• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Қаңтар, 2017

Мерейлі мезеттің мәресі

390 рет
көрсетілді

Табалдырығымыздан тағы бір жыл аттады. Жақсылыққа, табыс­қа толы жыл болғай деген тілек үстіндеміз.

Өткен жылға өкпе жоқ. 2016 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өттік. Еліміздің бас басылымы – «Егемен Қазақстан» газеті де Тәуел­сіз мемлекет ретінде қалып­тасу­­дың алғашқы ширегінде атқа­рылған орасан еңбекті тарих жадына сақтауға, ұрпақтар есінде мәңгі қалдыруға қалтқысыз қызмет етті. Енді санаулы күндерден кейін Алатау баурайында алауы жағы­латын қысқы Универсиада ойындары, Астана төрінде өтетін ЭКСПО-2017 көрмесі, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде қызметке  кірісуі сияқты әлемдік деңгейдегі айтулы оқиғалардың барысы  мен Алаш қозғалысының 100 жылдығы сияқты ұлт руханияты мен тарихындағы маңызды іс-шаралардың аталып өтілуі де басылым жұмысының негізгі бағдары болады. Жылды жемісті қорытындыладық. Басылымның жұмысына жаңа басқару менеджементін енгізумен қатар, газеттің бедері мен бейнесін дәстүрді сақтай отырып жетіл­діру­ді қолға алып, сәтті жүргіздік. Нәтижесінде газет бетінде арнайы айдарлар, беттер ашылып, сарапшы мамандар мінбері оқырманға жол тартты. «Егемен Қазақстанда» әлемдік тәжірибеге негізделген, колум­нист-сарапшылар мен авторлар бағаны жарық көрді. Басы­лымның мазмұндық сапасы  артып, жедел әрі сенімді ақпарат тарату талабы жолға қойылды. Міне, Елбасының мақұлдауымен, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен  газет форматына заманға сай өзгеріс енгізілді.

Қолдарыңыздағы «Егемен­нің» кезекті нөмірі еуро­палық үлгіде басылды. Бұл – әрі ықшам, оқуға, алып жүруге ыңғайлы газет форматы ретінде әлемде мойындалған, дүние жүзіне танымал The Financial Times немесе The New York Times сияқты газеттер әлдеқашаннан жарық көретін үздік формат. Басылымдағы өзгерістер «Еге­мен­­нің» шығармашылық ұжы­мына, газет басшылығына үлкен сенім мен жауапкершілік жүктейді. Біз өз тарапымыздан газеттің маз­мұнды, сапалы, оқырман үшін қызықты болып шығуына күш салатын боламыз. Осы мақсатта салиқалы сұхбаттар, салмақты сараптамалар, тұшымды тақырыптарды таразылап жазу дәстүрі жалғаса береді. Қазірдің өзінде оқырман ілтипатына бөлен­ген «Білім», «Тәлім» сияқты арнау­лы беттердің мазмұны байыты­лып, қоғамдағы мұғалім мәртебесі­нің лайықты бағасын алуға әрі қарай қызмет етеді. Газеттің «Руханият», «Әлеумет», «Спорт» сияқты тұрақты айдар­ларымен қатар қарапайым оқыр­манға етене жақын басқа да тұрмыс­тық, танымдық қосымша беттердің тұсауы кесілмекші. «Қазпошта» АҚ мәліметтері бой­ынша, еліміздің түкпір-түкпірінен 200 000-нан астам отандасымыз «Егемен Қазақстанның» тұрақты оқырманы болып отыр. Бұл – қазақ оқырмандарының тұрақты таңдауын білдіретін көрсеткіш. Біз өз тарапымыздан оқырмандарымызға ыс­тық ықыласты алғысымызды білдіре­міз. Газетке жазылып үлгермеген ағайын­ға басылымды жаздырып алу қаңтар айының 10-нан қайта баст­а­лып,  жыл бойына  тұрақты жалға­сатынын да еске саламыз. Дәстүрлі құндылықтар мен тіл, діл, рухани мәдениеттің де сабақтаса дамуы үшін халық пен баспасөз тонның ішкі бауындай бірлікте болуы бұлжымас қағида. Ал, қазақ баспасөзінің көшбасшысы саналатын «Егемен Қазақстан» газеті үшін бұл қастерлі міндеттің жүгі тіптен салмақты. Биылғы жылы да «Егемен Қазақстан» газетінің тұрақты оқыр­маны болғаныңыз үшін Сізге мың рахмет! 2017 жылдың жағымды жаңалығы мол болсын, ойлы оқырман!  

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,

«Егемен Қазақстан»