Бүгінгі заманның басты ерекшелігі, еліміздегі білім әлемін биікке көтеру болып тұр. Білімі мықты елдің ұрпағы білікті болып, Отанының тұтқасына айналып, тұтас әлемді зерделей алатынын – өркениетті елдердің өрелі тірлігінен көріп отырмыз. Сондай биікке көтерілу жолында Қазақ елі де өзіндік қимыл-қарекетін жасау үстінде. Ниет еткені – білім сапасын арттыру, дамыған елдердің қатарына қосылу. Бұл жолда ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай отырып, саналы түрде әр істі сараптай алсақ, ХХІ ғасыр бәсекесінде ұтылмасымыз анық.
Биыл еліміз бойынша жаңа бағдарлама қабылданды. Ол 2016-2019 жылдар ішінде білім беруді және ғылымды өрістетуге арналып отыр. Оны мүлтіксіз жүзеге асыру ісі жүргізілу үстінде. Ақиқатына келсек, тәуелсіздік жылдары білім мен ғылым саласында реформалар аз болған жоқ. Дегенмен, Елбасының тікелей қолдауының нәтижесінде үлкен жұмыстар атқарылды. Соның бірегейі «Балапан» бағдарламасының негізінде 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту екі есеге өсіп, 82 пайызды құрады. Нақтылай түссек, 2200 балабақша мен орталықтар бой көтерді. Биыл 400 мың орын үшін мемлекеттік тапсырыс бойынша арнайы қаржы бөлінді. Мәселен, 2001 жылы мектепалды дайындық 36,8 пайыз болса, қазір ол 99,7 пайызға жетіп отыр. Балаларға арналған жеке мекемелер 5 есеге артып, мемлекеттік тілде оқитындар 1748-ден 5709 бірлікке артты. Бүгінгі таңда, мектеп оқушыларының 70 пайызы қазақ сыныптарында білім алса, жоғары оқу орындарына бөлінген мемлекеттік гранттың 80 пайызы қазақ тілінің еншісіне тиді. Бұл да үлкен жетістік деуге тұрады. «Алтын белгі» иегерлері 1998 жылы 49 болса, 2016 жылы 2480-ге жетті. Бұл шынайы білім сапасының нәтижесі болса, қане.
Отанымызда қазір миллиондаған ұл мен қызға 325 мыңнан астам педагог сабақ беріп, тәрбие үйретуде. Олардың 91 пайызы жоғары білімді мұғалімдер санатынан көрініп отыр. Осы арада мына бір жағымды нәрсені айтар болсақ, ол болашақта білім ұяларындағы оқу үдерісіне Назарбаев зияткерлік мектептерінің үлгісін бірте-бірте енгізіп, білімді бағалаудың жаңа жүйесін қалыптастыру жайы еді. Шынында, оқу желісін әлемдік деңгейге көтеру ісінде Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оң өзгерістер үйренуге тұрарлық. Тек бұл әдемі істі әсірелеп жібермей, ретімен жүргізсек, ел білімінің еңсесі бүгінгіден де биіктей берері сөзсіз.
Техникалық және кәсіптік білім беру ісіне қазір ерекше көңіл аударылуда. Себебі, өндіріс саласы мен ауыл шаруашылығына қысқа мерзімде маман дайындау басты назарда. Елімізде 807 колледж болса, онда білім алатындардың саны жарты миллионға таяды. Талапкерлер үстіміздегі жылы 35,5 мыңға артқанын айтар болсақ, бұл жастардың тікелей іске ұмтылғанын көрсетеді. «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға» жобасы аясында мемлекеттік тапсырыс 30 колледжге берілген болатын. Онда 43 мамандық бойынша студенттер оқытылуда. Елбасы осыдан үш жыл бұрын дуалды оқыту мәселесін Жолдауында қадап тұрып айтқан еді. Бұл – талапкер – оқу орны – жұмыс беруші арасындағы бірлікті жетілдіруді көздейді. Қазір осы іс 1718 кәсіпорынның қатысуымен 348 колледжде жүзеге асып жатыр. Бұған қоса, Президенттің тапсырмасымен алдағы жылы колледждердегі техникалық мамандықтар тегін оқытылатынын еске сала кетейік.
Мемлекетімізде жоғары оқу орындарының саны 131-ді құраса, соның 9-ы ұлттық университеттер санатында. Онда оқитын студенттерге мемлекетіміз әр жыл сайын арнайы гранттар бөліп келеді. Дегенмен, жоғары білімнің негізін ақылы оқу құрап отырғанын бүгіп қала алмасақ керек. Ал әр жыл сайын қолдарына диплом алған жастардың жұмысқа орналасу мәселесі алдымызды орай беретіні де ақиқат.
Биылғы жылдың бір атап өтерлік жетістігі, базалық оқулықтың білім жүйесіне енгізілуі. Бұрын баламалы оқулықтарды әр білім ұясы өз қалауымен қолданып келсе, ендігі жерде оған тыйым салынды. Орта білімнің жаңартылған мазмұнына көшу жолында оқушыға ұсынған кейбір оқу құралдары, оның ішінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Әліппесін» жойып, орнына «Сауат ашу» деген оқулықты 5 жас пен 6 жастағы ұл мен қызға ұсыну халықтан түсіністік таппады. Бұл қалай деген сұрақ ата-аналардан бастап, мәртебелі мекемелерде, Парламент Мәжілісінде қозғалды. Мұны алдағы жылы ескерсек ұтылмас едік. Иә, оқулық мәселесі биыл біраз әңгімеге арқау болды. Қалай десек те, білімнің бастауы оқулық екенін ескеріп, алдағы уақытта бұл құрал кімнің тапсырысымен, қандай мекемелердің сараптауынан кейін оқушы қолына тиіп жатыр дегенді жүйелі түрде қозғап, тіпті, алқалы жиында көтерсек артық болмайды. Себебі, ұрпақ тағдырына қатысты іске немқұрайлылық жараспасы анық.
