• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
06 Қыркүйек, 2011

Доллар мен долбар

567 рет
көрсетілді

«Әлемдік валютаның» қазіргі қауқары қандай? «Өткен ғасырдың ортасынан бастап біз­­дің әлем түбегейлі өзгерді және бұл өз­ге­рістердің қарқыны күн өткен сайын өсіп ба­рады. Тек әлемдік валюта ретінде пай­да­ланылатын валютаның туындату жә­не ай­налым тетіктері ғана өзгермей қа­лып отыр, оның жаңару қарқыны әлемнің өз­ге­­­ру қар­қынынан апаттық жағдайда қа­­лып қойған. Яғни, әлемдік валюта жүйесі әлдеқашан және қайтпастай болып ескірген, мұны жа­­һандық әлемдік дағдарыс та қуат­тайды», деп атап көрсеткен болатын Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев 2009 жылдың 2 ақпанында ресейлік «Рос­сийс­кая газетада» жария­лан­ған «Дағ­да­рыс­тан шығу кілті» атты мақаласында. Қазақстан басшысы осынау маңызды мәселені кездейсоқ көтеріп отырған жоқ. Соңғы жылдары доллардың «әлемдік валюта» ретіндегі рөлі қандай деген тақы­рып төңірегіндегі әңгімелер барған сайын жиі естіле бастады. Барынша кең тараған осы алыпқашпа сөздердің соңы бүгінде АҚШ валютасының құнсыздануы салда­ры­нан дол­лармен есеп айырысу жүйесі көп ұза­май мүлде күйрейді деген байлам жасауға әкеліп соқтырып отыр. Тіпті голландиялық журналист Мартин Шинкель бас-аяғы бір күннің ішінде доллар­дың өмір сүруін тоқ­татып, әлемнің басқа­дай өмір шындығына көшетіндігі туралы «Доллар күйреген күн» деп аталатын фильм де түсіріпті. Егер осы фильмнің желісіне көз жүгір­тер болсақ, онда Азияның қаржы орта­лы­ғы болып табылатын Сингапурде трейдер­лер өте қауқарлы деген инвесторлардың долларды апыл-ғұпыл сатып жатқан­ды­ғына көз жеткізіп, соған орай америкалық валютаның тез арада құнсызданғандығы көрсетіледі. Американың басты креди­то­ры – Қытай. Бұл елдің доллармен сақтал­ған резерві 1,5 триллионды құрайды. Қы­тайлықтар АҚШ-тың тағы да 2 триллион доллар басып шығару жөніндегі жоспа­ры­на өздерінің алаңдаушылық білдіре­ті­нін айтып ескерткенімен, америкалық ва­лютаның тым шапшаң құлдырап бара жатқанын көріп, Қытай да одан құтылуға тырысады. Сөйтіп, қытайлық саудагерлер долларға өзгені қойып, тіпті сувенирлер сатудан да бас тартады. Бүкіл активтерін америкалық валютада сақтаған Еуропа мен Ресей банктері ең басты зардап шегушілер қатарында. Мәскеуде жинаған ақ­ша­ларын сақтап қалуға ұмтылған халық банктер мен банкоматтарға кезекке тұру­да. Бірақ өте кеш еді – банктер ақша алуға шектеу енгізген болатын. Еуропаның порттары мен вокзалдарында тауар жіберушілер де, оны қабылдап алушылар да ақы төлей алмағандықтан, кемелер мен жүктер рейдтерде тұрып қалуға мәжбүр. Тіпті дүние жүзіндегі таксистердің өздері долларды қабылдаудан бас тартуда. Голландиялық журналистің өз сценарийі бойынша түсірген фильмінің мазмұ­ны міне, осындай. Голландияда осы ки­ноны көргеннен кейін көптеген адамдар ақшаларын алу үшін банктерге жүгірген көрінеді. Ол жолы әйтеуір соншалық бір дүрбелең туа қоймаған. Бірақ, халық­ара­лық сарапшылардың пайымдауынша, бү­гінгі ахуал аталған сценарийдің бола­шақ­та орын алатын жәйтке мейлінше жақын екенін көрсетіп отыр. Америка мен оның валютасының