Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро тарапынан Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы елшілігінің аға бухгалтері А.Сейдуәлиев ұсталды, деп хабарлады Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның баспасөз қызметі.
А.Сейдуәлиевтің 2012 жыл мен 2015 жыл аралығында жалған кассалық шығыс ордерлерін толтыру арқылы 207 000 АҚШ доллары болатын бюджеттік қаржыны жымқырғаны анықталып отыр. Бұдан бөлек, аталған кезең аралығында А.Сейдуәлиев елшіліктің атына Беларусь Республикасының салық органдарынан қосымша құн салығы ретінде қайтарылған 474 883 АҚШ долларын қалтасына басқан. Сөйтіп, ұрланған қаржының жалпы көлемі 681 883 долларды құраған.
Қазіргі кезде А.Сейдуәлиев Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 128-бабына сәйкес Астана қаласындағы Ішкі істер департаментінің уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру үдерістері жалғасуда.
* * *
Астана қаласы бойынша Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро департаменті тарапынан Астана қаласындағы Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Р.Акчурин ұсталды, деп хабарлады осы ведомствоның баспасөз қызметі.
Р.Акчуриннің Астана қаласы әкімдігіне қарасты «Астана Тазалық» ЖШС-нің бас директоры А.Басқанбаевпен қылмыстық уағдаластыққа бара отырып, «СБС-Снаб Сервис» ЖШС мен «Install Servis Com» ЖШС-ін құрғаны және 2016 жылы көшені механикаландырылған санитарлық тазалау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жалпы сомасы 1,8 млрд теңгенің ұтысын заңсыз қамтамасыз еткені анықталып отыр. Сөйтіп, заңсыз табысқа кенелген.
Бұған қоса, Р.Акчурин өзінің бақылауындағы компаниялардың мүддесі үшін әкімдіктегі лауазымды адамдарға бірнеше мәрте пара берген.
Қазіргі кезде Р.Акчурин Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 128-бабына сәйкес Астана қаласындағы Ішкі істер департаментінің уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру үдерістері жалғасуда.