Алматыда Универсиадаға қызмет ететін еріктілерді іріктеу байқауы аяқталды. Мұнда 14 мыңнан аса өтінім қаралды.
Еріктілер жинаудың бірінші кезеңі 27 қыркүйекте басталды. Өтінімдер барлығы жазбаша сауалнама түрінде және онлайн арқылы қабылданды. Осы күнге дейін барлығы 14 165 өтінім қабылданып, көпшілігі алматылықтардан келіп түсті.
Универсиада-2017 еріктісі атанғысы келетіндердің дені – ресейліктер. Олардан барлығы 3594 адам хабарласқан. Сондай-ақ, Италия, Канада, АҚШ, Қытай, Ливан, Ұлыбритания, Гонконг, Украина, Молдавия, Өзбекстан секілді алыс және таяу шет елден де келіп түсті.
Универсиадаға еріктілер тарту мақсатында 15 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Алматы қаласының 27 оқу мекемесінде еріктілер бағдарламасының таныстырылымдары өткізілді. Осының нәтижесінде аталған іс-шараларға қатысқандардың 96 пайызы Универсиада-2017 еріктісі атануға ниет білдірді.
Қазіргі таңда еріктілерді үйлестірумен айналысатын, тренингтер, дәрістер мен спорт нысандарында квестерден өткен 150 адам таңдап алынды. Қазірдің өзінде еріктілердің бір бөлігі 2017 жылы Алматы қаласында өтетін XXVIIІ Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға дайындалу және өткізуге арналған іс-шараларға, қатысуда. Еріктілермен жұмыс жүргізудің келесі кезеңінде келісімдерге қол қойылып, оларға қажетті киім-кешек берілмек. Жұмыс кезінде еріктілер тамақпен, тегін жолақымен және ұялы байланыспен қамтамасыз етіледі.
Универсиада кезінде еріктілер 30-дан аса қызмет бағытында жұмыс жасайтын болады. Олардың көпшілігі спорт жарыстарындағы жұмыстарға тартылып, сондай-ақ, кіріп-шығуды бақылау қызметі, көлік, баспасөз қызметі, медицина, Атлеттер ауылы, көрермендермен жұмыс жүргізу, мәдени іс-шаралар, қонақтарды жайғастыру, аккредиттеу, қауіпсіздік, бас ақпараттық орталық секілді жұмыс телімдерінде қызмет етпекші.
Жастар Универсиада-2017 аясындағы еріктілер бағдарламасына түрлі себептерге байланысты үлкен қызығушылық танытып отыр. Өйткені, осындай ауқымды оқиғаға атсалысудың арқасында олар шет тілі дағдыларын жақсартып, халықаралық жобада баға жетпес тәжірибе жинауға, жаңа адамдармен танысып, өзін тату команданың мүшесі ретінде сезінуге, аса әсерлі өтетін спорт сайыстарын өз көзімен тамашалауға қол жеткізбек.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