әл­ем­нің ұзақ жылдар бойғы қаржылық үміті болып келгені белгілі. «Доллар Африкада да доллар» деген әзіл-шыны аралас сөздің пайда болуы да сондықтан. Ол Stan­­dart&Poor’ агенттігі АҚШ-тың сенімділік рейтингін төмендеткен биылғы жылдың 5 тамызына дейін солай болды. Ендігі жерде Америка банкроттықтың алдында тұр деп санайтындар да бар. Әзірге елдің ва­­лютаны басып шығаруы және бүкіл әлем мемлекеттерінің оны қабылдауы АҚШ-ты құтқарып келеді. Әлемнің жетекші агент­тіктерінің бұл елдің кредиттік рейтингін төмендетуіне байланысты бұ­дан былай жағдай, сөз жоқ, өзгермек. Дүние жүзі сарапшылары осындай пікір айтады. Мұның өзі күні кеше ғана басталған жоқ, шындығында, көптеген жылдарға созылған үдеріс соңы осындай ахуалға әкеліп соқтырып отыр. Нью-Йоркпен жақ­сы таныс адамдар қаланың орталық кө­шелерінің бірінде біраз жылдардан бері АҚШ-тың мемлекеттік борышын көрсе­тетін сағаттың ілулі тұрғанынан хабардар. Осы сағат алғаш жасалғанда ол бүгінде көрсетіп тұрған орасан көп цифрларға арналмаған екен. Сондықтан да сағат осыдан бірнеше жыл бұрын өзіне түскен шамадан тыс ауыртпалықты көтере алмай қирап та қалған көрінеді. Қазіргі таңда АҚШ үкіметінің сыртқы қарызы 12 триллион доллардан асып кеткен. Бұл ақ­шамен Жер мен Айдың арасына алты рет жол «төсеп» шығуға болады екен. Егер өткен кезеңдерге көз жүгіртер болсақ, доллар тарихы дегеніміздің өзі аме­рикалық борыш тарихы болып шы­ға­тынын аңғару қиын емес. 1913 жылы АҚШ-та Федералдық резерв жүйесі құ­ры­лады, ол америкалық банктерге көме­к­те­суге тиіс болатын және солай болып шықты да. Долларды басып шығару мен қаржы жүйесін басқару ісі осы ұйымға беріледі. Ол кезде АҚШ-тың мемлекеттік борышы елдің ұлттық өнімінің 7 пайызын ғана құрады. Бірақ ол осы кезден бастап-ақ үнемі өсу үстінде болады. Сөйтіп, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Амери­ка­ның борышы ІЖӨ-нің 122 пайызына дейін жетеді. Бірақ дәл осы сәтте АҚШ өз валютасын әлемге резервтік валюта ретінде ұсынады. Осылайша 1944 жылдың мау­сымында Американың Нью-Гемпшир шта­тындағы Бреттон-Вудс қаласында сол жылдары антифашистік коалицияға кірген 44 елдің өкілдері бас қосады. Олар­­дың басты мақсаты жаңа халықаралық валюта жүйесі үшін негіз қалау еді. Оның мәні де қарапайым болатын: доллар ал­тын­­мен, ал қалған валюталардың бәрі доллармен қамтамасыз етіледі. Осындай жол­­мен доллар аяқ астынан бірден-бір әлемдік резервтік валютаға айналып шыға келді. Міне, бұл жағдай Америкаға айрықша артықшылық берді – ол тек өзі ғана бүкіл әлем үшін валюта басып шығарып отыр­ды, осыдан келіп оның борышы да жедел азая бастады. 1970 жылға қарай елдің бо­рышы ІЖӨ-нің 33 пайызына дейін қыс­­қар­ды. Әлем Америка үшін тауарлар шы­ғар­ды, ал ол болса әлемді америкалық бас­па өнер­кә­сібі өнімімен қамтамасыз етті. Бірақ 1965 жылы маңызды оқиға орын алды. Қолма-қол ақшада 75 миллион доллар тиеген француз кемесі Нью-Йоркке келіп атбасын тіреді – Франция Бреттон-Вудс келісіміне сәйкес өздері әкелген дол­­ларды алтынға айырбастап беруді талап етті. Де Голльдың мұн­дай әре­­кеті Аме­ри­ка президентінің ашу-ызасын туғызды. Ол аздай, ізінше Гер­манияның, Канаданың және Жапо­ния­ның орталық банктері де фран­цуз­дардың талабын қайталады. Осыдан келіп АҚШ-тың алтын қоры шиеленісті деңгейге дейін кемиді. Кейінірек, ахуал­дың ушыға беруі мүмкін екенін сезген бо­луы керек, АҚШ-тың келесі президенті Р.