Былтыр біздің еліміз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректерінде індетке қарсы жүргізілген іс-шаралар нәтижесі бойынша ЖИТС (жүре пайда болған иммундық тапшылығының синдромы) індетінің шоғырланған кезеңіне енді. Яғни, статистикалық мәліметте әлемдік орташа деңгейдегі көрсеткіш 1,1 пайызды құраса, Қазақстандағы халықтың көрсеткіші 0,2 пайызға тең түскен. Мамандардың айтуынша, бұл салыстырмалы түрде алғанда өте жақсы көрсеткіш.
Сонымен қатар, Қазақстанда 2005-2008 жылдар аралығында антиретровирусты дәрілік заттар Жаһандық қор гранты есебінен үлестіріліп келген болса, соңғы жеті жылдан бері қайтарымсыз қаражат тоқтатылып, ондай міндетті мемлекет толығымен өзі атқаруда. Осы мақсатта ел бюджетінен қанша қаражат бөлініп, ол қалай игерілуде? Жаһандық қордан грант неге берілмейтін болды? 0,2 пайыздық көрсеткіштің «қауқары» қандай, оны қалай түсінуге болады? Көкейде жүрген осы сынды сан сауалымызды Астана қаласы
«ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығы» МКҚК-ның бас дәрігері, әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтауды ұйымдастыру бойынша жоғары санаттағы маман Сәбит АБДРАИМОВҚА қойған болатынбыз.
– Сәбит Бекмағанбетұлы, алдымен ЖИТС туралы қысқаша түсінік беріп, содан соң аталған індетке қарсы қолға алынып жатқан шаруаларыңыз туралы қысқа қайырып өтсеңіз...
– Өткен жылдың соңғы айындағы деректер бойынша, Қазақстанда 28 840 ЖИТС инфекциясының жағдайы тіркелген. Оның ішінде шетелдік азаматтар 1 788 болса, жасырын зерттелгендер саны 599 адам. Сонда қалған 26 453 жан өз отандастарымыз деген сөз. Ал Астана қаласында ағымдағы жылда 2 162 жағдай тіркелген, оның 2 038-і шет ел азаматтары. Сөйтіп, 100 мың халыққа шаққандағы көрсеткіш – 11,7 пайызға тең түскен. Енді осы адамдардың аражігін жіктесек, оның 57 пайызы ерлерге, 43 пайызы әйелдерге тиесілі де, жалпы жиынтығын алғанда дертті жандардың 87 пайызы 15 пен 49 жас аралығын құраған. Сондықтан да, аталған індетпен күрес және оған қарсы іс-шаралар тетігі мемлекеттің негізгі стратегиялық құжаттарында, әсіресе, 2050 жылғы дейінгі Қазақстан Үкіметінің даму стратегиясы мен 2016-2019 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамытудың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына енгізілген.
– Соңғы бірер ай шамасында БДСҰ жариялаған ресми деректе Қазақстанның пайыздық көрсеткіші 0,2 пайызды құрағандығын білдік. Бұл көрсеткішті қалай бағалауға болады?
– ДСҰ деректері бойынша, індетке қарсы жүргізілген іс-шаралар нәтижесі бойынша Қазақстан ЖИТС індетінің шоғырланған кезеңіне кіреді. Яғни, әлемдік деңгейдегі орташа көрсеткіш 1,1 пайыз болса, Қазақстанның жағдайы 0,2%. Бұл Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірлеріндегі орташа деңгейден бірнеше есеге төмен. Негізінен, ЖИТС-тің түйінді топтарына жататындар арасында індеттің таралуы 5%-дан аспауы осы дертті төмендету бойынша бағдарламаны жүзеге асырудың нәтижесі болып табылады. Сондықтан да, соңғы екі жылда «15-49 жас арасындағы бұқара ішіндегі ЖИТС инфекциясының таралу» көрсеткіші бойынша Бүкіләлемдік экономикалық форумның ГИК рейтингінде Қазақстанның ЖИТС инфекциясының таралуы кемінде 0,2% болатын бірінші орынға ие елдер тобына кіруіне мүмкіндік берді. Міне, осы жердегі «бірінші орын» сөзін кейбіреулер жете ұғына алмаған секілді. Себебі, бұл жерде 0,2 пайыздық көрсеткіштің төмен болуы біздің жоғары орыннан көрінуімізге сеп болады. Демек, біздің елде инфекцияның таралу белсенділігі төмен деген сөз.
– Соңғы жылдары Жаһандық қордан Қазақстанға қайтарымсыз қаражат бөлу тоқтатылып, бағдарлама аясында донорлық қызметтің де шектелу себебін қалай түсіндіресіз?
