Биылғы Мешін жылы елімізге елеулі әрі есте қалатын құт-береке әкелді. Ата-бабалар аңсаған ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойы үлкен жетістіктермен атап өтілді. Жүз жылға бергісіз осы аз уақыт аясында тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың елімізді аяғынан тік тұрғызған ұлан-ғайыр ісін бүкіл әлем біліп, мойындады.
Ауызбірлігі жарасқан мызғымас достығы бар еліміз бір атаның баласындай тату-тәтті, бейбіт өмір сүріп, болашаққа нық қадам басуда. Еліміз өзінің таңдап алған сара жолы – зайырлы, құқықтық мемлекет құруда халықаралық үлгілерді басшылыққа алды. Ширек ғасыр ішінде Қазақстан әлемге тек демократиялық бағыттағы құқықтық мемлекет қана емес, сонымен қатар, баршамен терезесі тең, жоғары беделге лайық ел ретінде танылды.
Айта кететін жағдай, елімізде жүргізіліп жатқан сот-құқықтық реформалардың жемісті нәтижелері бізді жаңа белестерге бастады. Мемлекетті басқарудың саяси құралдарының қатарында биліктің дербес саласы – сот билігінің орны мен мәртебесі айрықша екенін Елбасы үнемі атап көрсетуде. Президенттің: «Қазіргі уақытта соттар басты құқық қорғаушы институт бола бастады», деген сөзі сот жүйесінің мемлекеттік және құқық қорғау органдарының ішіндегі мәртебесі мен орнын даусыз айқындап бергенінің дәлелі дер едім.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ жаңа сот жүйесінің іргетасы қаланып, сот әділдігін жүзеге асырудың барлық басты қағидаттары бекітілген еді. Соттардың тәуелсіздігі мен судьялардың мәртебесі шынайы нығайып, соның ішінде материалдық-техникалық тұрғыдағы мәселелер реттелді.
Соттар қызметінің базистік нормалары 1994 жылы жарияланған құқықтық реформа бағдарламасында өзінің айқын көрінісін тапты. Атап айтқанда, судьялардың заңдық және құқықтық мәртебесі «Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңмен бекітілді. Сол жылы арбитраждық соттар жалпы соттармен біріктірілді. Елімізде біртұтас сот жүйесі құрылып, тәуелсіз сот билігі қалыптасты.
Сот жүйесін әрі қарай жетілдірудің басым бағыты ретінде соттарды мамандандыру үлгісі таңдап алынды. 2004 жылдан бастап республиканың барлық аймақтарында ауданаралық экономикалық, әкімшілік, қылмыстық және ювеналдық соттар құрылды. Осындай игі бастамалардың нәтижесінде істерді қараудың сапасы едәуір жақсарды. Қоғам алдында сот әділдігінің салтанат құруы барынша арта түсті.
2007 жылы сот ісін алқабилердің қатысуымен жүргізудің жаңа қазақстандық үлгісі қалыптасты. Сонымен қатар, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды әрі қарай жетілдірудің кепілі ретінде 2008 жылы қамауға алу тек сот санкциясымен ғана жүзеге асырылатын болды. Соның нәтижесінде, бүгінде сотқа дейінгі қамауда отырғандардың саны 2007 жылмен салыстырғанда екі есеге кеміді.
2000 жылы Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алғашқы болып сот ісін жүргізуде ақпараттық технологияларды енгізуді қолға алды. Нәтижесінде, тәуелсіздік жылдары ішінде қоғамдық талап-тілекті көздеген заңдарымыз тиімді жұмыс істеп, әрбір азаматтың құқықтық негізде өз мүддесін қорғауға деген сенімі нығайды. Азаматтардың соттарға жүгіну көрсеткішінің жыл сайын артып отырғандығы осыған айқын дәлел. Егер 1992 жылы соттар 270 мыңға жуық істі қараса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 4 есе артып, 1,1 миллионнан астам іс қаралып, шешімін тапты.