Никсон бұл проб­леманы америкалық­тар­ға тән қарапай­ым­дылықпен шешеді – ол «тұрақтылықты қамтамасыз ету және АҚШ мүддесі үшін» деген желеумен дол­­ларды алтынға айыр­бас­тауға тыйым салу жөнінде шешім қа­былдайды. Сөйтіп, 1971 жылдың 15 та­мы­зында, яғни осыдан 40 жыл бұрын жаңа дәуір бас­та­лып, доллар алтынмен экви­ва­лентін жоя­ды. Осы сәт­тен валюта бағам­дарының, мұнай бағала­ры­ның ауытқы­ма­лылығы, ең бастысы, тоқ­таусыз жұмыс істеп тұратын амери­ка­лық баспа стано­гы­ның дәуірі бас­талады. Ал Америка болса осы арқылы өзінің ең негізгі ресурсын – бүкіл әлемнің өзіне деген сенімін пайдаланды. Сөз ретінде неліктен 1944 жылы өзге елдің емес АҚШ-тың валютасы беделді болып шықты, долларды алтынмен қам­тамасыз ететін құдірет Америкаға қайдан келді деген сауалға да жауап іздестіре кеткен жөн. Бізге мәлім деректерге қара­­ғанда, АҚШ-тың алтын жинап алуына екі жағдай себеп болған. Оның біріншісі – 1933 жылғы «ұлы алтын тонауы» деп ата­латын науқан. Президент Ф.Рузвельттің инаугурациялық сөзінде келтірілген дағ­да­рысқа қарсы шараларға сәйкес ел аза­маттары өз алтындарын мемлекетке тап­сы­руға тиіс болады. Елде алтынның еркін айналымына тыйым салынып, оны ұста­ғандарға 10 жылға дейін түрмеге қамалу мерзімі белгіленеді. Ал мемлекет болса азаматтардан алтынды ескі бағамен са­тып алып, оны 70 пайызға дерлік өсіріп са­­тып отырды. Алтын қорының екінші көзі соғыс жүріп жатқан Еуропадан азық-түлік пен қару-жарақ жеткізіп беру үшін төленген алтын еді. Осының арқасында 1944 жылы алтынның әлемдік қорының 70 пайызы (КСРО-ны есептемегенде) АҚШ-тың қолында болды. Ал одақтастарда ал­тын болған жоқ. Осы тұрғыдан алғанда Бреттон-Вудс валюта жүйесін мәжбүр­лік­­­тен туған шара деп те бағалауға болады. АҚШ-ты бүгінде борыштар елі деп атайды. Әлем бойынша ең көп тұтынған Америка өзі үшін тамаша модель жасап алған: бүкіл әлем тауарлар шығара оты­­­рып оған жұмыс істейді, ал АҚШ доллар шығару арқылы жұмыс істейді. Ел аза­маттары ақшаны барған сайын көбірек жұмсап тұрған шақта шамадан тыс тұтыну экономикасы Американың өркен­деп жат­қанын көрсетті. Ал олардың жұмсауына қажетті ақшаны америкалық борыштық қағаздарды сатып алу жолымен бүкіл әлем ризашылықпен қарызға беріп тұрды. Сонда біздің ондаған жылдар бойына аты әйгілі доллар құнының барған сайын кеміп бара жатқанын, салымдарымызды «жасыл қағазда» сақтау арқылы өз ақ­­­ша­ларымызды Америкаға сыйға беріп жат­қанымызды аңғармай келуіміздің сыры неде? Сөйтсек, экономистердің пайым­дау­­ынша, оның мәнісі өте қарапайым кө­рінеді. Өйткені, бүкіл экономикалық тарих дегеніміздің өзі шебер ойлас­ты­рыл­ған жасандылық. Сондықтан да тауар ба­ғаларын неғұрлым сенімдірек бірдемеге қайта есептер болсақ, іс жүзінде ешқан­дай мұнай дағдарысының да, АҚШ эко­номикасы өсуінің де болмағанын түсіну қиынға соқпайды екен. Мәселен, қара­пай­ым есептеулер әлемдік