Осакаров ауданында осыдан бір жарым жылдай бұрын құрғақ қымыз шығаратын зауыт ашылғаны туралы сүйіншілеп жазған едік. Осы бастаманы қолға алған «Евразия Инвест LTD» ЖШС шамалы уақыт ішінде бірталай шаруаны дөңгелетіп тастады. «Saumal» сауда маркасымен ішкі нарыққа шығарылған өнімдер өтімділігімен қуантып, оны әзірлеушілер осы күндері құрғақ қымызды экспортқа шығаруды көздеп отыр.
Былтырғы жазда Ұлттық ғылыми медициналық орталық құрғақ, яғни ұнтақ күйге түсірілген саумалдың құрамын зерттеп көрді. Ғалымдар, әсіресе, бұл өнімнің созылмалы бауыр дертімен ауыратындарға ықпалы мен қауіпсіздігіне ден қойған. Зерттеу тәжірибесіне өз келісімімен отыз адам қатыстырылыпты. Олардың әрқайсысына күн сайын екі қасық құрғақ қымыз сумен араластырылып, екі мезгіл беріліп отырған. Бір айдан кейінгі нәтиже көрсеткендей, бұл емдік шараның ешқандай кері әсері байқалмай, қайта науқастардың сырқаты жазыла бастағаны байқалыпты. Дәрігерлердің айтуынша, медицинаның жоғары жетістіктеріне қарамастан, бауыр ауруының асқынған түрлерінде оны айырбастағаннан, яғни трансплантация жасағаннан басқа амал жоқ. Дегенмен, құрғақ қымыз оған дейін біршама уақыт ұтуға көмектесе алады екен. Ақыры не керек, осы ғылыми зерттеулердің негізінде «Saumal» Кеден одағының қауіпсіздік талаптарына сәйкестік декларациясына ие болды. Яғни, бұл өнімді енді алыс-жақын шетелдерге экспорттауға да болады. «Евразия Инвест LTD» ЖШС-ның акционерлері оны бірінші кезекте көршілес Ресей мен Қытай, сонымен қатар Еуропа елдеріне шығаруды мақсат етіп отыр.
Германияда саумалды алғаш болып құрғақ күйге түсіріп, өндіріске енгізген немістің технолог ғалымы Ганс Цольман Осакаров ауданындағы зауытты салып, ашуға да ат салысты. Ол Германиядағы 400 бас бие сауып отырған «Kurgestüt Hoher Odenwald» фермасының қожайыны. Цольманмен Германияда кездейсоқ танысқан жерлесіміз Ғалымжан Мейрамбеков саумал құрғатудың пайдасына көзі жеткен соң, оны технологиясымен бірге қазақ топырағына алып келді. Еларалық бұл жобаны қолдаған «ҚазАгроҚаржы» АҚ 1 млрд теңге көлеміндегі несиені он жылға оңай берді. Бастаманы мемлекет те қолдаған соң, несиенің үстемақы пайызы, асыл тұқымды сауын биелер мен айғырлар, құрал-жабдықтар сатып алу ақысы көп жеңілдеді. Осакаров ауданындағы зауыт еуропалық жабдықпен жылына 10 тонна саумал ұнтағын шығара алады. Олай болса, біздің өңір құрғақ қымыз өндірудің әлемдегі ең ірі орталыққа айналады.
Ұнтақ саумал сақтауға ыңғайлы болуымен қатар, денсаулыққа да еш зияны жоқ. Әдетте, кез келген жануардың сүтінде жолай инфекция пайда болуы мүмкін. Ал саумалды құрғату технологиясы оның қандай да бір инфекциямен залалдануына жол бермейді. Өйткені, сауып алынысымен пастерленетін саумал бірден алюминий қалташаларға салынып, мұқият жабылады. Бітеу қалтадағы өнім айтарлықтай ұзақ сақталады екен. Қажет болғанда, бір литр суға жүз грамм саумал ұнтағын салсаңыз болды, күбіде жаңа пісіліп шыққандай қымызыңыз дайын!
Бір айта кетері, саумал ұнтағы әлдеқандай себептермен ана сүтіне жарымай жүрген бөбектер үшін де аса пайдалы көрінеді. Сүттің кез келген түрінде ақуыздың сарысулық және казеиндік деп аталатын екі түрі болады екен. Ғалымдардың айтуынша, сәби асқазаны казеиндік топты дұрыс қорыта алмайтындықтан, нәрестенің асқазан-ішек жолы қызметі бұзылып немесе аллергия белгілерінің байқалатыны содан.
Мейлінше пайдалысы – сарысулық ақуыз, ал ол сиыр сүтіне қарағанда қымызда анағұрлым көп. Ол шарананың иммунитетін арттырып, бактериялардан қорғайды. Яғни, саумал ұнтағы қазіргі уақытта тағам ретінде ғана емес, фармакология мен балалар тағамын әзірлеу бағыттарында да кеңінен қолданыла бастағанға ұқсайды. Дәл осы орайда көпшілігі жылқыны сауып та көрмеген еуропалықтар тағы да алдымызды орап кетсе, бізге қымызды ұлттық сусынымыз деп айтудың өзі мұңға айналып жүрмесін. Бізде қымызды, онда да таңдайдан дәмі кетпес табиғи бал қымызды өзендей ағызатын мүмкіндіктер мол емес пе?! Жылқы дейтін жылқысы, жер дейтін жері жоқ еуропалықтардың қолындағы жануарлар жылдың қай мезгілінде болсын байлауда тұрады екен. Ганс Цольманның фермасы небәрі 200 гектар жерді алып жатқан көрінеді. Ал Осакаров ауданындағы «Евразия Инвест LTD» ЖШС 25 мың гектар жерді жалпағынан басып отыр. Мұндағы мың жарым бас жылқы ен даланың мол отында күндіз-түні еркін жайылып жүр. Қорадағы жем-шөбі және бар. Қазақстанға келіп-кетіп жүрген Цольман біздің сауын биелерден алынған саумал құрамын әбден зерттеп, оның еуропалық баламасынан анағұрлым маңызды екенін мойындап та қойған.
Пайданың көзін білетін неміс кәсіпкері сонау қиырдан құр бекерге келіп жүрмегені белгілі. Қымызымыздың аты да, заты да басқаның қанжығасында кетпей тұрғанда, «Saumal» сауда белгісіне жол ашу керек.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