Жаңартылған білім мазмұнын жетілдіру жолындағы ізденістің бірі – мектептегі бес күндік оқу аптасы еді. Бұл жүйеге көшудің нақты уақыты белгіленді. Ол 2017 жылдан басталып, 2019 жылы аяқталуға тиіс. Сол секілді, 12 жылдық оқыту үлгісін 2019 жылдың қыркүйегінен бастау белгіленіп отыр. Бұл үшін ата-аналар 5 немесе 6 жастан даярлық бөлімдеріне беруге құқылы.
«Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі», деген Елбасы сөзі көп тіл білу мәселесін алға тартқан еді. Соған сәйкес, қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі сияқты ағылшын тілін заманауи әдіспен үйрету қолға алынғаны белгілі. Осыған орай, Білім және ғылым министрлігі қажет маман дайындауды қолға алды. Бұрыннан сабақ беріп келе жатқан ағылшын тілі мұғалімін қайта даярлау ісіне биыл 10 мың орын бөліп, қаржы қарастырды. Тілдік біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылып, ағылшын тілін білу деңгейіне қарай, 1 айдан 5 айға дейін оқыту өз шешімін табуда. Бұл уақыт аралығында мұғалімнің айлығы сақталады. 2019 жылдан бастап жоғары сыныптарда пәндерді ағылшын тілінде оқыту қолға алынбақ. Жастар әлемдік тілді білсе өзгеге есесін жібермейді деген ой дұрыс. Тек, өзге тілді білгендер өз тілін ұмытпай, ана тілінің желісінде ағылшын тілін жетік меңгерсе, нұр үстіне нұр болмақ.
2004 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Ұлттық бірыңғай тестілеуге енгізілген өзгерістер жұрттың көңілінен шығып отыр. Алдағы жылдан бастап, ҰБТ мектеп рейтингінен түсетін болады. Яғни, мұғалімдер еңбегі ҰБТ қорытындысы бойынша бағаланбайды. Өздері оқытқан пән жетістіктерінің нәтижесі ескеріледі. Енді мектеп бітіру емтиханы мен жоғары оқу орындарына түсу сынақтары жеке-жеке өтеді. Колледждерге түсу кезінде ҰБТ тапсырудың қажеті жоқ. 9 және 11-сыныптан кейін талапкерлер өздері қалаған колледждерге қабылданады. Мұнымен қатар, биыл Ұлттық бірыңғай тестіде 50 балдық көрсеткішке қол жеткізе алмаған жастар кешенді тестілеуге қатысуға мүмкіндік алды. Онда көздеген мақсатына жетсе, жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне түсуіне жол ашылды.
Балаларды білім бере отырып, демалту ісі елімізде соңғы кездері жақсы дамып отыр. Соның бір айқын дәлелі, Көкше өңіріндегі «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы дер едік. Мұны қазір еліміздегі оқушылар «Қазақ артегі» деп те атап жүр. Бұл кешендегі оқушылар демалысы жыл бойы жалғасып отырады. Онда арнайы мектеп жұмыс істейді. Сабақ кезінде демалуға келген әр оқушы білімін сол мектепте жалғастырады. Қазір бұл сауықтыру кешенінің бөлімшелері еліміздің өңірлерінен ашыла бастады. Осыдан екі жыл бұрын Маңғыстаудағы Кендірліде шаңырақ көтерсе, биыл Қапшағайда жарасым тапты. Мұның жетістігі, балалар демалысын өздеріне жақын өңірде өткізеді. Бұл ата-аналарға да қолайлы болып тұр. Біз осындай сауықтыру кешені туралы ата-аналармен, оқушылармен тілдескенде еліміздің барлық аймағында сауықтыру кешендері ашылса деген ойларын білдірді. Әр кешенде «Балдәурендегідей» мектептер жұмыс істеп жатса, ұтылмайтынын да айтады. Алдағы уақытта, тәуелсіз елдің өз артегі қалыптасып, әлемдік деңгейде жұмыс істесе, мемлекетіміздің абыройы арта берері шүбәсіз.
Бір сөзбен айтқанда, биылғы жылдың білім бағдары уақыт талабына қарай, өзекті өзгерістер жасай отырып, жаңартылған оқу жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Бұл істе басты тұлға – мұғалім деген идея алға озып, ұстаз мәртебесін көтеру жайы қарастырылуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қағаз толтыруға емес, дәрігерлерге – емдеуге, мұғалімдерге – оқытуға мүмкіндік беріңдер!» деген сөзі басшылыққа алынуда. Шындығында, білім реформасының негізгі тірегі, оны жүйелі жүзеге асыратын мұғалім десек, алдағы жылы сол мұғалімге жасалар қамқорлық жандана беруі тиіс. Сонда ғана жаңа ғасырдың жаңа ұрпағы ой-санасы биік, қарым-қабілеті ерен, алғырлығы айтулы болып қалыптасары хақ.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»