бағаларды дол­лармен емес, алтынмен есептер болсақ, әлемнің экономикалық бейнесінің толық­тай өзгеріп шығатынын көрсеткен. Мы­сал ретінде мұнай бағасы динамикасы­ның екі кестесін өзара салыстыруға бо­лады. Біріншісінде – мұнайдың соңғы онжылдықтағы доллармен есептегендегі орташа жылдық бағасы. Мұнда баға мұнайдың тоннасына 183-тен 741 дол­ларға дейін, яғни төрт еседен астамға тербеліп тұрады. Екінші кестеде алтын стан­дартымен есептелген дәл сол ба­­­ға­лар. Осылайша мұнайдың бір тоннасына бір грамм алтын алынған кезде тербеліс тар дәліз ішінде ғана орын алып, өсу мен құлдырау кестесі мүлде өзгеше сипат алады. Осы­­­­дан-ақ мұнай ба­ғасы бол­­жам­­сыз­ды­ғы­­­ның доллар болжамсыздығынан туындап отырғанын аңғаруға болады. Өйткені, вир­­ту­альды (көзбен ғана көретін) валюта дол­­­лардың табан тірер негізі жоқ. Осы орайда неліктен доллар әлі күнге дейін мүлде күй­реп түспей тұр деген сауалдың ту­­­ын­­да­уы ор­­­ын­ды. Оған кейбір са­рап­шылар АҚШ күй­­­реу­­­ге жол бер­­меу үшін өзінің алтын қорын пайдалануда деп жауап қайтаруда. Таяу уақыттарда Обама әкімшілігі АҚШ-тың борышын тағы да 2 триллион долларға ұлғайтпақ ниетте. Ол үшін Аме­ри­каның іс жүзінде планетаның әрбір тұр­ғынынан бір жыл ішінде ғана 300 доллардан қарыз алуына тура келеді екен. Джордж Соростың бұрынғы әріптесі, белгілі халықаралық инвестор Джим Роджерс мұн­дай шешімнің бұрынғыдан бетер ауыр зардаптарға соқтыратынына сенімді. Бұл туралы ол ресейлік ОРТ телеарнасы арқы­­лы көрсетілген «Доллар дәуірінің ақыры» атты телефильмде егжей-тегжейлі баянда­ды. Оның өзі Американы болашақта еш­қандай жақсылық күтіп тұрған жоқ деген оймен доллардағы бүкіл активтерін Нью-Йорктегі офисімен қоса сатып, өзі АҚШ-тан мүлде кетіп тынған. Қазіргі уақытта Роджерс өз бизнесін Сингапурде жүргі­зу­де. Осындай қадамға барып Азия база­рына бәйге тігіп отырған жалғыз ол емес көрінеді. Белгілі талдамашы және инвестор Марк Фабер де Қытай АҚШ-тан ба­сым түсіп отыр деген сеніммен Азияға қо­ныс аударған екен. Өйткені, ол өз тауарла­рына доллар ғана алып қоймай, сонымен бірге АҚШ-та жабылып, керісінше, Қы­тай­да ашылып жатқан технологиялар мен зауыттарға да қол жеткізетін болған. Айт­қандай, Америка бүгінде телевизор да, транзистор да шығармайды, тек ақша ғана басып шығарады деген пікір де дәл осы фильм сюжетінде жүр. Сарапшылардың айтуларына қараған­да, әлем елдерінің орталық банктері проб­леманың қаншалықты ауқымды екенін қазірдің өзінде сезініп үлгірген. Сон­дықтан да Қытай мен Үндістан шикізат сатып алу, несиелерді оңды-солды үлес­ті­ру немесе алтын сатып алу арқылы дол­ларларынан құтылуда. Сарапшылардың доллар рубльдің түбіне жетіп шығады дегеніне қарамастан, әзірге тек Ресей ғана америкалық ақшаға деген адалдығын сақтап отырған көрінеді. Орасан зор борыштарды қайткенде де жеңілдету амалын табу үшін Америка өз валютасын құнсыздандыруға да тырысып бағуда. Бірақ өзге елдер де дәл сондай қа­дамға көшкен, оның өзі бүгінде әлемге де­вальвация жарысы қаупін туғызып отыр­­­­ғанға ұқсайды. Өйткені, әлгіндей әре­кеттің салдарынан қағаз ақшалар күн санап өз құнын жоғалта түспек. «Bilan» атты швейцариялық экономи­ка­лық журналдың бас редакторының ор­ын­басары Мирет Закидің пікірінше, «бакс» әлдеқашан-ақ тарихтағы ең үлкен алып­­са­тарлық көбікке айналған, сондық­тан оның күйрейтініне еш күмән жоқ. Ал еуроға жасалып жатқан шабуылдарға келсек, ол бар болғаны америкалық эконо­ми­каның тақап қалған банкроттығын жа­сыруға деген талпыныс қана. М.