Тағы бір атап айтар маңызды мәселе – мемлекетіміздің құқықтық жүйені ізгілендіру жолын таңдап алуы. Біздің бұл тәжірибемізге халықаралық сарапшылар құқық саласындағы алға басушылық деп жоғары баға берді.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау барысында сот жүйесін одан әрі реформалаудың жаңа, маңызды кезеңі басталды. Сот сатыларын оңтайландыру нәтижесінде сот дауларын қараудың ең жоғары мерзімі (барлық сатыларға шағымдану бойынша) орташа есеппен 8 айға дейін қысқарды.
Тәуелсіз еліміз салтанат құрған жылдар ішінде Қазақстан Судьялар одағының жеті съезі өтті. Оның айқын дәлелі ретінде Судьялар одағының кезектен тыс VII съезін биылғы жылдың айтулы шараларының бірі деп білеміз. Мемлекетіміздің одан әрі дамуының бағдаршамы болған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 29-қадамында Судьялар съезін өткізу туралы мәселе дер кезінде көтерілген маңызды шара болып, сот жүйесінің тарихына жазылды.
Съездің басты күн тәртібі «Судьялардың жаңа Әдеп кодексін қабылдау» деп белгіленсе де, съезд жұмысының барысында отандық сот жүйесінің тәуелсіздік алған жылдар ішінде жеткен жетістіктері және шешілуге тиісті міндеттері мен мақсаттары туралы кең ауқымды мәселелер талқыланды.
Съезд жұмысына Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуы және онда жасаған мазмұны терең, ой орамы тың, мәні зор баяндамасы судьялардың кезекті бұл форумының саяси құндылығын жан-жақты айқындап берді.
Осы ретте Қазақстандағы сот билігін дамытуға ұзақ жыл үздіксіз еңбек сіңіріп, сот төрелігінің беделін көтеруге сүбелі үлес қосып келе жатқан Жоғарғы сот Төрағасы Қ.Мәми өз баяндамасында сот жүйесінің өткені мен болашағы туралы жан-жақты айтып берді. Төраға бүкіл судьялар қауымы алдында Ұлт жоспарының заң үстемдігін қамтамасыз етумен байланысты саласының өз уақытында әрі тиісті деңгейде іске асырылғанын атап көрсетті. Мәселен, Жоғарғы сот Ұлт жоспары бойынша өзіне жүктелген 11 қадамның барлығын да толықтай орындап шықты.
Еліміздегі сот жүйесінің қарқынды дамуына баға берген шетелдік сарапшылардың талдауына зер салып көрейік. Олардың пайымдауынша, Қазақстанның қоғамдық өмірінде заңдар нақты жұмыс жасап жатыр. Еліміздегі әрбір азамат өздерінің мүдделерін құқықтық кеңістікте қорғай алатынына толығымен сенеді.
Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексінің «Соттардың тәуелсіздігі» индикаторы бойынша Қазақстан 68-ші орынға табан тіреп, екі съезд арасында жиырма сатыға көтерілді. 140 елдің сот жүйесі сынға түскен әлемдік рейтингте мұның жақсы көрсеткіш екеніне судьялар қауымы ерекше риза.
Қазақстандық сот жүйесінің қоғамдағы беделін Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижелері де растап берді. Нақты айтқанда, сауалдамаға жауап бергендердің 71,3 пайызы судьялар жұмысына қанағаттанушылық білдірген. Бұл – елімізде заң үстемдігін қамтамасыз етудегі маңызды көрсеткіштердің бірі деп бағамдалады.
Еуропалық одақтың Венеция комиссиясы 2015 жылы Орталық Азия елдерінің сот жүйелеріне шолу жасай отырып, біздің еліміздегі жүргізілген сот реформаларын ерекше атап көрсетіп, аймақтағы басқа мемлекеттерге үлгі ретінде ұсынуы барлық судьялардың мерейін үстем етті.
Тәуелсіз 25 жыл ішінде еліміздегі сот реформасы және сот билігінің әлемдегі өркениет талаптарына сай қалыптасып, дамығанына ел Президенті Н.Назарбаевтың: «Соттар халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жаңа тұрпаттағы сот құрылымы мен сот ісін жүргізуді қалыптастыру бойынша стратегиялық мақсатты басшылыққа алды. Бүгінде мұндай сот жүйесі қалыптасты және табысты дамуда», – деген бағасы дәлел болғандай.
Бағлан МАҚҰЛБЕКОВ,
Жоғарғы соттың судьясы