• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Қаңтар, 2017

Жылы жүздесулер

214 рет
көрсетілді

Парламентте талқыланатын, қабылданатын заңдардың өміршеңдігі депутаттардың елдің тыныс-тіршілігіне қаншалықты қанықтығына тікелей байланысты. Жұрт жағдайын жақсы білмей, бүгінгі ахуалдың тамыр бүлкілін толық сезінбей мемлекет дамуына ерекше үлес қосатын заңдарды қабылдай салуға болмайды. Сондықтан, депутаттар өңірлерге жоспарлы түрде сапарға шығып, сайлаушылармен кездесіп, оларды толғандырып жүрген мәсе­лелерді тыңдап, қажетті қо­рытынды шығарып отыра­ды. Мәжіліс депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі Сауытбек Абдрахманов жаңа жыл­дағы алғашқы жұмыс күнін Қызылорда облысынан бас­тап, аймақтағы ең шалғайда жат­қан Арал ауданына арнайы ат басын тіреді. Арал халқымен кездесуінде халық қалаулысы сөз тиегін жақында ғана «Егемен Қазақ­станда» жарияланған «Ел­басы армандаған Арал» ат­ты тағылымды мақаланы ар­­қау ете отырып бастады. С.Абдрахманов осы замандағы жаһан­дық экологиялық апат ретінде танылған Арал мәсе­лесін шешудің кілтін тапқан Пре­зидент Нұрсұлтан На­зар­баев­тың ерен еңбегін алға тар­тып, өңірде атқарылып жатқан игі істерге тоқталды. Тартылып кеткен теңіздің бұрынғы арнасына жақын­дап, балық шаруашылығының қарқынды да­ми бастағанын, экологияның жақсаруына орай мал басының анағұрлым артып, халықтың әл-ауқаты едәуір өскенін атап айтты. Мәжіліс депутаты әлемдегі жалпы ахуал, еліміздегі жағдай, Елбасының бастама­сымен қолға алынып, жүйелі түрде жүзеге асып жатқан мем­ле­кеттік бағдарламалар жайында әңгі­ме­леп, Парламенттегі заң шыға­ру­шылық жұмыстың жай-жапсары­нан жан-жақты хабардар етті. Сонымен қатар, жұртшы­лық­тың көптеген сұрақтарына жауап берді. Бір қызығы, де­пу­тат­қа сұрақтар мен ұсыныстар екі сағаттық кездесуге қатыса алмаған азаматтар тарапынан да жазбаша түсіп, қосымша ауызша айтылып жатты. Олардың бірі – Серік Әбдуәлиев: «Мен кездесуге жарты сағат ке­ші­гіп келіп, сыртта отырып мына жағдайларды жазуға к­і­рісіп кеттім» деп басталатын төрт беттік жазбасында Парламентте қозғалса, кө­те­ріл­се орынды болар еді деп санай­тын бірнеше мәселені баян еткен. Мұнан соң аудандық ба­лық­шылар мұражайы мен Ә.Нұрпейісовтің шығар­ма­шылық үйінің жұмысымен таны­сып, «Соңғы парыз» романы кейіпкерлерінің ескерткішін тамашалаған Сауытбек Абдрахманұлы Қазалы ауданына барды. Мұнда Қазалы көлік-техникалық колледжінің жұмыс барысымен танысып, Қазалы аудандық әкімдігінде сайлаушылармен жүздесті. Халық пен депутат арасындағы диалог тек саяси, экономикалық, әлеуметтік бағытта ғана өрбіп қойған жоқ. Мысалы, С.Абдрахманов Орталық комитетте мәдениет секторының меңгерушісі, Мәдениет министрінің бі­рін­ші орынбасары секілді қызметтерді атқарған кезінде қазақ әнін әлемге танытқан өнердің жарқын жұлдызы Роза Бағлановамен аралас-құралас болған. Кездесу барысында өткен күндерден де әдемі естелік айтылып, қызғылықты жайлар тартымды әңгіменің өзегіне айналды. Мәжіліс депутаты өңірге сапары барысында Қызылорда облысының барлық аудандарын аралап шығуды жоспарлап отыр. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» Қызылорда облысы