Заки өз кітабында осылай деп атап көрсеткен. Әлемдегі ең үлкен экономика ең үлкен елеске айналды деп жазады ол. 14 триллион доллар жиын­тық ұлттық табысқа қол жеткізу үшін АҚШ 50 триллион доллар борышқа батуға мәжбүр болып отыр. Оның пайыздық өсі­мінің өзі ғана жылына 4 триллион долл­ар­ды құрайды. Оның айтуынша, мемлекет­тер­дің бәрі де АҚШ-тың су бетінде қалқи тұ­руына мүдделі, сондықтан да көзге көрініп тұрған нәрсені мойындау біршама уақыттарға созылмақ. Бірақ шексіз созыла беруі де мүмкін емес. 45 миллион аме­ри­калық қазірдің өзінде үйлерінен айрылды, тұрғындардың 20 пайызы конъюнк­ту­ра­ның кезекті циклынан шығып қалды, олар бұдан былай тұтынушылар болып табыл­майды, америкалық штаттардың үштен бірін іс жүзінде банкрот деп айтуға болады. Бұл елге енді ешкім де өз капиталын ин­вестицияламайды. Жаһандану зардаптары салдарынан АҚШ өзінің экономикалық ар­­тықшылықтарынан айырылып отыр, сон­­дықтан да ол өзінің әскери және саяси қуа­тына жүгінуге мәжбүр. Міне, швей­ца­рия­лық журналист Американың қазіргі жағ­да­йын осылайша түсіндіреді. Айта кету керек, Мирет Заки соңғы жылдары Швейца­рия­дағы ең беделді экономикалық журналист деген атаққа ие болған кең танымал адам. Осы мәселені қозғай отырып, жоға­рыда өзіміз айтып өткен Франция президенті Шарль де Голльге қатысты назар аударарлық бір жәйтті еске түсіре кету орынды. Сөйтсе, де Голльдің Америкадан ал­тын талап етуіне бір анек­дот­тың әсері тиген көрінеді. Оны оған бұрынғы қаржы министрі Клемансо айтып береді. Аукционда Рафаэльдің кар­ти­­­­насы үшін араб – мұнай, орыс – алтын ұсынады, ал амери­ка­лық болса бір бума банкнот алып шығып, картинаны 10 мың долларға са­тып алады. Де Голль үшін түсініксіздеу болып көрін­ген жәйтті министр түсін­ді­ріп, бір 100 долларлық банкнотты басып шығару құны 3 цент қана болатындықтан, америкалық­тың картинаны небәрі 3 дол­ларға ғана сатып алғанын айтады. Осы әңгімеден кейін де Голль тек алтынға ғана түпкілікті сенім қалыптас­тыр­ған екен. Сол сияқты Фран­ция президентінің дол­лар­ды алтын­ға айырбастап беру жөнін­дегі талабының ақырында АҚШ пен Фран­ция арасындағы қарым-қатынас­тар­дың шиеленісуіне әке­ліп, оның соңы Фран­цияның НАТО-ның штаб-пәтері мен АҚШ-тың әскери база­сын және альянс­тың 33 мың әскери қыз­мет­шісін Франция аумағынан шығару жөнінде мәлімдеме жасауымен аяқтал­ғаны мәлім. Осыдан кейін де Голль 1965 жылғы президенттік сай­лаудың екінші турында әзер-әзер же­ңіс­ке жетеді. Оның есесіне 1966 жылдың 21 ақпанында Фран­ция НАТО әскери ұйымынан шы­ға­ды. Әрине, Америка да қарап қалмайды. 