• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
02 Ақпан, 2017

Арнапты туған елге бар асылын

610 рет
көрсетілді

Белгілі ақын, жазушы Баянғали Әлімжанов жақында жарық көрген 12 томдық шығармалар жинағын «Кітапты сыйға тарту» акциясы аясында Ұлттық академиялық кітапханаға тарту етті. Бұл күнде Баянғали Әлімжанов деген белгілі есімге қосақталар қосымша анықтауыш-толықтауыш жетіп-артылады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қырғызстанның А.Малдыбаев атындағы халықаралық сыйлығының лауреаты. Айтулы ақын, шебер прозашы әрі дарынды драматург. Ол аз десеңіз, жыршы, жырау, термеші. Манасшы. Киногер. Осы­нау жан-жақты дарын иесі, жампоз қалам­гердің шығармалар жинағының 12 томы жарық көріп, оқырманға жол тартып, кітапханаларға таратылып, әдебиет сүйгіш қауымға көзайым етілуде. Баянғали ақын бір өлеңінде: «Аңсаған адамдардың жарасымын, Арнаған туған елге бар асылын, Қиялы көп болғанмен, зияны жоқ, Қазақтың мен де ақкөңіл баласымын!» деп жырлайтыны бар. Мына толымды томдарды шолып қарап отырып, сол айтқандай, арда азамат өз шығармашылығында да жан-жүрегінің бар асылын туған еліне арнап тарту еткенін байқағандаймыз. Олай болса, толайым томдардағы маржан мүкәммалды сүйіншілеп айта кетейік. Бірінші кітабына поэзиялық туындылары – әр жылдары жазылған  таңдаулы лирикалық өлеңдері, толғаулары мен эпикалық жырлары және поэмалары топтастырылыпты. Сөз зергерінің өміршең өлеңдері мен поэмалары оқырманның жан сарайын жадыратып, туған елдің бар ажар-көркі шапақ атқан жазира жайлауға тап болғандай күй кештіреді. Екінші томға бірқатары  облыс­тық, республикалық  театрлар сахнасында қойылып, талғамы биік көрерменнің ыстық ықыласына, қошеметіне бөленген, өнер­танушылар тарапынан да жоғары бағаға ие болған таңдаулы пьесалары жинақ­талған екен. Шуағы да, қуаты да бар, өмір-тіршіліктен түйгені көп, тілі түсінікті әрі құнарлы туындылар өмірдің өзіндей сыр шертеді. Үшінші кітапқа қай жанрда қалам тербесе де өзіндік қолтаңбасы мен оқшау мәнері айқын аңғарылып тұратын қаламгер­дің прозалық туындылары кіріпті. Автор шығармаларында өмір шындығын, қоғам бейнесін шынайы әрі көркем кестелейді, күлдіре отырып күрсіндіреді һәм ойландырады. Төртінші томдағы «Қорасан қарақшының қолмергені» – қазақ поэзиясындағы ең үлкен поэмалардың бірі. Ол тың тақырыпты қозғайды – жаңылысып түрмеге түскен арманшыл жастың қасіретті тағдыры жайлы толғайды, адамдардың басынан өткен сан алуан, өзгеше трагедиялық жағдайларды суреттейді. Бұл кітапқа сонымен бірге «Қазақ көші», «Қыз намысы» поэмаларымен қатар, «Өтірік поэма», «Атланттан атпен өт­кен аталарым» атты әзіл поэма және кейінгі уақытта жазылған өлеңдері мен ән өлеңдері жинақталған. Баянғали шығармаларының бесінші томына жазушының пьесалары мен сахнаға арналған туындылары енсе, «Алаш пен Манас» аталған алтыншы томда біздің дос айтыскер ақын ретінде көрініпті. Бір айтарлығы, кітапқа енген айтыстардың басым көпшілігі магнитофон таспасына жазылған күйінде қағазға өзгеріссіз түсірі­ліп, өңдеусіз жарияланып отыр. Сөйтіп, суырыпсалма өнердің табиғаты дәл сақталған. Осы сияқты, жетінші том да айтыс шашуларынан, толғаулар мен арнаулардан және Баянғалидің «Деген екендерінен» тұрады, қызғылықты оқылады.  Баянғалидің шығармалар жинағының сегізінші томын балаларға арналған өлеңдері мен әңгімелері, пьесалары құрайды. Бұл өлеңдер, әсіресе, «Әліппе өлең» мен «Әліппе-жаңылтпаш» республикалық, облыстық басылымдарда, фейсбукте жарияланып, көпшілік ата-аналар мен мұғалімдердің ризашылығына бөленіп, бүлдіршіндерге түсінікті, жеңіл әрі қызықты, мазмұнды дүниелер ретінде жоғары бағаға ие болған. Тоғызыншы томға бұрынғы кітап­тарын­да жарияланбаған киноповестері мен ертеректе жазылған әңгімелері жинақ­тал­са, оныншы томның ерекшелігі сол, он­да жампоз қаламгердің орыс тілінде жазған шығармаларымен танысамыз. Бұл да Баянғали талантының өзгеше бір қырын танытса керек. «Туған жер – тұнған аңызым» тақыры­бымен топталған он бірінші томнан әдеби мақалаларын, естеліктері мен лебіздерді оқимыз. Сондай-ақ, бала күнінде туған жерінде, ел аузынан естіген аңыз әңгімелері, көз көрген ескінің адамдары туралы, өт­кен заман мен бүгінгі өмірдің қилы-қилы оқиғалары жайлы қызықты, тартымды жазбалары жинақталыпты. Ал соңғы он екінші томнан сан қыр­лы дарын иесінің орыс тілді басылымдарға берген сұхбаттарын, ақынның шығарма­шы­лығы туралы қазақ және орыс тілін­дегі мақалаларды, зерттеулер мен лебіздерді, қызықты деректерді көріп көзайым боламыз. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»