• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
06 Қаңтар, 2017

Батыр мектебінің батыр оқушысы

327 рет
көрсетілді

Бүгінде қаршадай Ғалымжанды маң­ғыстаулықтар батыр бала ретінде жақсы таниды. Қарашаның қара суығында мектептен қайтып келе жатқан ол таяу маңдағы үйден шошына айқайлаған балалардың дауысын естиді. Мән-жайды бірден түсінеді – үй өртеніп жатыр, ішінде балалар қалған болуы мүмкін. Осы оймен түтіні будақтаған үйге жүгіре жеткен Ғалымжан алдымен терезенің торын жұлып алады да, қою түтін құшағындағы үйге қойып кетеді. Үй ішінде тұншыға жылаған алты, бес және төрт жасар үш баланы алып шығып, өз үйіне алып келеді. Дереу жылы көрпемен орап, сол сәтте жұмыстан келген әкесіне өрт сөндірушілерге хабар беруін сұрайды. Дабыл түскен соң асыға жеткен өрт сөндірушілер тілсіз жау­ды ауыздықтап үлгереді. Өрт себебі – үлкендердің қарауынсыз қалған үш сәби сіріңкемен ойнап, ойнынан от шығарған екен. Екінші дүниежүзілік соғыста ерен ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Баты­ры атанған Жұмағали Қалдықараев атамыздың аты берілген мектептің 8-сыныбында оқитын Ғалымжан бұл ерлікке шырқыраған сәбилерді құтқару үшін барғанын және ол оның азаматтық борышы екенін айтады. «Батыр атындағы мектептің батыр оқушысы» дейсің осындайда ризалықпен. Төтенше жағдайлар департаментінің арнайы сыйлығын алып, төсбелгісін кеудесіне таққан Ғалымжан 2016 жылдың қорытындысында «Жыл адамы» атанып, «Жыл ерлігі» аталымы бойынша марапатталды. Жеткіншекке сыйды өз қолымен тапсырған Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев оның ерлікке толы ісін, адамгершілігі мен елжандылығын өзгелерге үлгі болуға лайық деп атап өтті. Маңғыстаулықтар Ғалымжанға риза­шылықтарын білдіріп, алғысқа толы лебіздерін арнауда. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы