• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Ақпан, 2017

Ж.Түймебаев Универсиададан алтын алған оңтүстік спортшыларын құттықтады

138 рет
көрсетілді

Алматы қаласындағы 28-ші қысқы универсиадада қазақстандық фристайлшылар  аралас командалық акробатикадан  Жанбота Алдабергенова  мен Бағлан Іңкәрбек алтыннан алқа тақты. Қос жерлесіміз суперфинал ойынында екі қытайлық команданы артқа тастап, ел қоржынына алтын медаль салды.  Олар екі талпыныстан кейін, 167. 05 көрсеткішімен қытайлық спортшыларды шаң қаптырып кетті. Бұл жеңіс Оңтүстік Қазақстан спорты тарихында елеулі оқиғаға баланып отыр. Өйткені  қысы жып-жылы, қар сирек жауатын Оңтүстік Қазақстан облысынан дүниежүзілік қысқы универсиадада 3 бірдей жерлесіміз жүлдегер атанды. Алтыннан алқа таққан жерлестерімізді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы құттықтап, жылы лебізін білдірді. «Қысқы Универсиада Қазақстан үшін сәтті басталды. Жарыстың алғашқы күнінде-ақ фристайлдың акробатика түрі бойынша сынға түскен Жібек Арапбаева  Қазақстан қоржынына күміс салса, Жанбота Алдабергенова қола медаль еншіледі. Бұл тарихи жетістікке бүкіл Алаш халқы мен Оңтүстік жұрты да ерекше қуанды. Міне, араға екі күн салып, екі қаракөзіміз командалық есепте алтыннан алқа тағып отыр. Жеңісті жемісті күндеріміз көп болсын. Спортшыларымызға алдағы сындарда сәттілік серік болғай», - деді Жансейіт Қансейітұлы. 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиадаға 1700-ден астам спортшы мен 1 000-ға тарта ресми өкіл қатысып жатыр. Жүлде үшін әлемнің 578 университетінің спортшылары бақ сынауда.  Айта кетейік, Алматыда өтіп жатқан Универсиадада   Қазақстан қоржыны екі алтын, екі күміс және 4 қола медальмен толықты.