• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
01 Ақпан, 2017

ОҚО-да Қазақстан-Түркия инвестициялық форумы басталды

159 рет
көрсетілді

Бүгін Шымкентте алғаш рет бірлескен Қазақстан-Түркия инвестициялық 3 күндік форумы басталды, деп жазады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі. Өңірімізге шетелдік инвестицияларды көптеп тартуға бағытталған шараға 200-ге жуық түркиялық делегаттар мен қазақстандық 300 кәсіпкер қатысуда. Делегаттар құрамында көш бастаған Түрік Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Омер Коджаман мен Түркия Республикасы Ұлттық экономика министрінің кеңесшісі Тарык Сонмез, Анкара қаласы мэрінің кеңесшілері Рамазан Кабасакал, Мехмед Али Арслан және Сакария провинциясының сауда-өнеркәсіп палатасының басқарма төрағасы Маһмуд Косемусул және денсаулық сақтау, экономика министрлігінің өкілдері мен кәсіпкерлер сынды жауапты тұлғалар бар. Сонымен бірге, форум жұмысына ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің инвестициялар Комитетінің Төрағасы Сапарбек Тұяқбаев және салаға қатысты жауапты жетекшілер мен кәсіпкерлер қатысуда. Форумда түркиялық инвесторларға өңір экономикасы мен инвестициялық ахуалы және инвестицияларға қатысты ҚР-ның мемлекеттік бағдарламалары таныстырлады. Сондай ақ, мұнда екі жақты іскерлік топтар арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарды жандандырып, нығайтатын іскерлік бағдарлама ретінде В2В кездесулерге басымдық берілетін болады. Оңтүстік өңіріне арнайы келген түрік кәсіпкерлеріне алғысын білдірген өңір басшысы Ж.Түймебаев бұл форумның Елбасының кешегі «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында айтылған міндеттерді орындаудағы негізгі алғышарттардың бірі екенін атап өтіп, жиынның маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, ол Түркия Қазақстанның саяси және экономикалық тұрғыдағы ең жақын және сенімді серіктесіне айналғанын айтып, бүгінгі екі жақты кездесудің жемісті боларына сенім білдірді. Ақпан айының 1-3 аралығында өтетін қазақ-түрік инвестициялық форумы аясында «ОҚО-ның инвестициялық әлеуеті» тақырыбындағы конференциядан бөлек, Оңтүстік Қазақстан облысының инвестициялық жобаларының, тауар өндірушілерінің, даму институттарының және туристік жобаларының көрмесі, сонымен қатар, ОҚО-ның негізгі туристік бағыттары бойынша ақпараттық турлар өткізу жоспарлануда. Нақтырақ айтқанда, 2 ақпан күні «Көрме» орталығында 80-нен астам отандық тауар өндірушілері мен туризм саласының, ОҚО даму институттары мен өңірдегі инвестициялық жобалардың бірлескен көрмесі түрік кәсіпкерлерінің назарына ұсынылып, туристік саладағы B2B форматында екіжақты кездесулер өтеді. Ал 3 ақпанда түрік делегаттары «Шымкент-Отырар-Түркістан» туристік бағыты бойынша жолға шығып, тарихи жерлерге саяхаттайды деп жоспарлануда.