– Иә, Қазақстан соңғы екі жылдан бері халықаралық ұйым тарапынан қаржыландырылмайды. 2014 жылға дейін бұл бағдарламаларды қаржыландыру донорлық, ЖИТС-пен, туберкулезбен және безгекпен күрес бойынша Жаһандық қор есебінен жүзеге асырылып келген еді. Ал оның тоқтатылуының себебі, қазіргі Қазақстанның халық саны мен оның әлеуеті «ортадан», «жоғары елдер» санатына кіруімен тікелей байланысты. Жалпақ тілмен айтқанда, бұл жағдайымыздың жақсарып, өз мәселемізді өзіміз шеше алатын халге жеткенімізді көрсетеді. Сондықтан да донорлық көмек қысқарып, көптеген алдын алу іс-шаралары мемлекет тарапынан бөлінетін бюджеттік қаражат есебінен жүзеге асырылуда. Осылайша, Қазақстан – Орталық Азия елдері арасында ЖИТС инфекциясымен өмір сүретін пациенттер арасында тегін антиретровирусты емдеуді ұсынатын жалғыз ел ретінде танылды. Естеріңізге сала кетейін, 2005-2008 жылдар аралығында антиретровирусты дәрілік заттарды Қазақстан Жаһандық қор гранты есебінен үлестіріп келген еді. Ал 2009 жылдан бастап мұндай дәрілік заттарды сатып алуды мемлекет толығымен өзіне алды. Мәселен, денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, өткен жылы республикалық бюджеттен осы мақсатқа 3 миллиард теңге бөлінді.
– Ал енді бұл қаражат қалай игеріліп, қандай қызмет түрлері көрсетілуде?
– Жалпы, өткен кезеңге көз салсақ, ЖИТС-тің алдын алу бағытындағы әртүрлі жұмыстар үкіметтік емес ұйымдардың көмегімен жүзеге асырылған. Осы ҮЕҰ қаржыландыру соңғы жылдары мемлекеттік қаражат есебінен де орындала бастады. Ол үшін мемлекет тарапынан әлеуметтік тапсырыс аясында бюджеттік қаржыландыру қарастырылып, бүгінгі таңда елімізде бұл салада 36 ҮЕҰ қызмет көрсетуде. Олар азаматтық қауымдастықтың өкілдері ретінде алдын алу шараларын әзірлеу, жүзеге асыру, бағалау және ЖИТС инфекциясымен өмір сүретіндерді күту және оларға қолдау көрсету шараларына белсенді қатысады. Ал енді қандай қызмет көрсетіледі дегенге келсек, пациенттерге көмектің 11 түрі ұсынылады. Консультация, тестілеу, антиретровирусты терапия, туберкулезді емдеу, шприцтерді айырбастау, ақпараттық-білім беру материалдарын тарату сынды қызметтердің кешенді пакеті енгізілген. Сонымен қатар, қанатқақты облыстар деңгейінде метадонды терапияны қолдаушы бағдарлама енгізіліп, қазіргі уақытта ол Қазақстанның 10 өңірінде жұмыс істеуде. Сөйтіп, мемлекеттік тұрғыда тиянақты жүргізілген жұмыстар нәтижесінде ЖИТС-тен қайтыс болу көрсеткіші соңғы он жыл ішінде 16,1 пайыздан 9,0 пайызға дейін төмендеу үрдісі байқалды.
– Ал енді аты жаман індеттің таралуын алдын алу мен анадан балаға берілуін болдырмауға қатысты қандай жұмыстар жүргізілуде?
– ЖИТС инфекциясын жұқтырған аналардан туған балалар үшін біз көрсететін кешенді көмек қызметіміздің ажырамас бөлігі болып табылады. Мұндай шара ЖИТС-пен ауыратын жүкті әйелге ем-дом жасау арқылы дүниеге дені сау баланың тууын қамтамасыз етеді. Бұл күндері аяғы ауыр әйелдерге ЖИТС-ке қарсы екі рет тестілеу жүргізуіміздің себебі де осы. Сондай-ақ, мұндай дертке шалдыққан жаннан туған балалар тегін бейімделген сүтпен қамтамасыз етілетіндігін де атап өткім келеді. Жүзеге асырылатын осындай іс-шаралардың нәтижесінде перинаталды трансмиссияның деңгейін тоғыз жыл бұрынғы 8,4%-дан 1,9%-ға дейін төмендету мүмкіндігіне ие болдық.
– Естуімізше, соңғы он жыл көлеміндегі сіз еңбек ететін салада атқарылған елеулі шаруаның бірі мониторингілеу мен бағалаудың ұлттық жүйесінің іске қосылуы көрінеді. Осы ұлттық жүйеден ұтарымыз не, оның тиімділігі қандай?
– Біз 2005 жылы ЖИТС-пен күресті мониторингілеу мен бағалаудың ұлттық жүйесін іске қостық. Расымен де, егер соңғы онжылдықта еткен еңбегімізді екшейтін болсақ, соның ішіндегі ең елеулісі осы ұлттық жүйенің қызметке кірісуі дер едім. Өйткені, осы қызмет аясында мемлекеттік, қоғамдық, халықаралық ұйымдар арасында деректер алмасу үдерісі жүргізіледі. Сондай-ақ, Орталық Азияда алғаш рет халықаралық серіктестердің қолдауымен 2011 жылы нақты уақыт тәртібінде еліміздің кез келген өңірінде ЖИТС инфекцияның барлық тіркелген жағдайларын эпидемиологиялық, клиникалық және зертханалық деректерін жинауға, сақтауға және талдауға әрі оның таралуын бақылауға мүмкіндік беретін электронды база іске қосылды. Бұл ЖИТС инфекциясын жұқтырған адамдарға дер кезінде, толық әрі сапалы бағалау жүргізе отырып, дерттің алдын алу іс-шараларын жүргізуге және жедел шешімдер қабылдауға зор мүмкіндіктер береді.
Әңгімелескен
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»