ТӘРБИЕ БАСЫ – ТАЛБЕСІК
Астанамызда балабақша тапшылығын сәл де болса кеміткен, жекеменшік балабақшаның бірі, алпыс орынды “Аққайнар” балабақшасы болды. Ол Астанада 9 жыл бойы білім беру саласында қызмет көрсетіп келе жатқан “Бостон-НС” ЖШС – мемлекеттік қазақ тілін әрі шет тілдерін оқытудан алдыңғы қатарда келе жатқан компания негізінде 2007 жылы ашылған болатын. Қазіргі таңда “Аққайнар” ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын қазақ балабақшасы ретінде тәрбие мен білім беруде, баланы жас ерекшелігіне қарай дұрыс қалыптасуына көңіл бөліп отырған педагогикалық ұжым саналады.
Еліміз егемендігін алып, халқымыз еңсесін көтеріп келе жатқан кезеңде Мұхтар Әуезовтің: “Ел боламын десең, бесігіңді түзе” деген сөзі көкейімде тұрушы еді. Қазағымыздың қаракөз балаларына халқымыздың бай салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, әжелеріміздің айтатын өсиет сөздерін, жүректеріне мейірімділік пен имандылықты, ізгілік пен адамгершілікті жеткізе алсақ еліміздің болашағына үлкен үлес қосқанымыз болар еді-ау.
“Аққайнар” балабақшасында осы ойды жүзеге асыруға байланысты бірқатар іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Ең алдымен, “Ас – адамның арқауы” демекші, баланың дұрыс жетіліп, денсаулығының сақталуына мұнда жеткілікті көңіл бөлінеді. Күніне бес мезгіл тамақ беріліп, оның құрамына ұлттық тағамдарымыз: бауырсақ, тары, талқан, құрт, қымыз енгізіліп отыр. Тағам түрлерінің барлығы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық мамандардың қолдауымен санитарлық-гигиеналық талапқа сай болғаны қатаң қадағалануда.
Білім беру департаментінің биылғы оқу жылынан бастап енгізілген жаңа мемлекеттік стандарт – “Зерек бала”, “Балбөбек” бағдарламасының жаңартылған түрі бойынша сабақ өтуде.
Тәрбиелік мәні айтарлықтай шаралар ата-аналардың ризашылығын туғызуда. Соның бірі – “Астыққа бай – алтын күз” мерекесі. Мерекенің басты мақсаты – астығы мол күз кезеңінің берекесін, байлығын балаларға көрсету, егін егіп, астығын жинаған диқаншы еңбегінің нәтижесі – нанның дастарқанға қалай келетінін көрсете білу. Осы мерекеге орай зал лайықты безендіріліп, сахна төрінде жайқалған алтын бидай мен көз қуантар жемістер мен көкөністердің суреттері ілулі тұрды.
Балалар кезек-кезек сахнаға шығып, өнер көрсетті. Кенет нәзік әннің ырғағымен залға “күз ханшайымы” да кірді. Артынан жаңғағын жиып “тиын” келді. Олар балаларға түрлі ойын ойнатып, жұмбақтар жасырды. Онысының барлығы да еліміздің, жеріміздің күз мезгіліндегі байлығын, берекесін, жомарттығын суреттеу еді. Аспазшыларымыз дастарқан үстіне ыстық нан қойып, балаларға үлбіреп тұрған бауырсақтардан дәм татқызды.
Тиын мен Күз ханшайымы ойнаған ойындар да балалардың шапшаңдығын, ептілігін, икемділігі мен жеңіске деген ұмтылысын, әдептілік пен мейірімділік сияқты адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған аса құнды іс-шара болды.
Ең қызықты көрініс жемістер мен көкөністер шеруі болған шығар деп ойлаймын. Арнайы тігілген алма, алмұрт, қызанақ, жүзім костюмдерін киген кішкентайлар ата-аналарының алдынан біртіндеп иіліп өтіп жатты. Мерекеміздің соңында Несіпбек Айтұлының сөзіне жазылған Марат Омаровтың – “Аққайнар” әні бүкіл залдың қол шапалағымен орындалды.
Елбасының ұсыныстарын жүзеге асыруда мектепке дейінгі ұйымдардағы оқу-тәрбие үдерісін жан-жақты дамытатын, істің жайын шешетін негізінен мамандар десек, бұл ретте бүгінгі таңда арнайы тәрбиеші педагогтардың тапшылығы сезіліп отырғанын айтуға тиіспіз. Балабақшалардағы балалар санының көптігі, нақтырақ айтсақ, әр топта 60-70 баладан, бір топта үш топтың баласы отырғандығы оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруға көп кедергі келтіретіні белгілі. Ал балабақшаға бүгінде туғаннан 5 жасқа дейінгі 31 мың, 2 жастан 5 жасқа дейінгі 21 мың бала кезек күтіп отыр. Қазақ халқында: “Бес жасқа дейін балаңа патшаңдай қара” деген даналық сөз бар емес пе? Ендеше, бала тәрбиесіне баса назар аудармай болмайды. Астана қаласы білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, 39 мемлекеттік балабақшада, 22 жеке меншік балабақшада 1183 маманның 63-і ғана арнаулы маман екендігі анықталған. Бұл – маман тапшылығының айқын көрінісі. Балабақшаларды қарқынды ашу жоспарланып отырғанмен, онда қызмет жасайтын мамандар мәселесі шешілмей, істің біржақты, сыңаржақ болып қалатыны белгілі. Осыған орай, Астанада осы салаға қатысты арнайы маман даярлайтын уақыт жетті. “Боллон” конвенциясына сәйкес үш сатылы: бакалавр, магистратура, Phd докторлар дайындауға байланысты педагогикалық университет ашу, мектепке дейінгі тәрбие институтын, мектепке дейінгі тәрбие ассоциациясын құру осы саладағы көкейкесті мәселені шешудің негізі болмақ.
Г.ӘЛІМБЕКОВА, “Бостон-НС” ЖШС бас директоры, “Аққайнар” балабақшасының меңгерушісі.