1968 жылы Парижде стихиялық толқулар орын алып, елге азамат соғысы қатері төнеді. Осындай оқи­ға­лардың ақыры 1969 жылы де Голль­­дың отставкаға кетуімен тынады. Кейбі­реу­лер күні бүгінге дейін осы оқиғаға АҚШ-тың орталық барлау басқарма­сы­ның ықпалы болды дегенді айтады. Қалай дегенде де, алтын стандартынан бас тартудың, қазіргі қалыптасқан ахуалға қарағанда, ең алдымен Американың өзіне қолайлы тимегені анық. Осы өткен төрт онжылдық ішінде елдің ішкі жалпы өнімі 3 есе ғана өскен жағдайда, айналымдағы ақ­ша көлемі 15 есеге артқан. Бұл жерде әңгіме тек Американың ішкі айналы­мын­дағы ақша туралы ғана. Ал бүкіл әлемді кезіп жүрген долларлар туралы мәлі­мет­тер біраз уақыттардан бері АҚШ-та мүл­де жарияланбайтын болыпты. Сондықтан ол ақшаның көлемі көпшілікке беймәлім. Осы орайда мамандар интернеттің пайда болуына байланысты есеп айырысу жыл­дамдығының, соған орай ақша айна­лы­мы­ның да қауырт арта түскенін, соған сәйкес нақты ақшаның нақты өнімнен 5 еседен астамға озып кеткенін айтады. Экономистердің айтуларына қара­ған­да, ақша табиғатының өзгеруіне байла­ныс­ты соңғы қырық жылда әлемдік эко­но­микалық және саяси проблемалар да өз мазмұнын мүлде қарама-қарсы жаққа қарай өзгерткен. Мәселен, бұрын инфляция жаман құбылыс саналатын. Ендігі жерде инфляцияның басым бөлігі оң фактор ретінде қабылданады. Бұрын бюджет тапшылығының орын алуы дұрыс емес делінсе, қазіргі күні мемлекеттік қарыз­дың елдің жылдық ішкі жалпы өнімінің 60-100 пайызын құрауы қалыпты көрініс сана­ла­ды. Бұрын дамып келе жатқан елдер сырт­қы борыштарға бататын болса, бүгінде дамыған елдер борышкерлер са­на­тына қо­сылып отыр. Сарапшылар осы жағдайлар мен 2007 жылы орын алған әлемдік қаржы дағдарысын 1971 жылғы оқиғаның, яғни доллар құнын алтынмен байланыстырудан бас тартудың салдары деп түсіндіреді. Олардың айтуларынша, ак­тивтердің жаппай инфляцияға ұшы­ра­уы, орасан зор мемлекеттік борыштардың жинақталуы және әлемдік экономикадағы тепе-теңсіздік 1971 жылдан кейін пайда болған. Ал қар­жы инжинирингі әр жерлерде орын алған дағдарыстардың тігісін жазып, пробле­ма­ны кейінге шегеріп келген. Осыдан төрт жыл бұрын олардың бәрінің бастары қосылғаннан кейін ғана ол ауыздықтауға көнбейтін жағдайға жетіп отыр. Долларға қатысты әлемде пайда бол­ған күмәншіл көзқарастар барған сайын дүние жүзіне асқан жылдамдықпен таралуда. Соған қарамастан, «жасыл қағаз» әлі де болса қабылданып жатыр. Өйткені, оның орнын алмастыратын нәрсе табу оңай міндет емес. Әлемдік валютаның қазіргі таңдағы жай-күйі туралы айтылған пікірлер мен көз­қа­рас­тарды Қазақстан басшысы Н.Назар­ба­ев­тың «Бесінші жол» атты мақа­ла­сындағы «Жаңа тұрпатты валютаны ой­ластыру мен енгізу кезегі жеткен, нақты жүзеге асыруға болатын әрі прагма­ти­ка­лық міндет. Адамзат мұнан да күрделі мін­деттерді табысты шеш­кен болатын. Әуел баста осы жаңа ва­лю­таны бо­ла­шақ­та қол­данушылардың ниеті мен ерік-жігері жетіп жатыр. Сондай-ақ, осы ниет пен ерік-жігерді бұл міндетті қадам-қада­мы­мен, іс жү­зін­де іске асыруды бастайтын біртұтас ұй­ым­ға ресімдеу қажет. Әлем елдері БҰҰ ая­сында UNCTAD-тың таяу­да­ғы баяндамасы негізінде қазірдің өзінде бұл бағытта ал­ғаш­қы қадамды жа­сауға мүмкіндік алып отыр», деген сөз­дер­мен аяқтаған дұрыс сияқты. Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.