• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
30 Желтоқсан, 2016

Өмірге құштар жан еді...

350 рет
көрсетілді

Өмірден озған адамдардың ішінде жан-дүниеңе ерекше жақын, бітім-болмысы бөлек, істеген істері ерек кісілер болады. Осыдан 40 күн бұрын жақындарын қимастықтан еңірете жылатып, естілерді есеңгіретіп өмірден озған Мешітбай Мұқан­ұлы ағамыз сондай жан еді. Ол 1946 жылы 25 мамырда бұ­рынғы Торғай облысының Жан­­гелдин ауданындағы Ұлы Жы­лан­шық өзенінің жағасындағы «Ақ мешіт» деген елді мекенде жарық дүниенің есігін ашқан. Ата-анасы Мұқан Сарыұлы мен Айшагүл Байбосынқызы мінезге бай, елге сыйлы, ағайындарымен алаламай араласқан мейірімді жан­дар болатын. Олардың мейі­рім­­ділігін, ағайын-туысқа жанашыр­лықпен қарағандарын жергілікті халық әлі күнге дейін ауыздарының суы құрып, жыр қылып айтып жүр. Шоқша сақалды, шымыр денелі Мұқан ақсақал белдескеннің жауырынын жер иіскеткен мықты па­луан болған. Ол жайында қазақтың көрнекті жазушысы, тарихшы Қ.Салғараұлы ағамыздың бір ең­бегінде жазылғаны да есте. Елдің бірлігін, ағайынның аман­дығын тілеген олар оттарының алды, суларының тұнығы Серік­бай ат­ты ұл мен Бейбіт атты қы­зын «Құ­дай­дың алдында да, адам­ның алдында да сұраусыз» деп «өмір­­ден ұрпақсыз өтеміз бе?!» деп сары уайымға салынып жүр­ген екі ағайынының бауы­рына салып беріпті. Осылай жақын туыстарына жақсылық жасап, көңілдерінің керегесін кеңге жайған Мұқан ақсақал мен Айшагүл әжеміздің ниеттеріне орай Жаратқан Иеміз оларға Мешітбай атты ұл мен Күлмай атты қыз беріпті. Мешітбай ағамыз 1953 жылы Аралбай ауылындағы Қызыл­әскер орта мектебінің табалдыры­ғын аттап, оны 1963 жылы біті­ріп шы­ғады. Еңбекке арала­сып, кеңшарда қолына трактор­дың, машинаның тізгінін ұстайды. Сөйтіп жүрген­де, құрылыс­шы­ мамандығына аңса­ры ауады. Целиноград қаласында­ғы құры­лыс шеберлерін даярлай­тын мек­тепті тәмамдап, мастер болып қыз­мет атқарады. 1972 жылы Це­­­л­и­­ноград­тағы құрылысшылар даяр­­лайтын (ЦИСИ) институтқа оқу­ға түседі. Институтта оқып жүріп, Қуаныш жеңгемізбен тағ­дырларын тоғыстырады, өмірге 5 қыз бен Алмас атты ұл келеді. Барлығына жоғары білім алу­ла­рына жағдай жасайды. Атал­мыш инс­титутты 1976 жы­лы аяқ­тап, инженер-құры­лыс­­шы ма­мандығын алып шыға­ды. Арқа­лық қаласына келіп, ком­мунал­дық кәсіпорын комбинатына, кейінірек «Құры­лыстық жөндеу» басқар­ма­сына басшылық жасайды. 1985-1987 жыл­дары Аман­тоғай ауданында жылжымалы меха­ни­­калан­дырылған колон­на­ның бас­тығы, 1987-2004 жыл­дары облыстың «Вторре­сурсы» меке­месінде директор бо­лып, елге еңбегін сіңірді. Мешіт­бай Мұ­қанұлы Қазақ­стан Рес­пуб­лика­сы Тұңғыш Президен­ті­нің сай­ла­у­ында сенімді өкілі болып, Елба­сымыздан алғыс хат алды. Ол 2005 жылы Астана қала­сы­на қоныс аударып, «Кереге» пә­тер­лер иелері кооперативінің төр­аға­сы болып сайланды. 11 жыл осы ПИК-ті басқарғанда, тұрғын­дарға эксплуатациялық қызмет көрсетудің 1 шаршы метрге шақ­қанда 25 теңге тұратын тарифін өзгертусіз қалдырады. Астана қаласының тұрғыны ретінде бұл тарифтің басқа ПИК-терде 4-5 есеге өскенінен хабарымыз бар. Мешітбай Мұқанұлының қазасына жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Оның қоғамдық белсенділігі де жұрттың есінде. Соңғы демі біткенше «Үркер» шағын ауданының «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымының жетекшісі, Астана қаласының Есіл ауданы ардагерлер ансамблінің мүшесі болды. Кенеттен келген кесел кеуде­сін қысып, ажалмен арпалы­сып жатқанда Ішкі істер министр­лігінде жұмыс істейтін жалғыз ұлы Алмасқа офицерлік подполковник шені беріліп, алғыс хат табысталыпты. Ұлының осы жетістігін көзімен көрген әке бас бармағын жоғары көтеріпті. Ауыр науқастан тілі байланып жатқан Мешітбай Мұқанұлының бұл қимылын біреулер ұлына «жарайсың» деген белгі деп ұқса, біреулер «мен түтеткен тү­тінді түзу шығарға» жорыпты. «Ша­ңы­рақ­қа ие болып қалатын, ұлдың аты ұл ғой, шіркін, қашанда» деп өлең жолдарында айтылатындай, оның көзі тірісінде түтінінің түзу шығатынына көзі жетіп, көзін жұмды. Ұл-қыздарынан өрбіген 17 немересі мен 1 шөбересін аялап отырған Мешітбай Мұқанұлы өмірге құштар жан еді.  Асқарбек БЕКТЕМІСОВ, жерлес інісі әрі әріптесі