• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
13 Қаңтар, 2010

“Ел боламын десең, бесігіңді түзе”

10712 рет
көрсетілді

ТӘРБИЕ БАСЫ – ТАЛБЕСІК Астанамызда балабақ­ша тапшылығын сәл де болса кеміткен, жеке­меншік балабақшаның бірі, алпыс орынды “Аққайнар” балабақшасы болды. Ол Астанада 9 жыл бойы білім беру саласында қызмет көр­сетіп келе жатқан “Бос­тон-НС” ЖШС – мемлекеттік қазақ тілін әрі шет тілдерін оқытудан алдыңғы қатарда келе жатқан компания негі­зінде 2007 жылы ашылған болатын. Қазіргі таңда “Аққайнар” ағылшын тілін тереңдетіп оқыта­тын қазақ балабақшасы ретінде тәрбие мен білім беруде, баланы жас ерекшелігіне қарай дұрыс қалыптасуына көңіл бөліп отырған педагогикалық ұжым саналады. Еліміз егемендігін алып, халқымыз еңсесін көтеріп келе жатқан кезеңде Мұхтар Әуезовтің: “Ел боламын десең, бесігіңді түзе” деген сөзі көкейімде тұрушы еді. Қазағымыздың қаракөз балаларына халқымыздың бай салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, әжелеріміздің айтатын өсиет сөздерін, жүректеріне мейірімділік пен имандылықты, ізгілік пен адамгершілікті жеткізе алсақ еліміздің болашағына үлкен үлес қосқанымыз болар еді-ау. “Аққайнар” балабақшасында осы ойды жүзеге асыруға байланысты бірқатар іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Ең алдымен, “Ас – адамның арқауы” демекші, баланың дұрыс жетіліп, денсаулығының сақталуына мұнда жеткілікті көңіл бөлінеді. Күніне бес мезгіл тамақ беріліп, оның құрамына ұлттық тағамдарымыз: бауырсақ, тары, талқан, құрт, қымыз енгізіліп отыр. Тағам түрлерінің барлығы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық мамандардың қолдауымен санитарлық-гигиеналық талапқа сай болғаны қатаң қадағалануда. Білім беру департаментінің биылғы оқу жылынан бастап енгізілген жаңа мем­лекеттік стандарт – “Зерек бала”, “Бал­бөбек” бағдарламасының жаңартыл­ған түрі бойынша сабақ өтуде. Тәрбиелік мәні айтарлықтай шаралар ата-аналардың ризашылығын туғызуда. Соның бірі – “Астыққа бай – алтын күз” мерекесі. Мерекенің басты мақсаты – астығы мол күз кезеңінің берекесін, бай­лы­ғын балаларға көрсету, егін егіп, асты­ғын жинаған диқаншы еңбегінің нәтижесі – нанның дастарқанға қалай келетінін көрсете білу. Осы мерекеге орай зал ла­йық­ты безендіріліп, сахна төрінде жайқал­ған алтын бидай мен көз қуантар жеміс­тер мен көкөністердің суреттері ілулі тұрды. Балалар кезек-кезек сахнаға шығып, өнер көрсетті. Кенет нәзік әннің ырғағы­мен залға “күз ханшайымы” да кірді. Артынан жаңғағын жиып “тиын” келді. Олар балаларға түрлі ойын ойнатып, жұм­бақтар жасырды. Онысының барлығы да еліміздің, жеріміздің күз мезгіліндегі бай­лығын, берекесін, жомарттығын суреттеу еді. Аспазшыларымыз дастарқан үстіне ыстық нан қойып, балаларға үлбіреп тұрған бауырсақтардан дәм татқызды. Тиын мен Күз ханшайымы ойнаған ойындар да балалардың шапшаңдығын, епті­лігін, икемділігі мен жеңіске деген ұмтылысын, әдептілік пен мейірімділік сияқты адамгершілік қасиеттерді қалып­тастыруға бағытталған аса құнды іс-шара болды. Ең қызықты көрініс жемістер мен көкөністер шеруі болған шығар деп ойлаймын. Арнайы тігілген алма, алмұрт, қызанақ, жүзім костюмдерін киген кіш­кентайлар ата-аналарының алдынан біртіндеп иіліп өтіп жатты. Мерекеміздің соңында Несіпбек Айтұлының сөзіне жазылған Марат Омаровтың – “Аққайнар” әні бүкіл залдың қол шапалағымен орындалды. Елбасының ұсыныстарын жүзеге асыру­да мектепке дейінгі ұйымдардағы оқу-тәрбие үдерісін жан-жақты дамы­татын, істің жайын шешетін негізінен мамандар десек, бұл ретте бүгінгі таңда арнайы тәрбиеші педагогтардың тапшы­лығы сезіліп отырғанын айтуға тиіспіз. Балабақшалардағы балалар санының көп­тігі, нақтырақ айтсақ, әр топта 60-70 бала­дан, бір топта үш топтың баласы отырған­дығы оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруға көп кедергі келтіретіні белгілі. Ал балабақ­ша­ға бүгінде туғаннан 5 жасқа дейінгі 31 мың, 2 жастан 5 жасқа дейінгі 21 мың бала кезек күтіп отыр. Қазақ халқында: “Бес жасқа дейін балаңа патшаңдай қара” деген даналық сөз бар емес пе? Ендеше, бала тәрбиесіне баса назар аудармай бол­май­ды. Астана қаласы білім басқармасы­ның мәліметіне сүйенсек, 39 мемлекеттік балабақшада, 22 жеке меншік балабақша­да 1183 маманның 63-і ғана арнаулы маман екендігі анықталған. Бұл – маман тапшылығының айқын көрінісі. Балабақ­ша­ларды қарқынды ашу жоспарланып отырғанмен, онда қызмет жасайтын маман­дар мәселесі шешілмей, істің бір­жақ­ты, сыңаржақ болып қалатыны белгілі. Осыған орай, Астанада осы салаға қатыс­ты арнайы маман даярлайтын уақыт жетті. “Боллон” конвенциясына сәйкес үш саты­лы: бакалавр, магистратура, Phd док­тор­лар дайындауға байланысты педаго­ги­калық университет ашу, мектепке дейін­гі тәрбие институтын, мектепке дейінгі тәр­бие ассоциациясын құру осы саладағы көкей­кесті мәселені шешудің негізі болмақ. Г.ӘЛІМБЕКОВА, “Бостон-НС” ЖШС бас директоры, “Аққайнар” балабақшасының меңгерушісі.