету және поэзия әлеміндегі жас дарындардың шығармашылық талпыныстарына қолдау көрсету.
Шараға белгілі әнші Досымжан Таңатаров, танымал айтыскер Дидар Қамиев сынды өнерпаздар арнайы келіп, ән мен жырдан шашу шашты. Жеңімпаз-жүлдегерлерді ақындардың өздері дауыс беру арқылы анықтады. Нәтижесінде, Жұмабек Тәшенов жүлдесіне «Жыр жауһар» поэзия клубының жетекшісі Жадыра Байбұланова ие болды. Алдын ала келісім бойынша, мүшәйраның ұйымдастырушылары жақында Жадыраның жыр жинағын шығарып бермек.
Сонымен қатар, жыр кешінің қорытындысында Айзада Рақымжанова («Жылдың үздік сыршыл ақыны»), Алмаз Мырзахмет («Жылдың үздік жазушысы»), Дидар Қамиев («Жылдың үздік айтыскер ақыны»), Серік Сағынтай («Жылдың үздік қайраткері») тәрізді ақын-жазушылар жекелеген аталымдар бойынша арнайы сыйлықтарға ие болды.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