• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Желтоқсан, 2016

Аяз ата мен Ақшақардың ауылында

467 рет
көрсетілді

«Қыс аязымен, жаз самалымен» дегендей, нағыз қыс Алтайда ғой, шіркін! Ақ қар жа­мылған алып қарағайлары мен самырсындары самсаған ну орман сырт қарағанда мүлгіп тұрғанымен, ортасына кіріп барса­ңыз, қайнаған қызу тіршілігін көрер едіңіз. Әсіресе, Алтайдың алқымын сүйіп өскен тұр­ғындар үшін бұл – бір таусылмас мерекелі мез­гіл. Омбы қарда асау үйреткен қандай, ауыз­дығымен алысқан аттарды жегіп алып, жен­тек қарды лақтыра шанамен жүйткісеңіз, ұзақ­ты күнге жалықтырмас сырғанағы ше?!. Міне, тап осы шат-шадыман көңіл күй тұмса тайгадағы «Гро­мотуха» демалыс база­сында да бар. Берісі Риддерден, әрісі Өс­ке­меннен келген бүлдіршіндер Аяз ата мен Ақшақарға қонаққа келгендей әсерде қалады. Өйткені, демалыс орта­лы­­ғының қожайындары дәл сондай аура қалып­­тас­тырып қана қоймай, өздері де ертегі кейіпкер­лерін сомдап, бала­ларға күлкі сыйлап жүр. Мәселен, «Гро­мотуха» туристік базасының иесі Сергей Третьяков Аяз ата болып, базарлық береді. Ал жары Юлия ұйымдастыру шаруаларымен шұғылданады. Бір кезекте 120 балаға дейін қа­был­дай­тын туристік орта­лықта балаларға жекеле­ген бағдар­ламалар қарастырылған. Олар сырғанақ теуіп, ойын ойнап қана қоймай, түрлі сайыстарға қаты­сады. Ең қызы­ғы, балалар Аяз ата мен Ақшақардың қоны­сын таңдана тамашалайды. Қарағайдан қиып салған үйлер сыртынан шырша бұтақ­тарымен, қызылды-жасылды баулармен, жеміс-жидектермен әсемделсе, үй ішіне кірген­нен бастап Аяз Ата мен Ақшақардың ша­па­нын, аса таяғын, арнайы қапқа салып қой­ған ойын­шықтарын, ақ қар жамылған еде­нін, мұз­дан қаланған пеші мен қырау басқан айна, үстел, жатын орны сынды жи­һаз­дарын байқайсыз. Ақшақар ба­лаларға өзінің қонысы туралы қызықты ертегілер де айтып береді. – Мен Зимовье ауылынан кел­дім. Бүгін бұрын ертегілерден оқып, теледидар­дан ғана көретін Ақ­шақардың ұйықтайтын бөлмесін көрдім. Ал Аяз ата ойыншық сыйлады, – дейді Владислав есімді бүлдіршін. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы